БастыSmall Caps
Бөлісу

АҚШ пен Еуропада дрон өндірушілерінің акциялары шарықтап тұр

Алдияр Ануарбеков

Алдияр Ануарбеков

аналитик
АҚШ пен Еуропада дрон өндірушілерінің акциялары шарықтап тұр

Соңғы жылдары АҚШ үкіметі дрон индустриясын белсенді қолдап келеді. Дональд Трамп әкімшілігі кезінде Пентагон бюджеті бірнеше мәрте артты, арнайы бағдарламалар іске қосылды, экспорттық шектеулер жеңілдетілді. Мысалы, Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде 2020 жылы Вашингтон халықаралық ережелерді (MTCR) қайта қарап, одақтастарына ірі соққы дрондарын еркінірек экспорттауға рұқсат берді. Ал 2025 жылы Трамп тестілеуді жеделдетуге, ішкі өндірісті ұлғайтуға және америкалық дрондардың экспортын ілгерілетуге бағытталған жаңа жарлықтарға қол қойды.

АҚШ дрон нарығы әлі де ең ірі болып қалуда. 2024 жылы оның көлемі $11,4 млрд деп бағаланса, market.us дерегінше 2034 жылға қарай $31,1 млрд-қа жетуі мүмкін. Бұл кезең ішіндегі жылдық орташа өсім қарқыны (CAGR) — 10,5%. Ал Еуропа нарығы 2024 жылы $4,5 млрд деңгейінде бағаланды, бірақ Market Data Forecast болжамынша 2033 жылға қарай $32,3 млрд-қа дейін өседі. Бұл — жылдық 24,5% қарқынды өсім, көбіне субсидиялар мен қытайлық дрондарды алмастырудың арқасында.

2025 жылғы шілдеде жарияланған АҚШ-тың 2026 қаржы жылына арналған федералдық бюджет жобасында (1 қазан 2025 жылы басталады) Қорғаныс министрлігі алғаш рет «автономды жүйелер мен дрондар» санатын жеке шығыс бабы ретінде енгізді — $13,4 млрд көлемінде. Оның ішінде $9,4 млрд тек дрондар мен қашықтан басқарылатын ұшқышсыз аппараттарды сатып алуға бағытталған. Бұл сериялық сатып алуларға көшу мен дрон, сенсор, бағдарламалық қамтамасыз ету және платформалар жеткізушілеріне арналған келісімшарттар ауқымын кеңейтуді білдіреді.

Еуропада да қолдау шаралары бар — оны Еуропалық қорғаныс қоры (European Defence Fund) қамтамасыз етеді. 2025 жылдың мамырында Еурокомиссия дрондардан бастап оларға қарсы жүйелерге (C-UAS) дейін 62 жобаға €910 млн бөлді. Бұл жергілікті өндірушілердің нарықтағы орнын нығайтады.

Талдаушы Алдияр Ануарбеков АҚШ пен Еуропадан орта және шағын капитализациялы үш жария компанияны таңдап, олардың инвесторлар үшін мүмкіндіктерін бағалады.

Kratos Defense & Security Solutions

Kratos Defense — жаңа буын соғыс дрондары нарығындағы пионер. Қазір компанияның нарықтық капитализациясы шамамен $11,7 млрд, ал акцияларының бағасы жыл басынан бері шамамен 162%-ға өсті. Бұған «серіктес қанаттас» (loyal wingman) концепциясына қызығушылық әсер етті — бұл пилотпен бірге жұмыс істейтін дрондар.

Kratos бұрын әскери оқу-жаттығуларда қолданылатын реактивті нысана-дрондарымен танымал. АҚШ ӘТК (ВМФ) осындай дрондарды жаттығуларында пайдаланады. Компанияның негізгі өсу драйверіне соққы дрондары — тәжірибелік XQ-58A Valkyrie және оның алдындағы UTAP-22 Mako жобалары айналды. 2023 жылы АҚШ теңіз жаяу әскерлері (USMC) алғашқы Valkyrie дрондарын сынақтан өткізді. Қазір оларды ресми сатып алу бағдарламасына енгізді, бұл толыққанды өндіріске көшуді білдіреді. BTIG бағалауынша USMC жылына шамамен 30 дрон тапсырыс беруі мүмкін, әрқайсысының бағасы $7,5 млн болса, Kratos-қа жылына қосымша $225 млн табыс әкеледі.

2025 жылдың екінші тоқсанында Kratos-тың табысы 17%-ға өсіп, $351,5 млн болды. Бір акцияға шаққандағы түзетілген пайда (EPS) $0,11-ді құрады ($0,14 өткен жылы). Компания жылдық болжамын жақсартты. Енді табысы $1,29–$1,31 млрд, EBITDA $114–$120 млн болады деп күтеді. Тапсырыс портфелі тоқсан соңында $1,4 млрд-қа жетті. Дегенмен, EBITDA 5%-ға төмендеп, $28,3 млн болды, маржа — 8,1% (былтыр ~10%). Бұған 2020–2021 жылдары жасалған келісімшарттардың инфляция әсерінен шығындарының өсуі себеп.

Kratos масштаб әсерінен, жаңа маржасы жоғары бағдарламаларды іске қосу арқылы көрсеткіштерін жақсарта алады. Бірақ ұзақ мемлекеттік сатып алу циклдары мен ірі қорғаныс мердігерлерімен бәсекелестік өсімді тежеп, тиімділікті шектеуі мүмкін.

Уолл-стриттің пікірі соңғы 12 айда Kratos акцияларының P/E коэффициенті 434 болды — бұл төмен пайдаға байланысты. Инвесторлар компанияның болашақ бағдарламалардағы жетістігіне үміт артып отыр. BTIG 6 маусымда Neutral рейтингін сақтап қалды. MarketWatch-тың дерегінше 17 талдаушының 14-і сатып алуға кеңес береді.

AeroVironment

AeroVironment — АҚШ-тағы шағын дрондар мен барраждаушы оқ-дәрілер өндірушісі. Бұрын оның портативті дрондары АҚШ армиясы жаяу әскерінің стандартты жабдығы болса, қазір компания жаһандық нарыққа белсенді шықты. 2025 жылдың басынан бері акциялары ~63%-ға қымбаттады, нарықтық капитализациясы $12,5 млрд.

Негізгі өнімдері: соққы жасайтын Switchblade «камикадзе-дрондары» және шағын барлау аппараттары — RQ-20 Puma AE, Raven, Wasp. 2022 жылы Украинаға кемінде 700 Switchblade 300 жеткізілді. Switchblade 600 танкілерді де жоя алады және 2023 жылдан бері қолданыста. 2024 жылы компания $1 млрд сомасына LASSO бағдарламасы бойынша армияға Switchblade жеткізудің басты мердігері атанды.

2025 қаржы жылы AeroVironment үшін рекордтық болды. Жылдық табыс 14%-ға өсіп, $821 млн-ға жетті, төртінші тоқсанда — 40%-ға. Switchblade сатылымы 87%-ға артты. EBITDA 178%-ға өсіп, $61,6 млн болды (маржа 22,4%), EPS — $1,61 ($0,44 өткен жылы). Тапсырыс портфелі $1,5 млрд-қа жетті.

2025 жылы AeroVironment BlueHalo компаниясын сатып алды, ол ғарыштық байланыс, дронға қарсы лазерлік жүйелер және радиоэлектрондық күреске маманданған. Соның арқасында 2026 жылғы болжамды табыс $1,9–$2 млрд-қа, EBITDA $300–$320 млн-ға (маржа 16%) жетті.

Уолл-стрит пікірі: William Blair компанияға Outperform, Jefferies — Buy рейтингісін берді. MarketWatch-тың дерегінше 12 талдаушының бәрі сатып алуға кеңес береді.

Parrot SA

Францияның Parrot SA — бұрын тұтынушылық квадрокоптерлерімен танылған, қазір кәсіби дрондар өндірушісіне айналған компания. Нарықтық капитализациясы шамамен €250 млн, акциялары 2025 жылы 190%-ға өсті.

Parrot — қытайлық өндірушілерге балама саналатын барлау және қауіпсіздік дрондарының ерекше бағыттағы жеткізушісі. Негізгі өнімі — Anafi USA квадрокоптері, ол АҚШ әскери талаптарына сай жасалған және Blue sUAS бағдарламасына енгізілген.

2024 жылы табысы 20%-ға өсіп, €78 млн болды, 2025 жылдың бірінші жартысында — 10%-ға (€33,6 млн). Компания әлі шығынға ұшырап отыр, себебі жаңа өнімдерді (Anafi UKR, Chuck 3.0 AI) шығаруға және айналым капиталын арттыруға көп жұмсайды.

Parrot-тың өсу драйверлері — жаңа дрондар мен Pix4D бағдарламасы, әсіресе АҚШ, Ұлыбритания және Жапония нарықтарында. ЕС және НАТО қытай дрондарын алмастыруға көшкендіктен, Parrot мемлекеттік тапсырыстар мен қорғаныс жобаларына қатысып жатыр.

Уолл-стрит пікірі: акциялар раллиі негізінен күтулермен байланысты. Компанияның шығыны болса да, сирек еуропалық дрон өндіруші ретіндегі мәртебесі оған әлеует береді. MarketWatch-тың дерегінше оны тек бір аналитик бақылап отыр, оның кеңесі — «ұстай тұру».

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары