БастыSmall Caps
Бөлісу

Small-cap ETF соңғы 5 жылдағы ең ірі қаражат кетуін бастан кешті

Алдияр Ануарбеков

Алдияр Ануарбеков

аналитик
Small-cap ETF соңғы 5 жылдағы ең ірі қаражат кетуін бастан кешті

2025 жылдың жазында small-cap секторы қайтадан инвесторлардың назарын аударды. Бірақ бұл жолы себеп — өсу емес. Refinitiv Lipper деректеріне сәйкес, 4 тамыздағы жағдай бойынша жыл басынан бері АҚШ-тың шағын капитализациялы қорларынан $94,7 млрд шығарылған. Тек шілде айының өзінде-ақ $47,3 млрд-тық қаражат кетуі тіркелді. Бұл — соңғы 5 жылдағы ең ірі айлық көрсеткіш. Бұл сома 2025 жылдың екінші тоқсанындағы жалпы кетуден де көп. Ол кезде көрсеткіш $30,3 млрд болып, 2020 жылдан бергі ең жоғары тоқсандық мәнге жеткен.

Жекелеген өсу толқындарына қарамастан, small-cap әлі де ірі компаниялардан артта қалып отыр. Жылдың алғашқы жеті айында S&P 500 шамамен 6,5% өскенде, Russell 2000 шамамен 1%-ға төмендеді.

Өсуден — жаппай сатылымға

Инвесторлар шағын акциялардың жоғары тәуекеліне үйренген. Сондықтан тоқыраудың алғашқы белгілерінде-ақ сектордан шығып кетуге дайын. Маусым айының басында Russell 2000 айлық өсімі 5,4% болып, уақытша S&P 500-ден озды. Алайда бұл қысқа мерзімді серпіліс жаппай сатылымға ұласты. Қаражат кетуі басталып, индекс қайтадан негізгі қолдау деңгейлерінен төмен түсті.

Wolfe Research-тің шілде айындағы есебінде Russell 2000 құрамында циклдық секторлар — өнеркәсіп пен қаржы — қорғаныс секторларынан (коммуналдық қызметтер мен күнделікті тұтыну тауарлары) оза бастағаны айтылды. Cyclical/Defensive Ratio индикаторы жергілікті шыңдарға тән деңгейге жетті де, кері бұрылды. Бұл раллидің уақытша тоқтауын білдіруі мүмкін.

Дегенмен ұзақмерзімді өсу тренді сақталып отыр. Бұл — инвестор қызығушылығының уақытша консервативті активтерге ауысуы ғана.

Неге Russell 2000 қымбат көрінеді

1 тамыздағы дерек бойынша Russell 2000 болжамды P/E көрсеткіші 32,5-ке жеткен. S&P 500-де бұл мультипликатор — 24,8, ал табысты шағын компаниялар индексі S&P 600-де — 17,47. Жоғары болжамды P/E инвесторларды шошытады. Бірақ қазір Russell 2000 өсімінің едәуір бөлігі — таза пайдасы бар, тұрақты еркін ақша ағынына ие нишалық, аз танымал компаниялардың үлесінде.

Russell 2000 мультипликаторының мұншалықты жоғары болуы оның құрылымына байланысты. Bank of America Global Research дерегінше, индекстегі компаниялардың шамамен 35%-ы табыс таппайды. Бұл жалпы пайданы жасанды түрде азайтып, P/E көрсеткішін жоғарылатады. BofA Global Research есептеуінше, бұл шығынды компанияларды алып тастағанда болжамды P/E 15,5-ке дейін төмендейді7 Бұл айырмашылықтың себебі айқын: Russell 2000 — барлық шағын компанияларды қамтиды. Ал S&P 600 көбіне табысты бизнестерден тұрады (шығынды үлесі — 10%-дан аз).

Макроклимат: ФРЖ мөлшерлемесі, баж салығы және ЖІӨ

CME FedWatch дерегіне сәйкес, трейдерлердің 95%-ы қыркүйектегі отырыста ФРЖ мөлшерлемесі 25 базистік пунктке төмендеп, 4–4,25% деңгейінде болады деп күтеді. Қалқымалы мөлшерлемемен қарызын қайта қаржыландыратын small-cap үшін бұл — қарыз жүктемесінің азаюы және операциялық маржаға қолдау. 7 тамызда күшіне енетін жаңа сауда ережелері АҚШ-тың орташа импорттық бажын 18,3%-ға дейін көтереді. Бұл — 1934 жылдан бергі ең жоғары деңгей. Салдары — жартылай өткізгіштер мен бірқатар тұтыну тауарлары импорты қымбаттайды. Бұл шағын өндірушілер мен бөлшек саудагерлердің шығынын арттырады. Дегенмен инвесторлар әзірге бұл жаңалықтарды елемей отыр. Barron’s атап өткендей, олар әсер уақытша болады және экономика жаңа жағдайға тез бейімделеді деп сенеді.

Алайда баяулау белгілері көріне бастады. Шілдеде қызмет көрсету саласының іскерлік белсенділік индексі (ISM Services PMI) 50,1-ге түсті. Өндірістік емес сектордағы жұмыспен қамту индексі — 46,4. Бұл еңбек нарығының әлсірегенін көрсетеді. Өндірістік PMI да 48-ге дейін төмендеді. Бұл баяулау әсіресе сұраныс төмендеуіне сезімтал шағын компанияларға ауыр тиеді. ФРЖ саясатының жұмсаруы және инвесторлардың оптимизміне қарамастан, әлсіз макродеректер small-cap өсімін тежей алады. Jefferies есебінде айтылғандай, алдыңғы төрт мөлшерлеме төмендету циклының әрқайсысында нарықта «режим ауысуы» болды.

S&P 500 Equal Weight Index (мұнда шағын капитализациялы компаниялардың үлесі көбірек) классикалық S&P 500-ден озып шыққан. Jefferies келесі ФРЖ шешімінен кейін осындай ротация басталуы мүмкін деп болжайды.

Инвестициялық идеялар: small-cap ішінде әлеуеті бар үш сектор

Негативті сигналдарға қарамастан, small-cap ұзақ мерзімде инвестор үмітін ақтайды. Ағымдағы Russell 2000 мультипликаторлары алдағы он жылда орташа жылдық табыстылықты шамамен 9% деңгейінде болжайды. Russell 1000 (ірі капитализациялар) үшін бұл көрсеткіш — жылына шамамен 1%. Бұл — BofA Global Research-тің 14 шілдедегі есебіндегі дерек.

Small-cap — біртұтас құрылым емес. Russell 2000 құрамында сапасы мен әлеуеті әртүрлі секторлар бар. Сандық рейтинг бойынша көшбасшылар — қаржы секторы, күнделікті тұтыну тауарлары (Consumer Staples) және коммуналдық қызметтер (Utilities). Ал денсаулық сақтау (Health Care) мен энергетика (Energy) соңғы қатарда. Қаржы секторы қалыпты бағамен қатар, сарапшылардың оң болжамдарына ие. Consumer Staples пен Utilities тұрақты ақша ағыны және жоғары дивидендтік табыстылықпен тартымды. Ал елеулі дисконттарға қарамастан, денсаулық сақтау секторы жоғары тәуекел мен белгісіздік аймағында қалып отыр. Small-cap ішіндегі басты құндылық — табысты, нишалық, тұрақты бизнес-моделі бар және қарызы аз компаниялар.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары