БастыЖаңалықтарSmall Caps
Бөлісу

Jefferies: Бигтехтен смолкаптарға ауысу басталуы мүмкін

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Jefferies: Бигтехтен смолкаптарға ауысу басталуы мүмкін

АҚШ-тың қор нарығы парадигмалық ауысу табалдырығында тұр. Инвесторлар ірі технологиялық компаниялардан қаражаттарын шығарып, нарықтың арзан сегменттеріне — шағын компаниялар мен құнды акцияларға бағыттай бастайды. Бұл сценарийдің катализаторы ретінде АҚШ-тың Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемені төмендетуі қарастырылуда. Мұндай капиталдың айналымы бұған дейінгі мөлшерлеме төмендеу циклдарында да байқалған және қазіргі жағдайда да қайталануы мүмкін, деп ескертті Jefferies инвестициялық банкі.

Егжей-тегжейлі

«Біз технологиялық секторда айтарлықтай құлдырау немесе жаппай сату болатынын айтып отырған жоқпыз, бірақ ФРЖ-ның «көгершіндік» позициясы (яғни, жұмсақ ақша-несие саясаты) қор нарығының режимінің ауысуына себеп болуы әбден мүмкін — бұл нарық жалпы өсіп жатса да, құлдырап жатса да орын алуы ықтимал», — деп жазады Bloomberg агенттігі Jefferies банкінің акциялар нарығы бойынша аға вице-президенті Эндрю Гринбаумның аналитикалық жазбасына сілтеме жасап. — «Егер жұма күні жарияланған еңбек нарығы бойынша статистика бір нәрсені білдірсе, ол — ірі технологиялық компаниялардың акцияларынан шығатын уақыт келгенін меңзейді».

Гринбаумның айтуынша бұл тактикалық емес, стратегиялық ұзақмерзімді көзқарасқа негізделген, себебі құнды акциялар мен шағын капитализациялы компаниялардың бағалы қағаздары бірнеше жыл бойы жоғары табыстылық көрсете алады. 1990 жылдан бергі статистика ФРЖ мөлшерлемені төмендету кезеңдерінде барлық компаниялар тең салмақпен ұсынылған индекстің капитализацияға негізделген стандартты S&P 500 индексінен тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсеткенін растайды, — дейді Jefferies сарапшысы.

Шағын капитализациялы акцияларды қолдайтын тағы бір аргумент — олардың бағасы арзанырақ және алыпсатарлық компонент аз. S&P 500 индексіндегі ең қымбат 10% акциялар қазір 36 жылдық табыс деңгейінде саудалануда, ал ең арзандары — тек 10 жылдық табысына тең бағамен. Гринбаум бұл айырмашылықтың өте сирек болатынын айтады: 2009 жылдан бері мұндай немесе бұдан да үлкен алшақтық тек 13% жағдайда ғана тіркелген. «Танымал технологиялық акцияларда құлдырау тәуекелі көбірек екені рас», — деп түйіндеді ол.

Басқа сарапшылар не дейді

Jefferies ұстанымын BCA Research те қолдады: 75 жылдық тарихы бар бұл инвесткомпания 4 тамызда технологиялық акциялардың рейтингін «бейтарап» деңгейге дейін төмендетіп, пайда фиксациясын бастады. «Күшті өсуден кейін «жеңімпаздарды» қысқартып, төмендеу тәуекелдерінен қорғанатын уақыт келді», — деп жазды клиенттеріне BCA Research-тің АҚШ акциялары бойынша бас стратегы Айрин Танкл. Оның айтуынша, қазіргі бағаға идеал сценарий енгізілген, сондықтан кез келген жағымсыз жаңалық бұл акцияларға «ассиметриялық» соққы беруі мүмкін.

Контекст

Әзірге 2025 жыл технологиялық сектор акцияларының үстемдігімен ерекшеленуде. S&P 500 құрамындағы ақпараттық технологиялар секторы қаңтардан бері жасанды интеллектке қатысты дүрлігудің нәтижесінде 13% өсті, ал жалпы S&P 500 индексі 7,6% ғана, ал барлық компаниялар тең салмақта ұсынылған индекс небәрі 4,9% өсті, деп жазады Bloomberg.

Агенттіктің мәліметінше нарық ФРЖ-ның қыркүйек отырысында мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендету ықтималдығын 95% деп бағалап отыр. Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтарына дейін тағы үш мәрте төмендету сценарийі акция бағаларына іс жүзінде толық енгізілген.

Bank of America 4 тамызда ФРЖ мөлшерлемесінің тез төмендеуі туралы күтілімдер асыра сілтенгенін ескертті: жұмыс орындарының аздап қысқарғанына қарамастан, еңбек нарығы әлі де тұрақты, жұмыссыздық деңгейі төмен, ал тұтынушылық шығындар артып жатыр. Сонымен қатар, инфляция жоғары деңгейде қалуда, ал импорттық баж салықтары баға қысымын күшейтуі мүмкін. BofA аналитиктерінің пікірінше, инвесторлар «рецессия мен стагфляцияны шатастырып отыр», сондықтан пайыздық мөлшерлеме, олардың болжамынша, 2026 жылға дейін өзгеріссіз қалуы мүмкін, деп хабарлайды Marketwatch.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары