АҚШ пен Ресей Мәскеудегі келіссөздерде Украинаға қатысты ортақ келісімге келе алмады

Ресей мен АҚШ делегациялары Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу жоспары бойынша келісімге келе алмады. АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілдерімен Ресей президенті Владимир Путиннің бес сағаттық кездесуі аяқталған соң, Мәскеу бірқатар мәселелер бойынша келіспеушіліктер бар екенін мәлімдеді.
Егжей-тегжейлі
«Әзірге ортақ, екі жаққа да қолайлы нұсқа табылған жоқ», — деді Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков келіссөздерден кейін. Оның айтуынша «АҚШ ұсынған кейбір идеялар жалпы алғанда қабылдауға болатын сияқты, бірақ оларды әлі де талқылау керек».
«Бізге ұсынылған кейбір тұжырымдар бізге сәйкес келмейді. Сондықтан жұмыс әрі қарай жалғасады», — деді Ушаков. Оның айтуынша бұл бағыттағы ілгерілеу Трамп пен Путиннің мүмкін болатын кездесуіне әсер етеді.
Бұдан әрі не болады
2 желтоқсанда Кремльдегі келіссөздер шамамен бес сағатқа созылды. Ресей тарапынан Путин, оның көмекшісі Юрий Ушаков және арнайы өкіл Кирилл Дмитриев қатысты. АҚШ тарапынан — президенттің арнайы өкілі Стивен Уиткофф және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер келді.
Axios басылымының деректеріне сүйенсек, Уиткофф пен Кушнер Мәскеуден кейін Еуропаға ұшып, онда Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп, Путинмен өткен әңгіменің мазмұнын жеткізеді.
NBC News арнасы аты аталмаған ресейлік шенеунікке сілтеме жасап, Мәскеу ешқандай жағдайда берілмейтін «үш негізгі талап» бар екенін хабарлады. Дереккөздің айтуынша, Ресей:
— Донбастың бүкіл аумағын өз бақылауына беруді;
— Украина қарулы күштерінің санын шектеуді;
— АҚШ пен Еуропаның аннексияланған аумақтарды Ресейдің бөлігі ретінде ресми тануын талап етеді.
Арна бұл талаптардың Украина басшылығы үшін де «қызыл сызық» екенін атап өтеді. Кремль «кейбір қосалқы мәселелер бойынша» — мысалы, Ресейдің бұғатталған активтері секілді тақырыптарда — белгілі бір икемділік танытуға дайын екенін де хабарлайды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 2 желтоқсанда Fox News арнасына берген сұхбатында негізгі келіспеушілік Донбассқа қатысты екенін айтты, өйткені оның белгілі бөлігі Киевтің бақылауында. «Біздің мақсат — украиндардың неге келісім бере алатынын анықтау және олардың болашақ қауіпсіздігіне кепілдік беретін шешім табу. Біз осы бағытта белгілі бір прогреске жеттік деп ойлаймын», — деді Рубио. Оның айтуынша АҚШ ықтимал компромисс Украинаға «экономикасын қалпына келтіріп қана қоймай, ел ретінде өркендеуіне» мүмкіндік береді деп үміттенеді.








