Украина облигациялары мен Шығыс Еуропа валюталары бейбіт үдеріс аясында қымбаттады

АҚШ валютасында номинацияланған Украина мемлекеттік облигациялары бейбіт реттеу жөніндегі прогресс белгілерінің фонында ақпаннан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді, деп жазады Bloomberg. 2029 жылы өтелетін бондтар долларына 3 центке қымбаттап, 72 центтен жоғары бағамен саудаланып жатыр. 2035 жылғы өтеу мерзімі бар қағаздар және соған жақын шығарылымдар да 24 қарашада дамушы нарықтардың қарыз құралдары ішінде өсу бойынша көшбасшылардың бірі болды.
Шығыс Еуропа валюталары да нығайды: венгр форинті, польшалық злотый және чех кронасы еуроға қатысты шамамен 0,2% қосты, деп хабарлайды агенттік. Будапешт пен Прага биржалары да өсім көрсетті.
Сонымен қатар, бейбіт жоспарды талқылау аясында Goldman Sachs Group-тың қорғаныс компаниялары индексі қазан айындағы шегіне қарағанда шамамен 24% төмендеді, деп жазады Bloomberg. Қарулы техника өндіруші неміс Rheinmetall AG акциялары 24 қарашада бір сәтте шамамен 5% құлдырады.
Бұл инвестор үшін нені білдіреді?
Bloomberg мәліметінше, кез келген бейбіт реттеуге қатысты белгі пайда болса, инвесторлар Украина активтерін және көрші елдердің активтерін сатып алады. Қызығушылық артып жатыр, бірақ бұл ретте АҚШ әзірлеген, мысалы, Украинаның НАТО-ға кірмеуін және аумақтық келісімдерге баруын қамтитын соғысты аяқтау жоспары әзірге Киев пен Брюссельдің қарсылығына тап болды.
Өткен демалыста Украина мен АҚШ келіссөз топтары «жаңартылған және нақтыланған бейбіт құжаттың негізін» дайындады, деп хабарлады Владимир Зеленскийдің аға кеңесшілерінің бірі. Агенттіктің дерегінше, Киев Дональд Трамп қолдаған ұсыныста өзіне тиімдірек шарттарға қол жеткізуге тырысып отыр.
«Біз мұндай жағдайды бірнеше рет көрдік, бірақ санкциялар қысымы Ресейді әдеттегіден сәл көбірек бейбіт келісімге ынталандырып жатқан сияқты. Украина бойынша бейбіт келісімнің ықтималдығы валюталар динамикасынан көріне бастады, — деп жазды ING Bank стратегі Крис Тернер.
Amati Global Investors портфель басқарушысы Грэм Бенке де нарықтың көзқарасы өзгергенін айтады. «Кейбір инвесторлар Трамп әкімшілігінің қадамдарынан кейін қақтығыс алдағы бірнеше айда реттеледі дегенге көбірек сеніп отыр», — деп жазды ол. Алайда оның айтуынша, «қақтығыстың өзі және АҚШ-тың НАТО-ға қатысты ұстанымының өзгеруі Еуропаның қорғаныс шығындарына деген көзқарасын өзгертті. Бұл үрдіс қақтығыс аяқталса да өзгермейді».
Өткен аптада JPMorgan аналитигі Дэвид Перри еуропалық қорғаныс компаниялары акцияларының сатылымы «негізсіз болды және секторға кіруге жақсы мүмкіндік береді» деген пікір айтты.








