JPMorgan Еуропа қорғаныс акцияларын сатуды асығыстық деп санайды

Соңғы бір айда шамамен 10%-ға арзандаған еуропалық қорғаныс компанияларының акцияларын жаппай сату «негізсіз әрі секторға кіру үшін жақсы мүмкіндік» деп бағалайды JPMorgan сарапшысы Дэвид Перри. Бұл пікірін MarketWatch жариялады.
Бұл мәлімдеме 19 қараша күні — сектордағы акциялар тағы да құлдырағаннан кейін айтылды. Бұған Axios, Financial Times, The Wall Street Journal және Politico ақпарат көздерінің АҚШ пен Ресей арасында Украинаға қатысты жаңа бейбіт жоспар талқыланып жатқаны туралы хабарлары себеп болды.
JPMorgan неге сенімді?
Перридің айтуынша, бұл жоспар іске аспаса да, іске асса да, Еуропа қорғаныс секторы ұтады.
Бір жағынан, жоспардың егжей-тегжейі Украина үшін жарамайды. Тек Киев өз ұстанымын түбегейлі өзгертсе ғана ол қабылдануы мүмкін. Демек, қақтығыстың аяқталуы әлі алыс, дейді JPMorgan.
Ал екінші жағынан, егер келісім іске асып кетсе (бұл екіталай), онда ол негізінен Ресейдің жеңісі ретінде қабылданады. Бұл жағдайда Еуропа елдері қорғаныс шығындарын тіпті арттыра түседі, дейді сарапшы.
Перри өз жазбасында Financial Times мақаласына сілтеме жасайды. Онда Украина да, басқа еуропалық елдер де бұл бейбіт ұсыныстарды әзірлеуге қатыспағаны айтылған. JPMorgan сарапшысының пікірінше, Украина өз бақылауындағы аумақтардан бас тартып, негізгі қару түрлерін беріп, армия санын екі есе қысқартуға келісе қоймас. Ал FT жазған жоспар дәл осы талаптарды қамтиды. Басылым АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Зеленскийді осы шарттарды қабылдауға көндіруге тырысты деп жазған. Bloomberg дерегінше, Зеленский АҚШ тарапынан ұсынысты қабылдауы керек деген белгі алған. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл жоспарды қолдап отыр, дейді анонимді америкалық шенеунік.
Перридің болжауынша, соғыс кемінде 2026 жылға дейін жалғасады. Бұл қорытындыға ол қорғаныс саласындағы сарапшылармен және саяси байланыстарымен сөйлескеннен кейін келген. Сарапшы Еуропаға АҚШ-тың қолдауына тәуелді болмау үшін әскери әлеуетін шұғыл арттыру керек деп санайды.
Контекст
MarketWatch мәліметіне сәйкес, еуропалық қорғаныс компаниялары акцияларының 19 қарашадағы төмендеуі Rheinmetall сияқты ірі өндірушілердің оң болжамдарына қарамастан болды. Неміс концерні 2024 жылғы €9,8 млрд табыс көлемімен салыстырғанда, 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті бес есеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл Еуропада қарулану мен қорғанысқа сұраныстың тұрақты түрде өсіп жатқанын көрсетеді.








