АҚШ- та инфляция күтпеген жерден баяулады
АҚШ-тағы жалпы тұтыну бағаларының индексі (CPI) наурыз айында 0,1%-ға төмендеді, ал негізгі инфляция көрсеткіші (Core CPI) 2021 жылдан бері ең төменгі деңгейге жетті

Наурыз айындағы АҚШ инфляциясы туралы есеп күтпегендей жұмсақ болды. Бензин бағасының төмендеуі және басқа тауарлар мен қызметтердің қалыпты өсімі жалпы (CPI) және негізгі тұтыну бағаларының индексін (Core CPI) төмендетті. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің жаңа сауда тарифтерін енгізуі алдында орын алды. Есеп жарияланғаннан кейін облигация бағасы өсіп, олардың табыстылығы төмендеді, ал акциялар нарығы керісінше, алдыңғы күнгі раллиден кейін түзетулер енгізе бастады. Сарапшылардың айтуынша нарықтағы соңғы оқиғаларға байланысты бұл есептер өзектілігін жоғалтты және экономика туралы толық көрініс бере алмайды.
Толығырақ:
— Тұтыну бағаларының индексі (CPI), АҚШ экономикасындағы тауарлар мен қызметтердің жалпы құнының көрсеткішітнаурызда 0,1%-ға төмендеді. Bloomberg сауалнама жүргізген 67 экономистің ешқайсысы мұндай төмендеуді күтпеген болатын. Жалпы болжам CPI-дің 0,3%-ға өсуін меңзеген еді.
— Жылдық көрсеткіш бойынша инфляция наурызда 2,4%-ды құрады, ақпандағы 2,8%-ға қарағанда төмен.
— Негізгі инфляция (Core CPI, азық-түлік пен энергия бағасын қоспағанда) ай сайын 0,1%-ға өсіп, жылдық көрсеткіш бойынша 2,8%-ға жетті. Бұл 2021 жылдың наурызынан бергі ең төменгі деңгей, деп хабарлайды Bloomberg.
— Бензин бағасы ай сайын 6,3%-ға төмендеді, ал энергия индексі (Energy index) 2,4%-ға азайды.
— Ұшақ билеттерінің бағасы 5,3%-ға, автосақтандыру бағасы 0,8%-ға, дәрі-дәрмектер бағасы 2%-ға төмендеді.
— Наурызда жалдау құнының айлық өсуі 0,2%-ды, ал жылдық көрсеткіші 4%-ды құрады. Бұл 2021 жылдың соңынан бергі ең төменгі көрсеткіш, деп жазады Bloomberg.
Сарапшылар не дейді?
Наурыз айындағы CPI Трамп әкімшілігі енгізген негізгі сауда тарифтері күшіне енгенге дейінгі деректерді көрсетеді, деп атап өтті Bloomberg. Соның ішінде Қытайдан экспортталатын тауарларға салынған жоғары тарифтер енгізілгенге дейінгі жағдайды көрсетеді. Осыған қарамастан бұл есеп кейбір оптимизм ұялатты, өйткені импорттық тарифтер өскенге дейінгі бағаның өсу қарқынының тұрақталғанын көрсетті, деп жазады агенттік.
Сауда тарифтерінің сипаты көптеген экономистерді инфляцияның айтарлықтай өсуін күтуге мәжбүр етті. Бірақ қазір Трамп көптеген сауда серіктестері үшін тарифтерді 90 күнге кейінге қалдырып, келіссөздер бастағаннан кейін, бұл күтілімдер әлсірей түсті, деп хабарлайды CNBC.
«Бүгінгі инфляция деректері күткеннен төмен болды, бірақ олар соңғы күндердегі сауда саясатын өзгертуден кейін кешігіп келген ақпарат ретінде қабылдануда», - деп мәлімдеді CNBC-ге Goldman Sachs Asset Management компаниясындағы қарыз құралдары бөлімінің тең басшысы Кей Хейг. «Алдағы уақытта ФРЖ күрделі таңдау алдында тұруы мүмкін: тарифтердің әсерінен бағаның өсуі инфляциялық деректерге ықпал ете бастағанда, экономикалық белсенділік төмен деңгейде қалуы мүмкін», - деп толықтырды ол.
Наурыз айындағы инфляция деректері «соңғы сауда саясатының өзгерістерін ескерсек, ескірген болып көрінеді», - деді Wells Fargo компаниясының аға экономисі Сара Хаус Reuters агенттігіне. Ол сондай-ақ «сауда ортасының өзгеруі баға қалыптасуына әсер ете бастағанын» атап өтті.
Нарық қалай әрекет етті?
Есеп жарияланғаннан кейін S&P 500 индексіне арналған фьючерстер 1,7%-ға төмендеп, алдыңғы сессиядағы күрт өсуді ішінара жойды, деп атап өтті Bloomberg. Екі жылдық мемлекеттік облигациялардың кірістілігі 11 базистік пунктке төмендеп, 3,85%-ды құрады, деп хабарлады CNBC.
Бірақ негізгі сауда-саттық кезінде S&P 500 индексі 6%-ға құлдырады. Бұл АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының күшеюі, яғни әлемдегі ең ірі екі экономика арасындағы қақтығыс, жаһандық экономикалық өсімге ұзақ мерзімді зиян келтіруі мүмкін деген алаңдаушылықтардан туындады, деп жазады Bloomberg. АҚШ президентінің әкімшілігі соңғы өсімнен кейін Қытайдан импортталатын тауарларға салынатын тарифтер 145%-ды құрайтынын мәлімдеді.








