АҚШ-та шетелдіктерге арналған «кек салығына» алаңдаушылық асыра бағаланған — Barclays

Дональд Трамптың бюджет заң жобасындағы «дискриминациялық» салық саясатын ұстанатын елдерден келген жекелеген азаматтар мен компанияларға салықты көтеру мүмкіндігін қарастыратын бөлім АҚШ-тың облигация және акция нарығын тұрақсыздандыра қоймайды, деп есептейді Barclays сарапшысы. Дегенмен, Уолл-стрит өкілдері жаңа заң шетелдік инвесторларды шошытып, капиталдың сыртқа кетуіне түрткі болуы мүмкін деп алаңдайды. Бұл – АҚШ қор нарығы үшін аса қолайсыз кезеңде орын алуы мүкін.
Егжей-тегжейлі
«899-бөлім шетелдік инвесторлар үшін америкалық бағалы қағаздарды жарамсыз етпеуі немесе АҚШ-тың акция мен облигация нарығында елеулі іркілістерге себеп болмауы тиіс», — деп жазды Bloomberg агенттігі келтірген жазбасында Barclays-тің мемлекеттік реттеу мәселелері жөніндегі сарапшысы Майкл Маклин.
Сарапшының айтуынша, қосымша алымдар шетелдік инвесторлардың америкалық мемлекеттік немесе корпоративтік бондардан алатын пайыздық кірісі мен капитал өсіміне әсер етпейді. Ол Трамп заң жобасындағы 899-бөлімге қаржы саласында «кек салығы» (revenge tax) деген бейресми атау берілгенін атап өтті және бұл бөлім табыс көзі бойынша салық төлемей-ақ пайыз алуына мүмкіндік беретін портфельдік инвестицияларға қатысты қолданылып жүрген ерекшелікті жоймайды.
Дегенмен, Маклин ескерткендей, жаңа норма шетелдік корпорациялардың АҚШ-тағы бөлімшелеріне салық жүктемесін айтарлықтай арттыруы мүмкін. Сарапшының пікірінше, «кек салығы» Трамптың келісілген «үлкен әрі әдемі» заң жобасының соңғы нұсқасына енгізілуі әбден мүмкін. Сонымен қатар, Сенат бұл тармаққа техникалық түзетулер енгізіп, оның күшіне енуін 2027 жылға шегеруі мүмкін, деп есептейді Barclays сарапшысы.
Контекст
«Кек салығы» деп аталатын Трамптың бюджет жөніндегі заң жобасының 899-бөлімі Өкілдер палатасынан өтіп, қазір Сенатта қаралуда. Бұл бөлім АҚШ үкіметі «дискриминациялық» салық саясатын жүргізіп отыр деп есептейтін елдерден келген шетелдік компаниялар мен инвесторлар үшін америкалық активтерден түсетін кіріске — яғни дивидендтерге, пайыздық кіріске, роялтиге және пайдаға — салынатын салық мөлшерлемесін арттыруды көздейді. Алдымен салық 5 пайыздық пунктке көтеріледі, кейін жыл сайын дәл осынша мөлшерге ұлғайып отырады. Бұл өсім заңмен белгіленген негізгі мөлшерлемеден 20 пайыздық пунктке жоғары шекке жеткенге дейін жалғасады.
Мәтінде нақты елдер аталып көрсетілмесе де, бұған Канада, Ұлыбритания және Франция секілді мемлекеттер меңзеледі. Бұл елдерде Meta мен Amazon секілді жаһандық IT-алыптардың табысына бағытталған цифрлық салықтар қолданылады. Сондай-ақ, Еуроодақ елдері, Жапония, Оңтүстік Корея және Аустралия секілді жаһандық минималды салықты енгізген мемлекеттер де осы қатарға кіреді, деп жазады Bloomberg.
Ақ үй бұл салықты америкалық компанияларға әділеттілік орнату үшін қажет деп санайды, деп жазады Bloomberg. Конгресс жанындағы Бірлескен салық комитетінің деректеріне сәйкес, бұл шара он жыл ішінде федералды бюджетке $116 млрд түсім әкелуі мүмкін. Алайда Уолл-стрит өкілдері бұл салық шетелдік инвесторларды үркітіп, капиталдың сыртқа кетуін күшейтеді деп алаңдаулы. Оның үстіне, инвесторлардың АҚШ нарығына деген сенімі Трамп әкімшілігінің сауда саясаты аясында әлсірей түскен, деп жазады Bloomberg. Дегенмен, сарапшылардың көбі шетелдік резидент еместерге берілетін қолданыстағы салықтық жеңілдіктер сақталады деп болжайды. Бірақ олар бұл ерекшелікті 899-бөлімнің өзінде нақты әрі айқын жазып көрсету қажет екенін, сонымен қатар жаңа салықтың шетелдік орталық банктерге қолданылатын-қолданылмайтыны да анықталуы тиіс екенін айтады.








