АҚШ-та үкімет жұмысы тоқтағаннан кейін алғаш ашылған сауда күнінде акциялар құлдырад

АҚШ үкіметі жұмысының тоқтаған алғашқы күні елдің жетекші қор индекстері 1 қазандағы сауда ашылуында төмендеді. Әкімшіліктің тоқтауы нарық үшін күтпеген жағдай емес, бірақ оның қанша уақытқа созылатыны негізгі сұраққа айналып отыр. Freedom сарапшысы бұл жағдайды ұзақ мерзімді көздейтін инвесторлар үшін мүмкіндік деп бағалады.
Деректер
— Негізгі америкалық S&P 500 индексі 1 қазанда сауда ашылғаннан кейін шамамен 0,3% төмендеді. 30 қыркүйектегі сауда сессиясын ол 0,4% өсіммен жапқан еді.
— «Көгілдір фишкалар» индексі Dow Jones шамамен 0,11% жоғалтты. Бір күн бұрын ол шамамен 0,2% өскен.
— Технологиялық сектордың Nasdaq Composite индексі 0,4% түсті, ал сейсенбі күнгі сауда қорытындысында 0,3% өскен болатын.
— Шағын капиталдандырылған компаниялардың Russell 2000 индексі шамамен 0,2% төмендеді.
Контекст
АҚШ-тың шығыс уақытымен 1 қазан түн жарымынан бастап федералдық ведомстволардың басым бөлігінің жұмысы бюджетті келісудегі кідіріс салдарынан тоқтатылды. «Өмірлік маңызды» мекемелер ғана жұмысын жалғастырады. Ақ үйдің Әкімшілік-бюджет басқармасы (OMB) шатдаун жоспарын іске асыруды бастау туралы меморандум жіберді. Оның директоры Рассел Воут тоқтаудың қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз екенін айтты.
Қазіргі тоқтау әуе тасымалынан бастап макростатистикалық деректерді жариялау кестесіне дейін бәріне әсер етеді, деп жазады Reuters. 1981 жылдан бері АҚШ-та 14 рет шатдаун болды, ең ұзақ дағдарыс 2018 жылы орын алды: Мексика шекарасындағы қабырғаға қаржыландыру жөніндегі дауға байланысты үкімет бес апта жұмыс істемеді. Ол кезде шатдаун ішінара болды: конгресс кейбір құрылымдарға қаржыландыруды бекіткен, деп атап өтті CNN.
«Тарихи тұрғыдан мұндай жағдайлар айтарлықтай түзетулерге әкелмегенімен, қазіргі эпизод нарық тарапынан салыстырмалы түрде тәуекелі жоғарырақ ретінде қабылдануда. Бұған ұзақ үзіліс қаупі және негізгі макродеректердің, ең алдымен қыркүйектегі еңбек нарығы есебінің кешігуі ықпал етіп отыр», — деді Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламов. Оның пікірінше, шатдаун «ұсақ-түйек құбылмалылықтың» қысқа мерзімді өсуін тудырып, «лонг-позицияларды ұлғайтуға» мүмкіндік ашады.








