АҚШ-тағы сақтандыру компанияларының акциялары Medicare төлемінің артуынан шарықтады
Негізінен пайдаға Humana, UnitedHealth және CVS кенеледі

8 сәуірдегі саудада АҚШ-тың ірі сақтандыру компанияларының акциялары күрт өсті. Бұған мемлекеттік Medicare Advantage бағдарламасы бойынша сақтандырушыларға төленетін өтемақылардың артуы себеп болды. Бұл жаңалықты инвесторлар ерекше жылы қабылдады, себебі бұл өткен жылмен салыстырғанда сала үшін айтарлықтай жаңа серпіліс.
Нақтырақ
8 сәуірде Humana компаниясының акциялары 10,5%-ға, CVS Health — 8,5%-ға, UnitedHealth Group — 6,7%-ға қымбаттады. Elevance пен Centene акциялары да тиісінше 4% және 4,5%-ға көтерілді.
MarketWatch дерегінше АҚШ үкіметі Medicare Advantage аясында 2026 жылдан бастап сақтандырушыларға бір пациент үшін төлемді орта есеппен 5,06%-ға арттырмақ. Бұл нарықтағы күткен 2,23%-дан әлдеқайда жоғары. Mizuho сарапшысы Энн Хайнстың айтуынша бұл шешім инвесторлар күтпеген жағымды жаңалық болды.
Не себепті маңызды
Хайнс Medicare Advantage бағдарламасынан ең көп пайда көретін компаниялар — Humana, UnitedHealth және CVS екенін атап өтті. Humana-да клиенттердің 38%-ы және табыстың 80%-ы осы бағдарламаға тиесілі. UnitedHealth үшін бұл көрсеткіштер – сәйкесінше 15% және 30%, ал CVS — 16% және 19%.
«Соңғы үш жылда Medicare Advantage-ке қатысты реттеу қиын болып келді. Дональд Трамптың президенттікке келуімен бұл бағдарлама үшін жағдай өзгеруі мүмкін», — деді Хайнс. Оның айтуынша, алдыңғы әкімшілік кезінде төлем мөлшері Medicare Advantage-тің танымалдылығына сай болмаған, бұл акцияларға қысым түсірді.
KeyBanc Capital Markets сарапшысы Мэттью Гиллмор да бұл өзгерісті оң бағалады: «Медициналық қызмет құны жоғары күйінде қалса да бұдан былай Medicare Advantage бағдарламасының табыстылығы артады». Оның пікірінше бағдарлама жаңа өсу кезеңіне енді.
CVS жаңалықтары және акция бағасына әсері
Сейсенбіде CVS компаниясы жылдық қаржылық болжамына қол жеткізуге сенімді екенін хабарлады. Сонымен қатар компания жаңа қаржы директоры етіп Брайан Ньюманды тағайындады. MarketWatch жазуынша CVS акциялары 2024 жылдың басынан бері 42%-ға қымбаттап, S&P 500 индексіндегі ең жылдам өсіп жатқан активке айналды.
Сарапшылар не дейді
Humana акциялары 2024 жылдың басынан бері 11,5%-ға өсті. MarketWatch деректеріне сүйенсек 27 сарапшының 19-ы бұл қағаздарды «ұстауға кеңес береді» (Hold), жетеуі — «сатып алуға», біреуі ғана «сатуға» кеңес берген.
CVS Health қағаздарына қатысты көзқарас оң: 29 аналитиктің 19-ы сатып алуға кеңес берсе, 10-ы ұстауды ұсынады. UnitedHealth Group қағаздарын 31 аналитик бақылауда ұстайды, олардың тек біреуі сатуға кеңес берген, қалғандарының бәрі сатып алуға шақырады. Компания акциялары жыл басынан бері 10%-ға қымбаттады.








