АҚШ Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің кездесу күнін растады

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин 30 қазанда Оңтүстік Кореяда өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық (АТЭС) саммиті аясында екіжақты кездесу өткізеді, деп хабарлады Ақ үй. Бұл Трамптың билікке екінші рет оралғаннан кейінгі алғашқы жеке кездесуі болмақ. Соңғы рет олар 2019 жылы жүздескен.
Bloomberg дерегінше, әлемнің екі ірі экономикасының басшылары арасындағы бұл кездесу сауда соғысында шиеленісті азайтуға үміт береді. Бұған дейін жағдай ушығып, Трамп кездесу өтпей қалуы мүмкін екенін айтқан еді. Себебі Қытай билігі өнеркәсіп үшін маңызды сирек металдардың экспортын шектеу туралы шешім қабылдаған. Бұған жауап ретінде Ақ үй 1 қарашадан бастап Қытай импортына қосымша 100 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеген.
Қазір АҚШ пен Қытай арасында уақытша сауда бітімі күшінде. Бірақ ол 10 қарашада аяқталады. Егер тараптар оны ұзартпаса, өзара тауарларға бұрынғыдай жоғары мөлшерлемелі баж салығын қайта енгізуі мүмкін.
Кездесудің расталғаны туралы жаңалықтан кейін америкалық негізгі қор индекстері өсе түсті. 23 қазандағы саудада S&P 500 индексі 0,6 пайызға, ал технологиялық Nasdaq Composite шамамен 1 пайызға көтерілді.








