АҚШ Венесуэла жағалауында мұнай танкерін ұстады. Мұнай бағасы қымбаттады

АҚШ Венесуэла жағалауында санкцияға ілінген мұнай танкерін ұстады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп хабарлады. «Сіздер, мүмкін, естіген шығарсыздар — біз жақында Венесуэла жағалауында бір танкерді ұстадық. Үлкен танкер. Өте үлкен. Ұсталған танкерлер арасындағы ең ірісі», — деді Трамп Ақ үйде сөйлеген сөзінде. «Тағы да басқа оқиғалар болып жатыр», — деп қосты ол (Bloomberg дерегі бойынша).
Танкердің ұсталғаны жайлы бұған дейін Reuters пен Bloomberg агенттіктері хабарлаған. Bloomberg-тің Ақ үйдегі дереккөзі АҚШ мемлекеттік туы жоқ кемеге қатысты құқық қорғау шараларын жүргізгенін айтқан. Бұл кеменің соңғы аялдаған порты Венесуэла болған. Венесуэланың мұнай-газ саласындағы ұлттық компаниясы PDVSA мен елдің мұнай және ақпарат министрліктері агенттіктің пікір беру өтінішіне жауап бермеген.
Танкердің ұсталғаны туралы жаңалықтан кейін мұнай бағасы өсе бастады. Бұған дейінгі сауда кезінде баға теріс аймақта болған. Жарияланған сәтте Brent және WTI маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы 1 пайыздан астам өсті. Бұл оқиға Венесуэланың мұнай экспортын едәуір қиындата алады. Себебі мұндай жағдайлардан кейін мұнай тасымалдаушылар венесуэлалық мұнайды тиеуге құлықсыз болуы мүмкін, деп жазады Bloomberg. Қараша айында Венесуэла күніне 900 мың баррельден астам мұнай экспорттаған. Бұл туралы Reuters хабарлады. Венесуэланың мұнайы көбіне Қытайға жөнелтіледі — делдалдар арқылы және санкция тәуекелдеріне байланысты үлкен жеңілдіктермен.
Танкердің ұсталуы АҚШ пен Венесуэла арасындағы шиеленістің күшейгенін де көрсетеді, деп жазады Bloomberg. «Бұл – нақты эскалация: қаржылық санкциялардан тікелей ұстап алуға көшті. Бұл Каракас пен мұнай экспорттауға көмектесіп жатқан барлық тараптар үшін жағдайды қиындатады», — деді агенттікке Rystad Energy компаниясының геосаяси сарапшысы Хорхе Леон. «Мұндай әрекеттер нарықтағы бағаның геосаяси төмен шегін қалыптастырады: егер мәселе кеме қатынасы мен елдер арасындағы шиеленіске тірелсе, тіпті аз ғана жеткізілімдердің өзі нарықтағы көңіл-күйді өзгерте алады».
Соңғы айларда АҚШ Венесуэлаға қысымды күшейтті. Трамп әкімшілігі елді заңсыз есірткі айналымымен күрес аясында нысанаға алған. Олар бұл әрекеттердің артында Венесуэла президенті Николас Мадуроның режимі тұр деп есептейді. Бұған дейін Трамп Венесуэла жағалауына ірі әскери топты жіберген. Сонымен қатар ол бірнеше рет Венесуэлада құрлық операциясы болуы мүмкін екенін меңзеген. Ол «Мадуроның күні санаулы» деп мәлімдеген.
Мадуро үкіметі АҚШ-тың бұл әрекеттерін елдің мұнай қорын иемденуге бағытталған әрекет деп сипаттаған. Мадуро бұған дейін венесуэлалықтарды «қажет болса, елді қорғау үшін жан қиюға дайын болуға» шақырған.








