Alphabet, Robinhood және Baidu: үшінші тоқсанда Кэти Вудтың портфелі қалай өзгерді

Үшінші тоқсан қорытындысы бойынша ARK Invest активтері $13,64 млрд-тан $16,8 млрд-қа дейін ұлғайды. Кэти Вуд жасанды интеллектке, цифрлық активтерге және мультиомикаға инвестицияны күшейтіп, қытайлық техногиганттарға қайта оралды және бағасы нәтижелерінен жылдам өскен компаниялардағы үлестерін қысқартты. Портфельдегі ауыс-түйістер жалпы стратегияны өзгертпеді. Вуд әлі де нарық құрылымын түбегейлі өзгертуге қабілетті деструктивті инновацияларға ставканы жалғастырып отыр.
Кэти Вуд не сатып алды
Кэти Вуд үшін басты ставка бұрынғыша Tesla болып қалды. Үшінші тоқсанда ол компанияның қосымша 520 мыңнан астам акциясын сатып алып, пакет көлемін 3,59 млн акцияға жеткізді — шамамен $1,6 млрд. Портфельдің 9,5%-ы Tesla-ға тиесілі, бұл ARK Invest қорларының ішіндегі ең ірі актив.
Қордың басқа ірі сатып алулары жасанды интеллект пен технологиялық инфрақұрылымға қатысты компанияларға бағытталды. Вуд Alphabet-тегі үлесін 1,5 еседен көп ұлғайтты (+154%), онлайн жылжымайтын мүлік сервисі Zillow-ға инвестицияны екі есеге арттырды (+110%) және жобалау автоматизациясы жүйелерін әзірлеуші Synopsys-тегі үлесін 91% өсірді. Автономды көлік бағытында Aurora Innovation (+74%) акциялары алынды.
ARK Invest чип өндірісі экожүйесіне де инвестицияны жалғастырды: Advanced Micro Devices (+13%), Nvidia (+16%) акциялары докупленді, сондай-ақ чиптерді тестілеу жабдықтарын өндіруші Teradyne-ге салынған капитал 26% ұлғайды. Кэти Вуд командасымен өткізген тоқсандық қоңырауда ЖИ-ға деген қызығушылық тек хайп емес, нақты прогреске сүйеніп отырғанын айтты. Оның сөзінше Snowflake және UiPath секілді компаниялардың табысының үдеуі ЖИ-өнімдеріне тұрақты сұраныс пайда болғанын дәлелдейді.
Биотех секторындағы өзгерістер айтарлықтай болды. Ең ірі өсім қатерлі ісік диагностикасына маманданған Exact Sciences компаниясында тіркелді: позиция 6 072 589% өсіп, 2,19 млн акцияға жетті, құны — $119,6 млн. Қор генетикалық редакциялау технологияларымен айналысатын Prime Medicine-ге (+136%) де инвестицияны едәуір арттырды. Сонымен бірге Вуд Beam Therapeutics (+25%), Veracyte (+18%) және Illumina (+26%) секілді генетика, диагностика және секвенирлеу саласындағы компаниялардың акцияларын да көбейтті.
ARK аналитигі Шиа Уилбор мультиомика саласына деген қызығушылық соңғы уақытта айтарлықтай күшейгенін айтады. Оның пікірінше бұл үрдіске бірнеше фактор әсер етіп отыр: реттеушілер жаңа платформаларды жиі мақұлдай бастады, клиникалық деректер сенімдірек болды, ал биотехтегі мәмілелер геномды редакциялау технологияларына сұраныстың өскенін дәлелдейді. Мұндай жағдай тар шеңбердегі зерттеулерден созылмалы ауруларды емдеуге көшуге жол ашады.
Үшінші тоқсанда Вуд цифрлық активтерге де айтарлықтай инвестиция жасады. Ең ірі жаңа позиция жоғары өнімді майнингке инфрақұрылым жеткізетін BitMine Immersion Technologies болды: 7,5 млн акция сатып алынып, $387,9 млн салынды, бұл портфельдің 2,3%-ын құрайды. Екі жаңа актив — футбол индустриясындағы MCO-холдинг Brera Holdings (7,3 млн акция, $218,4 млн) және биржалық және ақпараттық сервистерді дамытатын криптоплатформа Bullish (2,6 млн акция, $163,9 млн). ARK стейблкоин USDC эмитенті Circle Internet Group-тағы үлесін де 2% арттырды, портфельдегі құны $393,4 млн.
Үш жылдық үзілістен кейін Вуд қытай компанияларына қайтадан инвестицияны күшейтті. Қазан айында командасымен жасалған телефон арқылы сөйлесу барысында ол Пекиннің риторикасын өзгертіп, инновацияны қолдауға қайта бет алғанын атап өтті. Үшінші тоқсанда ARK Baidu-дағы үлесін 73% өсіріп, 508,4 мың акцияға жеткізді (құны $67 млн). Портфельге Alibaba Group қосылды: $37,6 млн көлемінде жаңа позиция ашылды. Сондай-ақ автономды жүру жүйелерін әзірлеуші Pony.ai компаниясының 1,27 млн акциясы ($28,6 млн) сатып алынды.
Кэти Вуд не сатты
Үшінші тоқсанда Вуд портфельді қайта теңгерімдеуді жалғастырды: сатылымдар мен қысқартулар финтехке, биотехке, криптоинструменттерге және бірқатар технологиялық компанияларға қатысты болды.
Ең үлкен қысқарту қатерлі ісік диагностикасы бойынша қызмет көрсететін Guardant Health-тен болды: үлес 72% азайды, қалған пакет шамамен $49,7 млн тұрады. Екінші орында — жасанды интеллект арқылы кредиттік тәуекелдер талдайтын Pagaya Technologies (-62%). Электроника мердігері Jabil және арнайы қорытпалар өндіруші Carpenter Technology позициялары да 42% қысқартылды.
Басқа технологиялық бағыттар да қысымға түсті: спорттық деректер саласындағы Genius Sports (-36%), жеке өндіріс маркетплейсі Xometry (-31%) позициялары азайтылды. Биотех секторында Ionis Pharmaceuticals (-30%) және портативті аналитикалық құралдар жасаушы 908 Devices (-27%) қысқартылды.
ARK Invest крипта және ЖИ-инфрақұрылымдағы экспозицияны да төмендетті, мәселен Coinbase үлесі 9%-ға қысқарды. Сондай-ақ алдыңғы тоқсандарда тым қатты өскен бірнеше активте позициялар азайтылды. Вудтың айтуынша қор басқарушылары ЖИ мен криптовалютаға қатысты дүрбелеңнің фундаменталды көрсеткіштерден озып кетпеуін қадағалап, капиталды қайта бөлуге мәжбүр.
Бірқатар кіші пакеттер толық жабылды. Есептен Faro Technologies (3D сканерлер), Ansys (инженерлік модельдеу), Compugen және Brainsway (биотех), сондай-ақ бірнеше ETF және үлестік технологиялық эмитенттер жоғалды.
ARK Invest портфелінің қазіргі жағдайы
13F есебі бойынша қыркүйек соңында ARK Invest портфелінде жалпы құны $16,8 млрд болатын 196 актив болған (екінші тоқсанда — $13,6 млрд).
Tesla-дан кейінгі ең ірі позициялар — цифрлық сервис пен деректер инфрақұрылымы: Coinbase үлесі шамамен $808 млн, ал Roku, Palantir және Roblox — шамамен $736 млн-нан әрқайсысы. Robinhood позициясы да айтарлықтай: 36% сатылғанына қарамастан, құны $718 млн-нан жоғары. Үздік ондыққа Shopify, CRISPR Therapeutics, Tempus AI және чип өндіруші AMD де кіреді.
Қорлар арасындағы активтер тең бөлінбеген. Флагмандық ARK Innovation ETF (ARKK) басымдықта: тоқсан соңында оның активтері $8,4 млрд болды — яғни Вуд басқарған барлық активтердің жартысы. Одан кейін жаңа буын интернеті қоры (ARKW, $2,5 млрд), автономды жүйелер мен робототехника қоры (ARKQ, $1,8 млрд) және геном технологиялары қоры (ARKG, $1,3 млрд) орналасқан.
Үшінші тоқсанда ARK Кэти Вуд бірнеше жыл бойы ұстанып келе жатқан бағытын жалғастырды: шығындарды төмендетіп, технологиялардың қолжетімділігін арттырып, жаңа нарық қалыптастыра алатын компанияларға капиталды шоғырландыру. Жаңартылған портфель бұл логиканы айқын көрсетеді — ЖИ, цифрлық активтер және мультиомика бойынша ірі ставкалар жасалып, ал бағасы тым озып кеткен сегменттерде сақтық күшейтілді.








