Кэти Вуд биткоин 2030 жылы $1,5 млн болады деген болжамын төмендетті. Неге?

Ark Invest басшысы Кэти Вуд биткоин бағасына қатысты бұрынғы батыл болжамын сәл қысқартты. Бұл шешімді ол стейблкоиндардың танымал болуымен түсіндірді.
6 қарашада CNBC арнасына берген сұхбатында Вуд былай деді:
«Біз бұрын биткоин атқарады деп ойлаған кейбір функцияларды енді стейблкоиндар алып жатыр. Біздің оптимистік болжамымыз — 2030 жылы биткоин $1,5 млн болады. Бірақ қазіргі стейблкоиндардың дамуын ескере отырып, бұл сомадан шамамен $300 000 алып тастауға болады. Стейблкоиндар дамушы елдерге дәл біз биткоиннан күткен қызметтерді ұсынып жатыр. Сондықтан осы бағытқа назар аудару керек. Олар біз күткеннен әлдеқайда жылдам кеңейіп жатыр».
CNBC мәліметінше, бұған дейін Вудтың бұл саладағы болжамы ең батыл пікірлердің бірі болған. Ark Invest жылдар бойы биткоин әрі жинақтау құралы, әрі ғаламдық есеп айырысу жүйесі бола алады деп есептеп келген. Енді Вуд мойындап отыр: дәстүрлі валюталарға байланған стейблкоиндар осы рөлдердің бір бөлігін өз мойнына алып жатыр.
«Бұл үрдісте дамушы нарықтардың рөлі өте үлкен, — деді Вуд. — Қазір АҚШ-тағы қаржы ұйымдары да стейблкоиндарды негізге алатын жаңа төлем жүйелеріне қызығушылық таныта бастады. Бұл — өте маңызды қозғалыс».
Соған қарамастан, Кэти Вуд биткоинді қолдайтын ұстанымын өзгерткен жоқ. Ол институционалдық инвесторлардың қызығушылығы биткоинның ұзақ мерзімді құндылығын арттырып жатқанын айтты.
«Биткоин — бұл жаһандық қаржы жүйесі, жаңа активтер класының көшбасшысы әрі технология. Институционалдар бұл салаға енді ғана кіріп жатыр. Бұл тек бастамасы ғана, бізге ұзақ жол жүру қажет», — деді ол.
Осы аптада биткоин төрт айдан бері алғаш рет $100 000 деңгейінен төмендеді. Бұл тәуекелі жоғары активтердің жаппай сатылуымен байланысты болды. Мақала жарияланған кезде биткоин $102 000 шамасында саудаланып жатқан.








