«Алтын мем-активке айналды»: Билл Гросс, Рэй Далио және өзге нарық гурулары не дейді

Атақты инвестор Билл Гросс алтын сатып алуда сақ болуға шақырып, қазіргі өсу толқынын фундаменталды факторларға негізделмеген «мемдік ралли» деп атады. Ал Bridgewater Associates хедж-фондын құрған Рэй Далио мен JPMorgan басшысы Джейми Даймон сияқты өзге де ықпалды қаржыгерлер, керісінше, алтын қарыз жүктемесі өсіп, геосаяси тұрақсыздық күшейген кезеңде капиталды сақтаудың сенімді әдісі деп санайды. Barron’s жазғандай, алтын бүгінде әлемдік нарықтағы барлық қауіптің көрінісіне айналған актив. Бірақ ол әлі де «қауіпсіз баспана» бола ала ма, әлде бұл бағаның қауіпті ойыны ғана ма — осы сұрақ күн тәртібінде тұр.
Уолл-стрит алыптары не дейді
«Алтын дүрбелең бен мемдердің жетегінде кеткен активке айналды. Егер сатып алмақ болсаңыз — сәл күтіңіз», — деп жазды PIMCO қорының негізін қалаушы, «облигациялар королі» атанған Билл Гросс X әлеуметтік желісінде. Оның айтуынша алтын бағасының өсуі фундаменталды жақсару емес, артық өтімділік пен қарыз құралдарына деген сенімнің азаюымен байланысты. Гросс алтын раллиін бюджет тапшылығының өсуімен және мөлшерлемелердің төмендеуін күту үрдісімен байланыстырады — осының бәрі алтынды уақытша «құтқарушы активке» айналдырды.
Ал Рэй Далио алтынды «ең сенімді ақша, оны ешкім басып шығара алмайды немесе құнсыздандыра алмайды» деп сипаттады. Өткен аптада ол X желісінде қолданушыларға алтын туралы сұрақ қоюды ұсынды. Көпшілікті физикалық инвестицияны алтынға құйған дұрыс па, әлде ETF-ке ме, «алтын көпіршігі» бар ма және алтын мен биткоинді қалай салыстыруға болады деген сұрақтар қызықтырды. Өз жауаптарында Далио ол туралы былай деп жазды: фиаттық валюталар — бұл дефолттарды болдырмау үшін жасалатын қарыз, ал алтын — «антиқарыз», яғни мемлекеттер мен орталық банктердің шешіміне тәуелсіз актив. Оның пікірінше алтын «нарықтық көпіршіктер жарылып, елдер бір-бірінің қарызына сенімсіздік танытқанда» қажет болады. Далио инвестициялық портфельдегі алтынның оңтайлы үлесін 10–15% деп санайды: бұл тәуекел мен табыстылық арасындағы балансты жақсартады.
JPMorgan Chase басшысы Джейми Даймон әдетте алтын сатып алмайды және оны ұсынбайды екен. Бірақ: «Өмірімде алғаш рет алтынды портфельде ұстап көру — ақылды шешімдердің бірі болуы мүмкін», деп мойындайды. Оның айтуынша қазіргі жағдайда — доллар әлсіреп, сауда соғыстары күшейіп, геосаяси белгісіздік артқан шақта — алтынның бағасы $10 000 дейін өсуі мүмкін.
Қорғаныс құралы ма, әлде стратегия ма?
Capital Economics сарапшысы Хамад Хуссейн алтын бағасының өсуінде FOMO (пайдадан қалып қалу қорқынышы) әсері күшейгенін айтады. Оның пікірінше нақты табыс өсіп жатқанда алтын қымбат көрінеді, ал ETF-ке құйылған қаражаттың көбеюі нарықты түзетуге (коррекцияға) осал етеді. Bank of America аналитиктері қазанда алтынды «қорлардың ішіндегі ең толып тұрған позиция» деп атады.
The Wall Street Journal шолушысы Спенсер Джейкоб алтын ұзақ мерзімде тиімді қорғаныс құралы емес екенін жазады. «Тарих пен қарапайым логика капиталды сақтаудың бұдан да ақылды жолдары бар екенін көрсетеді», — дейді ол.
Статистикаға сүйенсек, 1928 жылдан бері алтынға салынған $100 бүгінге дейін $13 000-ға да жетпеген. Ал дәл осы соманы S&P 500 индексіне құйғандар бүгінде шамамен $1 млн иеленер еді, ал шағын компания акцияларына салғандар — $5 млн жуық табысқа жетер еді. Тіпті корпоративтік облигациялар да алтыннан 4 есе тиімді нәтиже көрсеткен.
Джейкобтың пікірінше инфляция кезінде нақты активтері бар «қарапайым» бизнес әлдеқайда тиімді: «Мұнай қоры, жері немесе зауыты бар компания, қарызы инфляциямен құнсызданса да, өз құнын сақтайды. Алтыннан айырмашылығы — ол компания сіз күтім жатқанда дивиденд те төлей алады», — дейді ол.
Сондай-ақ ол патенті, технологиясы немесе бренді бар компаниялардың да құнын сақтап, табыс әкелетінін айтады. «Гиперинфляция алтын бағасын $400 000-ға жеткізсе де, Dow индексі одан да жоғары, кем дегенде 4 млн тармақ болуы мүмкін», — деп мысқылдайды Джейкоб.
Алтынға қарсы пікір айтушылар
Нарықта алтынға жылдар бойы инвестиция салудан бас тартып келген инвесторлар да бар. Солардың бірі — Уоррен Баффет. Ол алтынды «қорқыныш капиталы» деп атап, оның нақты пайда әкелмейтінін жиі айтады. Баффеттің сөзімен айтқанда: «Алтын жерден қазып алынады, қайта балқытылып, басқа жерге көміледі. Біз адамдарға оны күзету үшін ақша төлейміз. Бұның қандай пайдасы бар? Марстан келген біреу бұны көрсе, таңырқайтыны анық». 2020 жылы Баффеттің Berkshire Hathaway қоры Barrick Gold компаниясының акцияларын уақытша сатып алғанымен, көп ұзамай бұл позициядан шыққан.
Oaktree Capital негізін қалаушы Говард Маркс та осы пікірді қолдайды. Bloomberg-ке берген сұхбатында ол: «Криптовалютаға көңіл көтеру үшін инвестиция құюға болады, ал алтынға — ырымға сенгеннен. Адамдар мұны ғасырлар бойы жасап келеді», — деді. Оның ойынша алтынның да, биткоиннің де ішкі құндылығы жоқ, себебі олар ақша ағынын немесе нақты табыс әкелмейді. «Алтын уақытпен тексерілді, бірақ оның бағасын ақтайтын нақты рационалды негіз жоқ», — деді Маркс. Ол алтынды өнер туындыларына теңейді — бағасы тек басқа біреудің оған қанша төлеуге дайын екеніне байланысты.
Нарықта қазір не болып жатыр?
Соңғы бір айда COMEX биржасындағы алтын фьючерстері шамамен 20% қымбаттады. MarketWatch-тың мәліметінше жыл басталғалы алтын бағасы 48 рет рекорд жаңартқан. Споттық бағалар да бір айда 16% өсті. Баға күндізгі саудада бір унция үшін $4378-ге дейін көтеріліп, кейін аздап түзетілді, бірақ $4300 деңгейінен жоғары қалды.
Бұл өсу қарқынына байланысты банктер өз болжамдарын қайта қарауға үлгермей жатыр. HSBC және Bank of America сарапшылары 2026 жылға қарай алтын бағасы $5000 деңгейіне жетуі мүмкін деп санайды. Yardeni Research келесі жылы-ақ баға $5000 болуы ықтимал дейді, ал онжылдық соңына қарай $10 000 болжамын жасайды.
Раллиге әсер етіп отырған тағы бір фактор — орталық банктердің алтын сатып алуды күшейтуі. Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) мәліметінше тек тамыз айында ғана әлем елдерінің реттеушілері қорларына шамамен 19 тонна алтын қосты. Ұйымның аға стратегы Джо Каватони бұл туралы: «Көп елдер үшін бұл — активтерді әртараптандыру, тұрақтылық және ұзақмерзімді сенім мәселесі. Біз циклдік өзгерісті емес, құрылымдық өзгерісті көріп отырмыз: алтын әлемдік резервтердің маңызды бөлігіне айналды», — деді. BullionVault зерттеу директоры Эдриан Эш бұл жағдайды былай түсіндірді: «орталық банктер де FOMO-дан (пайдадан қалыс қалудан қорқу) қашпай тұр».








