Алтынның бағасы $5000-ға дейін өсе ме? Deutsche Bank жаңа болжам жасады

Deutsche Bank 2026 жылы алтын бағасы унциясына $5000 деңгейіне жетеді, ал 2027 жылы осы межеден де жоғары көтеріледі деп болжауда.Талдаушы Майкл Сюэнің айтуынша нарықты орталық банктердің тұрақты сұранысы қолдап тұр, ал инвесторлардың ETF-қа қызығушылығы қайта оянып келеді. Қазан айындағы рекордтар сериясынан кейін алтын шамамен 10% төмендеген еді, бірақ құлдыраудың жартысын қайта өтеп үлгерді.
Егжей-тегжейлі
Жаңа болжамға сәйкес 2026 жылы алтын бағасы $5000 шамасына жақындауы мүмкін, ал 2027 жылы бұл деңгейді асуы ықтимал. Ағымдағы бағадан шамамен 20% өсу әлеуетіне ие. 27 қарашада желтоқсан фьючерстері унциясына $4152 деңгейінде саудаланды. Қазанның ортасында баға $4380-нан жоғары болып, кейін 10% түскен, бірақ оның жартысын қайта қалпына келтірді.
Deutsche Bank аналитигі Сюэнің сөзінше нарық позицияларды жапқан кезеңнен өтіп, енді орталық банктердің тұрақты сұранысы бағаны қолдайды. Егер инвесторлардың алтын ETF-тарына қызығушылығы арта берсе, 2026 жылы баға $4950 деңгейіне дейін көтерілуі мүмкін.
Сюэнің есебінше 2025 жылғы орташа баға $4450 болады — бұл бұрынғы $4000 болжамынан жоғары. Ал 2027 жылғы орташа баға $5150 деңгейінде болуы мүмкін, бұл қазіргі бағадан шамамен 29% көп.
Алтын нарығындағы ахуал
Deutsche Bank сарапшысы қазіргі алтын динамикасы қалыптан тыс екенін айтады: биыл баға құбылмалылығы 1980 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Ол кезде инфляцияның өсуі, валюталардың сатып алу қабілетінің төмендеуі және әлемдік қарыздың тез артуы алтынды бірнеше рет рекорд жаңартуға итермелеген.
Сюэнің пікірінше 2026 жылы әлемдік орталық банктердің тұрақты әрі мызғымас сұранысы бағаны жоғары итермелей береді. Үшінші тоқсанда реттеушілер 220 тонна алтын сатып алды — бұл тарихтағы үшінші ең жоғары көрсеткіш және баға қымбат болуына қарамастан, екінші тоқсанмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Бір басшы алтынды «сирек әрі күтпеген дағдарыстардан қорғайтын ең сенімді құрал» деп атаған.
Инвесторлар үшін маусымдық фактор да қолайлы: қаңтар мен ақпанда алтын бағасы әдетте ең күшті өсім көрсетеді.
Сарапшының есебінше 2025 жылы әлемдік алтын өндірісі 3693 тонна болады. Бұл — жоғары бағаларға сектордың тым әлсіз реакциясы. 2026 жылы өндіріс тек 3715 тоннаға дейін өседі деп күтіледі, бұл сұраныстың әлі де ұсыныстан жоғары болатынын білдіреді.
Басқа аналитиктер не дейді
Goldman Sachs сарапшысы Дан Стрейвен алтын бағасы 2026 жылдың соңына қарай $4900 деңгейіне жетеді деп күтеді — бұл ағымдағы деңгейден шамамен 18% жоғары. Оның айтуынша орталық банктердің белсенді сатып алуы және пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі бағаны қолдайды. Тіпті жеке инвесторлардың аз ғана қаражатының құйылуы да бағаларға айтарлықтай әсер етуі мүмкін, өйткені алтын нарығы өте шағын: алтын ETF көлемі АҚШ қазынашылық облигациялар нарығынан 70 есе кіші.
UBS та өткен аптада өзінің болжамын $4700-ден $4900 деңгейіне көтерді. Банк 2026 жылғы АҚШ-та өтетін аралық сайлаулардан кейін баға уақытша $4300 маңайында тұрақталуы мүмкін деп есептейді. Бірақ саяси және қаржылық тәуекелдер күшейсе, «бычий» сценарий — жоғары өсім — іске асуы ықтимал. UBS алтынды жаһандық портфельде ұзақ позиция ретінде ұстап отыр және қазіргі бағаларда да ол сенімді хедж ретінде қала береді деп санайды.








