Америкалық акциялар құлдырай бастады: Трамп Пекинді келісімді бұзды деп айыптады

Бұған дейін АҚШ қаржы министрі Қытаймен келіссөздер «сәл кідіріп қалғанын» ескерткен болатын.
30 мамыр жұма күні сауда сессиясының ашылуы кезінде америкалық қор индекстері төмендеді. АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Пекинді алдын ала жасалған сауда келісімін бұзды деп айыптады, алайда нақты қандай келісім туралы сөз болып отырғанын ашып айтпады. Бұл мәлімдеме Вашингтонның ең ірі сауда серіктесімен ұзаққа созылатын сауда соғысына кірісуі мүмкін деген алаңдаушылық туғызды.
Сауда қалай басталды?
АҚШ-тың басты қор индексі саналатын S&P 500 және «көк чиптер» индексі ретінде белгілі Dow Jones сауда сессиясын 0,4% төмендеумен бастады. Ал технологиялық Nasdaq 100 индексы жарияланған сәтте 0,5% құлдырап жатты.
Трамп не деді?
«Екі апта бұрын Қытай елеулі экономикалық дағдарыс алдында тұрды! Мен енгізген өте жоғары кедендік тарифтер Қытайдың АҚШ нарығында сауда жасауын іс жүзінде мүмкін емес етті. Бұл нарық — сөзсіз, әлемдегі нөмірі бірінші. Біз, шын мәнінде, Қытаймен сауда қатынасын күрт үзіп тастадық, бұл олардың экономикасы үшін күйретерлік болды. Көптеген зауыттар жабылып, жұмсартып айтқанда, «азаматтық толқулар» басталды. Мен бұл жағдайды көріп тұрдым және бұл маған ұнамады. Яғни, біз үшін емес, Қытай үшін. Мен Қытайды өте қиын жағдайдан құтқару үшін тез арада келісім жасадым. Мен ондай жағдайдың орын алуын қаламадым. Сол келісімнің арқасында бәрі тез тұрақтанды, Қытай қалыпты өмірге оралды. Барлығы риза болды! Бұл — жақсы жаңалықтар!!!», — деп жазды Дональд Трамп 30 мамыр, жұма күні Truth Social желісінде (стиль мен тыныс белгілері сақталған).
«Жаман жаңалық — Қытай, кейбіреулер үшін таңғаларлық болмаса керек, БІЗБЕН ЖАСАСҚАН КЕЛІСІМІН ТОЛЫҒЫМЕН БҰЗДЫ. Міне, сізге «ЖІГІТТЕРДІҢ ІШІНДЕГІ ЖАҚСЫСЫ»!», — деп қосты АҚШ президенті. Алайда ол Қытай билігі қандай нақты келісімді және қалайша бұзғанын нақтыламады.
Дональд Трамп енгізген 145 пайыздық кедендік баждар мен Қытайдың АҚШ өнімдеріне жауап ретінде салған 125 пайыздық тарифтері екі ел арасындағы сауданы іс жүзінде тоқтатты. Шамамен үш апта бұрын Швейцарияда өткен екі күндік келіссөздерден кейін тараптар көпшілік тарифтерді уақытша 10 пайызға дейін төмендетуге келіскен болатын. Wedbush сарапшысы Дэн Айвздің айтуынша, бұл келісім инвесторлар үшін «ең жақсы сценарийге» айналды, бұл кезде нарықтар бірден күрт өсіп шыға келді. Goldman Sachs АҚШ-тағы рецессия ықтималдығын 45%-дан 35%-ға дейін төмендетіп, экономикалық өсім болжамын жоғарылатты.
Контекст
29 мамыр, бейсенбі күні АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Қытаймен диалогтың «сәл кідіріп қалғанын» айтты. Ол келіссөздердің ауқымы «екі ел басшыларының тікелей қатысуын қажет етеді» деп қосты.
«Менің ойымша, алдағы уақытта АҚШ президенті [Дональд Трамп] пен төраға Си [Цзиньпин] арасында телефон арқылы сөйлесу болуы мүмкін», — деді Бессент Fox News арнасына берген сұхбатында.








