Аналитиктер өткен аптаның small-cap сегментіндегі көшбасшысы мен аутсайдерін атады

Freedom Broker 3–9 қараша аралығындағы аптада Russell 2000 индексіне кіретін екі компанияның акциялары ерекше көзге түскенін хабарлады. Аптаның өсім көшбасшысы — сүйек миы обырына қарсы терапия әзірлеуші Terns Pharmaceuticals, ал аутсайдер — мұнай-газ компаниясы Sable Offshore Corp. болды.
Көшбасшы: Terns Pharmaceuticals
Freedom Broker есебіне сәйкес биотехнологиялық Terns Pharmaceuticals компаниясының акциялары өткен аптада 121%-ға жуық өсті. Бұл серпіліс компанияның басты әзірлемесі — TERN-701 препаратының клиникалық сынақтарының алғашқы кезеңі туралы деректер жарияланғаннан кейін орын алды.
TERN-701 — созылмалы миелоидты лейкозды (CML), яғни сүйек миының сирек кездесетін обыр түрін емдеуге арналған терапия. Әдетте бұл дерт егде жастағы адамдарда кездеседі және көп жағдайда айқын белгілерсіз өтеді. Компания бұл препаратты бұрын басқа терапия алған, бірақ оң нәтиже көрмеген науқастарда сынаған.
Freedom-ның мәліметінше TERN-701 кем дегенде екі есе тиімді болып шықты — оның нәтижелері швейцариялық фармгигант Novartis компаниясының asciminib (Scemblix) препараты секілді аналогтарынан айтарлықтай жоғары болды.
Аналитиктер мұны ерекше жетістік деп атап, нарық бұл жаңалықты нақты серпіліс ретінде қабылдағанын жазады. Инвестициялық банктер Mizuho, Barclays және Truist бірден Terns Pharmaceuticals акцияларының мақсатты бағасын $27–32 деңгейіне дейін көтерді. Бұл 7 қарашадағы жабылу бағасымен ($18,47) салыстырғанда 46–73% өсім әлеуетін білдіреді.
Freedom Broker-дің пікірінше жаңа мақсатты бағалардың көтерілуі акциялар өсімін күшейтіп, TERN-701 препаратының созылмалы миелоидты лейкозды емдеудегі жаңа стандартқа айналуына деген үмітті арттырды.
Аутсайдер: Sable Offshore Corp.
Калифорния жағалауындағы шельфте жұмыс істейтін мұнай-газ компаниясы Sable Offshore Corp. акциялары өткен аптада 54%-ға жуық құлдырады. Бұл бірнеше теріс факторлардың тоғысуынан болды.
3 қарашада компания Exxon Mobil Corporation компаниясымен несиелік келісімнің шарттарын өзгерткені туралы хабарлады. Жаңа шарттар бойынша қаржыландыру мөлшерлемесі 10%-дан 15%-ға дейін өседі, ал несиені ұзарту кемінде $225 млн қосымша акция шығару арқылы капитал тартуға байланысты болады. Бұл өз кезегінде акционерлік капиталдың сұйылуына әкеледі.
Оған дейін Hunterbrook басылымында жарияланған мақалада компанияның бас директоры Джим Флорес кейбір инвесторларға компанияның 2025 жылдың соңына дейін шамамен $200 млн акционерлік капитал тартуы мүмкін екенін айтқаны жазылған. Демек, белгілі бір топ инвесторлар компанияның қаржылық жағдайына қатысты ақпаратты алдын ала біліп, ресми хабарландыруға дейін акцияларын сата бастаған болуы ықтимал, деп жазады Freedom.
Бұл жағдай корпоративтік басқару мен ішкі бақылау жүйесіне қатысты сұрақтар туғызды, нәтижесінде инвесторлар сенімі әлсіреп, Sable Offshore акцияларына қысым артты. Freedom аналитиктері мұны компанияның аптадағы негізгі әлсіздігі ретінде қорытындылайды.








