Andersen IPO-сы: консалтингтік компания акциялары саудаға шықты

Салық және консалтинг қызметін көрсететін Andersen Group компаниясының акцияларымен алдын ала сауда Freedom клиенттері үшін басталды. 17 желтоқсанда кешірек қағаздар Нью-Йорк қор биржасында ANDG тикерімен ресми түрде саудаланады. Компания нарыққа күрделі тарихпен шығып отыр: инвесторлар бұрынғы бедел дағдарысын тұрақты өсімге айналдыра ала ма, соны бағалайды.
Егжей-тегжейлі
Andersen Group IPO барысында $176 млн тартты. Компания 11 млн акцияны $16 бағамен орналастырды — бұл алдын ала жарияланған диапазонның жоғарғы шегі. Reuters-тің есептеуінше листинг нәтижесінде компанияның жалпы бағасы шамамен $1,75 млрд болды.
Мәмілені ұйымдастырушылар қатарында Morgan Stanley, UBS Investment Bank, Deutsche Bank, Truist Securities және Wells Fargo бар.
Компанияның ерекшелігі неде
Andersen Group — АҚШ-тағы ірі консалтингтік компаниялардың бірі. Ол 2002 жылы жабылған Arthur Andersen аудиторлық фирмасынан кейін қайта құрылған. Arthur Andersen аты Enron компаниясымен байланысты бухгалтерлік жанжалдан кейін қатты зардап шеккен еді. Enron қаржылық есептерін бұрмалағаны әшкереленіп, бұл АҚШ тарихындағы ең ірі банкроттардың біріне айналды. Ал оның аудиторы болған Arthur Andersen тергеуге қатысты құжаттарды жойды деп айыпталған. Кейін бұл үкім АҚШ Жоғарғы соты арқылы жойылды, бірақ брендке келген соққы өте ауыр болды.
2009 жылы Arthur Andersen Enron кредиторларымен $16 млн төлеу арқылы дауды жапқан.
Компания жабылғаннан кейін оның кейбір бағыттары сақталып қалды. Салық консалтингі бөлігін HSBC сатып алып, басқа атаумен жұмысын жалғастырды. Дәл осы активтер кейінірек қазіргі Andersen Group-тың негізіне айналды. Ұзақ уақыт бойы компания Andersen атауын қолданбады, тек 2014 жылы брендті қайта тірілтуге шешім қабылдады.
Қазір Andersen Group салық салу, бизнес бағалау, қаржылық және басқарушылық консалтинг қызметтерін көрсетеді. АҚШ-та 2200-ден астам қызметкері бар. Ал елден тыс жерде компания Andersen Global желісі арқылы жұмыс істейді — бұл 60-тан астам елдегі тәуелсіз фирмаларды біріктіретін швейцариялық құрылым.
Қаржылық көрсеткіштер
30 қыркүйекте аяқталған тоғыз айдың қорытындысы бойынша компанияның табысы жылдық есепте 13,4%-ға өсіп, $668,3 млн-ға жетті. Ал таза пайдасы екі еседен астам қысқарып, $65,7 млн болды.
Нарық не дейді
Reuters-тің мәліметінше АҚШ-тағы IPO нарығы жыл соңында белсенділік танытып отыр: компаниялар Рождествоға дейінгі қысқа кезеңді пайдаланып қалуға тырысады. Бұл — 2026 жылдың басында нарықта құбылмалылық болуы мүмкін деген қауіпке қарамастан, капиталды тез тартуға деген ұмтылыс.
IPOX сарапшысы Лукас Мюльбауэрдің айтуынша, Andersen листингі — «қайта жаңғыру тарихы». Компания брендтің бұрынғы сапалы қызмет беделі Enron жанжалының көлеңкесінен басым болады деп үміттенеді.
Capital.com атап өткендей, акциялардың әрі қарайғы қозғалысы макроэкономикалық жағдайға және компанияның өз стратегиясын қаншалықты сәтті жүзеге асыратынына байланысты болады. Инвесторлар үшін Andersen өзін тұрақты өсіп келе жатқан бизнес ретінде көрсете ала ма, әлде ауыр мұрасы бар бренд ретінде қала ма — осы маңызды.
IPO Edge аналитигі Донован Джонс жаһандық салық консалтингі нарығы кеңейіп келе жатқанын айтады. Оның пікірінше, Andersen клиенттердің күрделенуі мен жаһандану үдерістерінен пайда көре алады. Негізгі тәуекелдер — табыстың АҚШ нарығына қатты тәуелділігі және компанияның әлі де даму кезеңінде болуы.
Freedom Finance аналитигі Алем Бектемировтың есебінше, салалық орташа P/S мультипликаторы негізінде Andersen акциясының әділ бағасы шамамен $13,27. Бұл орналастыру бағасымен салыстырғанда шамамен 17% төмендеу қаупі бар екенін көрсетеді. Ол сондай-ақ бәсекелестікті, клиенттерге тәуелділікті, репутациялық және құқықтық тәуекелдерді атап өтті.
Freedom клиенттері Andersen акцияларына негізгі биржалық сессия ашылғанға дейін қол жеткізе алады. Сауда ерте премаркет форматында, АҚШ биржалары ашылардан 2–3 сағат бұрын басталады (Астана уақытымен 15:30–16:30). Қатысу үшін ANDG тикерін таңдауға болады.








