Apollo-ның бас экономисі инвестор есте сақтауы тиіс үш биржалық қауіп-қатерді атады

Apollo Global Management атты ірі инвестициялық компанияның бас экономисі Торстен Слок инвесторлардың стагфляция мен нарықтағы шоғырлану тәуекелдеріне тым салғырт қарайтынын ескертті. Слок нарық пен геосаясатқа кешенді түрде қарайтын сарапшы ретінде танымал. Ол Barron’s басылымына берген сұхбатында инвесторлар үлкен шығынға ұшырап қалмас үшін бақылап отыруы тиіс үш негізгі факторды атады. Басылымның айтуынша, дәл осы қауіптер Слокты түн ұйқысынан айырып отыр.
Доллар
Қазіргі таңда АҚШ-тың орасан зор бюджеттік тапшылығы мен инвесторлардың Ақ үйдің шығындарын әрі қарай қаржыландыруға қаншалықты дайын екені қор нарығын онша алаңдатып жатқан жоқ. Дегенмен, Apollo бас экономисінің пікірінше, бұл жағдайда басты назар аударылуы тиіс индикатор – доллар.
Оның айтуынша, сәуір айында әлсірегеннен кейін шетелдік инвесторлардың долларға деген қызығушылығы қайта артты. Бұл – өте маңызды жайт. Себебі олар АҚШ мемлекеттік облигацияларының шамамен 30%-ына иелік етеді. Ал осы облигацияларға деген сұраныс доллар бағамына тікелей әсер етеді.
2025 жылдың көп бөлігінде доллар құнсызданды. Алайда соңғы уақытта оның бағамы тұрақталып келеді. Егер АҚШ валютасы тағы да күрт құнсызданса, бұл инфляцияны күшейтеді. Слоктың ойынша, инфляция онсыз да өседі, өйткені кедендік баж салығы енгізіліп жатыр.
Экономиканың баяу өсуімен қатар келетін мұндай жағдай стагфляция қаупін арттырады. Слок осындай көріністі көкжиектен көріп тұрғанын айтады.
«Ғажап жетілік»
Слоктың айтуынша, S&P 500 индексі мен кредиттік спредтер пайда өсімінің баяулауын көрсетпей отыр. Ал мұндай баяулау стагфляция кезінде міндетті түрде болады. Сондықтан қауіп-қатер астында бірінші кезекте «Ғажап жетілік» деп аталатын жеті ірі технологиялық компанияның акциялары қалады. Сонымен қатар жасанды интеллект (AI) бумынан пайда көріп отырған басқа компанияларға да қауіп төніп тұр.
Қауіп жанама болуы мүмкін. Егер S&P 500 индексіндегі қалған 493 компанияның пайдасы азайып, шығындары артса, олар AI-ға инвестицияны қысқартады. «Ғажап жетілікке» кіретін компаниялардан өнім сатып алу да азаяды.
«Экономика тек жеті акцияға ғана сүйеніп тұра алмайды», – деп ескертті Слок.
Нарықтағы шоғырлану
Тағы бір үлкен мәселе – жасанды интеллектке байланысты акциялардың нарықта шамадан тыс шоғырлануы. Слоктың есептеуінше, Nvidia компаниясының S&P 500 индексіндегі үлесі шамамен 8%. Бұл – 1981 жылдан бергі ең үлкен үлес.
«Инвестиция негіздері жазылған кез келген оқулықтың бірінші бетінде диверсификация қажет деп жазылған. Адамдар S&P 500 индексіне инвестиция салғанда әртараптандырылған портфельге ие болдым деп ойлайды. Алайда бір ғана акцияның үлесі 10%-ға жетсе, бұл нағыз әртараптандыру емес», – деді ол.
Слок жасанды интеллекттің адам өмірін өзгертуге үлкен мүмкіндігі бар екеніне сенеді. Дегенмен ол инвесторлардың компанияларды бағалаудағы сын көзқарасының жеткіліксіз екеніне алаңдайды. Оның айтуынша, қазіргі таңда ірі компаниялардың P/E мультипликаторы 1990-жылдардағы «дотком» көпіршігі кезіндегі деңгейден де асып түскен.
Слоктың сөзіне қарағанда, қазіргі жағдай тұрақты көрінуі мүмкін. Бірақ инвесторлар кез келген нашарлау белгісін мұқият бақылауда ұстауы қажет.








