Доллар 21-ғасырда алғаш рет қатты төмендеді: негізгі қысым факторлары

2025 жылы доллар соңғы елу жылдағы ең нашар динамиканы көрсетті: АҚШ валютасының индексі 10%-дан астам төмендеді. Бұған Дональд Трамптың сауда саясаты, АҚШ-тың мемлекеттік қарызының өсуі және ФРЖ мөлшерлемелерді төмендетеді деген күтулер себеп болды. Нәтижесінде инвесторлар еуро мен қорғаныш активтеріне ауысып, долларлық тәуекелдерді хеджирлеуге сұраныс артты.
Егжей-тегжейлі
Доллардың күшін алты валютаға қатысты өлшейтін индекс (оған британ фунты, еуро, жапон иенасы сияқты валюталар кіреді) 2025 жылдың басынан бері 10%-дан астамға төмендеді, деп хабарлады Financial Times. Бұл АҚШ валютасының 1970-жылдардан бергі алғашқы жарты жылдағы ең нашар нәтижесі. Ол кезде әлем Бреттон-Вудс жүйесінен (доллар алтынға, ал басқа валюталар долларға байланған жүйе) бас тартып, еркін айырбас бағамына көшкен еді.
«Доллар Трамптың 2.0 кездегі тұрақсыз саясатының құрбанына айналды», — деді ING банкінің валюта стратегі Франческо Песоле басылымға.
Песоленің айтуынша, инвесторлар үшін «тыныш аймақ» саналатын доллардың тартымдылығын Трамп бастаған сауда соғысы, АҚШ-тың орасан зор қарыздары және ФРЖ тәуелсіздігіне қатысты алаңдаушылық әлсіретіп отыр. Енді осы себептерді толығырақ қарастырайық.
АҚШ-тың мемлекеттік қарызы
30 маусым, дүйсенбі күнгі саудада доллар бағамы тағы шамамен 0,2% төмендеді. Бұған Конгресте Трамптың «үлкен әрі керемет» салық заң жобасына түзетулер қаралуы себеп болды, деп жазады FT.
Бұл заң жобасы алдағы он жылда АҚШ-тың мемлекеттік қарызын $3,2 трлн-ға арттырады деп күтілуде. Сонымен қатар, Вашингтонның қарызды өтеу қабілетіне қатысты алаңдаушылықты күшейтіп, инвесторларды АҚШ қазынашылық облигацияларынан кетуге итермелеп отыр, дейді FT.
Сауда соғысы
Доллар бағамының құлдырауы жыл басында сарапшылар жасаған болжамдарды жоққа шығарды: олар Трамптың сауда соғысы АҚШ-тан тыс елдердің экономикасына көбірек зиян тигізеді, ел ішінде инфляцияны үдетіп, сол арқылы долларды бәсекелестеріне қарағанда күшейтеді деп ойлаған еді.
Бірақ бәрі керісінше болды: еуро 13% өсіп, қазір $1,17-ден жоғары тұр. Бұған дейін Уолл-стрит еуро мен доллар паритетін күтетін. Еуропа валютасы АҚШ валютасынан озды, себебі инвесторлар әлемнің ең ірі экономикасының өсуінің баяулау қаупін ескеріп, неміс облигациялары сияқты қорғаныш активтеріне бет бұрды, деп жазды FT.
Pimco-ның жаһандық қарыз құралдары жөніндегі инвестициялық директоры Эндрю Боллстың айтуынша, Трамптың баж салығы АҚШ-тың дәстүрлі саясатына «шок» туғызды.
ФРЖ мөлшерлемесін төмендетуді күту
Биыл доллардың әлсіреуіне АҚШ президенті талап етіп отырған ФРЖ-ның мөлшерлемені агрессивті төмендетеді деген үміттің күшеюі де әсер етті. Қазір фьючерстік келісімшарттар келесі жылдың соңына дейін мөлшерлеме кемінде бес рет 0,25 пайыздық пунктке қысқарады деп болжайды, деп жазады Financial Times. Мөлшерлеме төмен болған сайын несие алу арзандайды, яғни ақша құны түседі.
Мөлшерлеменің төмендеуіне деген үміт АҚШ акцияларына сауда соғысы мен Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысты алаңдаушылықты жеңуге көмектесіп, оларды рекордтық деңгейге жеткізді. Алайда доллардың әлсіреуіне байланысты S&P 500 индексі кірістілікті бір валютада есептегенде еуропалық индекстерден әлі де айтарлықтай артта қалып отыр, дейді FT.
Долларға тәуелділікті азайту
Ірі инвесторлар — зейнетақы қорларынан бастап орталық банктердің резервтерін басқаратындарға дейін — биыл доллар мен америкалық активтерге тәуелділікті азайтқысы келетінін білдіріп, доллар бұрынғыдай нарықтағы құбылмалылықтан қорғай ала ма деген сұрақ қоя бастады, деп жазады FT.
«Шетелдік инвесторларға доллармен көрсетілген активтерін қорғау үшін валюталық хеджирлеуді күшейту қажет. Бұл АҚШ қор нарығы қалпына келсе де доллардың өсуіне кедергі жасайтын тағы бір фактор», — деді ING сарапшысы Песоле.
Эндрю Боллстың пікірінше, доллардың әлемдік резервтік валюта ретіндегі мәртебесіне үлкен қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ ол «бұл АҚШ долларының айтарлықтай әлсіреуін жоққа шығармайды» деп қосты. Жаһандық инвесторлар долларлық тәуекелдерін барған сайын белсендірек хеджирлеп жатыр, ал бұл әрекет доллар бағамына қосымша қысым түсіріп отыр, дейді Боллс
Төмендеу неге баяулауы мүмкін?
Доллардың төмендеуі оны бәсекелес валюталарға қатысты соңғы үш жылдан астам уақыттағы ең төмен деңгейге жеткізді. Төмендеу жылдамдығы мен доллардың ары қарай әлсіреуіне көп жасалған бәсті ескерсек, кейбір сарапшылар доллар тұрақталуы мүмкін деп күтеді.
«Доллардың әлсіреуі сауданы жандандырып жіберді, бірақ меніңше төмендеу қарқыны енді баяулайды», — деді Zurich сақтандыру тобының бас нарық стратегі Гай Миллер.








