БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Америкаға инвестиция салыңыз»: хедж-қорлар Еуропадан кейін АҚШ нарығына бет бұрды

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
«Америкаға инвестиция салыңыз»: хедж-қорлар Еуропадан кейін АҚШ нарығына бет бұрды

Ірі инвесторлар АҚШ-қа бет бұра бастады. Еуропа нарығындағы қарқынды өсімнен кейін хедж-қорлар, әсіресе, қорғаныс саласындағы акциялардан пайдасын алып, енді назарларын америкалық активтерге аударып жатыр. «Америкаға инвестиция сал» ұраны Еуропа экономикасының баяулауы, еуроның күшеюі және АҚШ экономикасының тұрақтылығына үміт арту аясында жаңа ұстанымға айналды, дейді Goldman Sachs пен Barclays сарапшылары.

Егжей-тегжейі

Хедж-қорлардың басқарушылары 20 маусымға дейінгі аптада Еуропадағы активтерін бір жыл ішіндегі ең жылдам қарқынмен сата бастады. Олар қорғаныс компанияларының акцияларынан түсетін табысты тіркеп, АҚШ нарығына қайта оралуды жөн көрген. Бұл туралы MarketWatch Goldman Sachs пен Barclays зерттеулеріне сілтеме жасап хабарлайды.

Goldman Sachs мәліметінше, өткен аптадағы қысқа позициялардың көлемі (яғни инвестор активті сатқан соң оны арзан бағада қайта сатып алуға үміттенеді) соңғы 12 айдағы ең ауқымды сатылымдардың бірі болған. Хедж-қорлар жекелеген акциялармен қатар макродеңгейдегі құралдарға қысқа позициялар аша бастаған.

MarketWatch дерегінше, хедж-қорлар әзірге Еуропадағы кейбір салаларда, мысалы қаржы және телекоммуникация секторларында сатып алуды жалғастыруда. Сонымен қатар, Goldman қорлардың АҚШ экономикасымен тығыз байланысты еуропалық компаниялардың акцияларын сатып алып жатқанын да атап өткен. Бұған мысал ретінде сәнді бұйымдар өндірушілерінің бағалы қағаздары келтірілген.

Акциялардың жай-күйі

Кейінгі айларда Еуропа нарықтары өсім қарқыны бойынша Уолл-стритті басып озды. Мәселен, Германияның 40 ірі компаниясын біріктіретін DAX индексі 2025 жылдың басынан бері 18 пайызға өсті. Бұл өсімге мемлекеттік шығындардың артуына үміт артқан инвесторлардың белсенділігі әсер етті. Ал сол кезеңде америкалық Dow Jones индексі бар болғаны 1 пайызға ғана өскен.

Соңғы уақытта Еуропада қорғаныс саласы жетекші секторға айналды. НАТО елдерінің әскери шығындарды арттыру жөніндегі ұсыныстары бұл үрдісті жеделдетті. Мысалы, Rheinmetall компаниясының акциялары бір жылда 254 пайызға өсті. Алайда Goldman Sachs НАТО саммиті (24–25 маусым) қарсаңында еуропалық қорғаныс акциялары сатыла бастағанын, ал хедж-қорлар, әсіресе, сәуірден бері Германияның қорғаныс компанияларының қағаздарын сата бастағанын атап өтті.

Ал АҚШ-та Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстың тоқтауы және сауда соғыстарындағы уақытша тыныштық аясында нарық қайта жанданды. Nasdaq 100 индексі, яғни АҚШ-тың ірі технологиялық компанияларының көрсеткіші 24 маусымда ақпан айынан бергі жаңа рекордты жаңартты. Bloomberg дерегінше, S&P 500 индексі де тарихи шегіне жақындап қалған. Алайда сәрсенбіде индексте сәл төмендеу байқалды. Сарапшылар мұны инвесторлардың шаршауымен және экономикалық, геосаяси тәуекелдерге қарамастан акция бағасының тым жоғарылап кетуімен түсіндіреді.

Неліктен инвесторлар АҚШ нарығына қайта оралды?

MarketWatch пікірінше, инвесторлардың АҚШ-қа қайта бет бұруы рецессия қаупі расталмайды деген үмітпен байланысты. Еуропаға деген сенім азайып, енді «Америкаға инвестиция сал» ұстанымы алдыңғы қатарға шықты дейді Barclays сарапшысы Эммануэль Ку.

«Еуропа нарықтарының жылдың басынан бергі артықшылығы әлсірей бастады: еуроның күшеюі кірістілікке кедергі келтіреді, ал кедендік баж салығына қатысты белгісіздік экспорттаушылардың әлеуетін шектейді», — деп жазды Ку MarketWatch келтірген жазбасында.

Barclays сарапшысы ірі технологиялық компаниялар қайтадан трендке айналғанын атап өтті. Инвесторлар жазда АҚШ акциялары жаһандық нарықтарға қарағанда тұрақтырақ болады деп санайды. Бұған геосаяси белгісіздік пен доллардың әлсіреуі аясындағы артықшылықтар себеп болып отыр.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары