БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Әлемдік орталық банктер доллардан бас тарту мүмкіндігін қарастырып жатыр

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Әлемдік орталық банктер доллардан бас тарту мүмкіндігін қарастырып жатыр

Жалпы резерв көлемі 5 трлн долларға жуықтайтын орталық банктер жаһандық тұрақсыздық пен саяси белгісіздік аясында алтын, еуро және юаньға инвестицияны арттыруда. Зерттеулер көрсеткендей, алтын – доллардан бас тартудың басты бенефициары, ал еуро – қысқа мерзімді, юань – ұзақ мерзімді перспективада басты фаворит. Бұл туралы Ресми ақша-несие және қаржы институттары форумы (OMFIF) жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болды.

Алтын

OMFIF наурыз бен мамыр айлары аралығында сауалнама жүргізген 75 орталық банктің үштен бірі келесі 1–2 жыл ішінде алтын үлесін арттырмақ, деп жазады Reuters. Бұл — кейінгі бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Мемлекеттік инвесторлар қазірдің өзінде алтынды рекордтық көлемде сатып алуда. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған сауда соғысы алтынға деген сұранысты одан әрі күшейтті. Келесі онжылдықта 40% орталық банк алтын қорын ұлғайтуды жоспарлап отыр. «Бірнеше жыл бойы рекордтық көлемде алтын сатып алғаннан кейін, резервтерді басқарушылар қазір бұл бағалы металға бәс тігіп отыр», — делінген OMFIF есебінде.

Еуро мен юань

Былтырғы сауалнамада ең танымал валюта болған доллар биыл жетінші орынға түсіп қалды. Сауалнамаға қатысқандардың 70%-ы АҚШ-тағы саяси жағдай доллармен инвестиция жасауды қиындатады деп есептейді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Доллардан бас тартудан ұтатын негізгі валюталар — еуро мен юань. 12–24 ай ішінде еуро үлесін арттырмақ болған орталық банктердің үлесі былтыр 7% болса, биыл — 16%.

Келесі орында — юань. Ұзақ мерзімді перспективада сауалнамаға қатысқандардың 30%-ы юаньға көбірек инвестиция салуға ниетті. Олар юаньның жаһандық резервтердегі үлесі үш есе артып, 6%-ға жетеді деп күтеді.

Reuters агенттігінің резервтерді басқаратын сарапшыларға сілтеме жасай отырып хабарлауынша, еуро еуроаймақтың 2011 жылғы қарыз дағдарысынан кейін жоғалтқан орнын осы онжылдықтың соңына дейін қайтара алады. Егер бұл болжам расқа айналса, еуроның резервтердегі үлесі қазіргі 20%-дан 25%-ға дейін өседі.

Экономистер не дейді?

Гарвард профессоры әрі Халықаралық валюта қорының бұрынғы бас экономисі Кеннет Рогоффтың айтуынша, еуроның жаһандық резервтердегі үлесі артуы — заңды құбылыс. Бұл Еуропаға деген сенім артқаннан емес, доллардың сенімділігі төмендегеннен болып отыр.

HSBC банкінің орталық банктермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Бернар Альтшулер: «Қазір еуро — резервтік актив ретіндегі үлесін елеулі арттыруға болатын жалғыз балама валюта», — дейді. Оның айтуынша, егер жағдай оң бағытта өрбіссе, еуроның үлесі 2–3 жыл ішінде 25%-ға жетуі мүмкін. Бұл пікірді Еуроодақтың қарыз дағдарысы кезінде Еуропа орталық банкінің нарықтық операцияларын басқарған Франческо Пападия да қолдайды.

UBS Asset Management компаниясының егеменді нарықтар бойынша стратегы Макс Кастеллидің айтуынша, Трамп сәуір айында тарифтер туралы мәлімдегеннен кейін көптеген резервтерді басқарушылар «доллардың сенімді актив ретіндегі мәртебесі қауіп төніп тұрған жоқ па?» деген сұрақпен хабарласқан. «Менің есімде, мұндай сұрақ 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысынан кейін де қойылмаған», — дейді ол. Кастелли қазір еуроға қатысты сұраныстың артқанын да атап өтті.

Доллар ахуалы

2025 жылдың басынан бері доллар алты негізгі валютадан тұратын себетке қатысты 9,6%-ға арзандады. 24 маусым күні АҚШ валютасының индексі (US Dollar Index, USDX) 12 маусымда тіркелген үш жылдық ең төменгі деңгейге қайта жақындады. Trading Economics порталының мәліметінше, мұндай әлсіреу Таяу Шығыстағы жанжалдың жаһандық саудаға және АҚШ-тың ақша-несие саясатына ықпал етуі мүмкін деген нарықтық күтулерге байланысты орын алды.

Израиль мен Иран атысты тоқтату туралы мәлімдемеден кейін бірнеше сағат өткенде-ақ жаңа соққылармен қорқытты. Дегенмен мұнай бағасы төмендеді. Ормуз бұғазы арқылы танкерлер жүрісін жалғастыруда. Бұл инфляциялық қауіптерді азайтып, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің жақын арада ақша-несие саясатын жұмсартуы мүмкін деген үмітті күшейтті. Соның салдарынан доллар қысымға ұшырап отыр, дейді инвестициялық портал.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары