Мұнай бағасы 6%-дан астам төмендеді. Бұл қор нарығы үшін неліктен қауіпті?

24 маусым күнгі саудада мұнай бағасы қатарынан екінші сессияда құлдырады. Израиль мен Иран арасындағы атысты тоқтату туралы үміттен бөлек, Дональд Трамп Қытайға Иран мұнайын сатып алуға рұқсат берді. Нарық қатысушылары бұл қадамды Вашингтонның Тегеранға қысымды азайтуы және Трамптың назарын мұнай бағасын төмендетуге аударуы ретінде қабылдады. Алайда MarketWatch шолушысы шикізаттың арзан болуы – әрдайым қор нарығы үшін жақсы еместігін ескертті.
Толығырақ
Brent маркалы мұнай жеткізуге арналған келісімшарттардың бағасы 24 маусым, сейсенбі күні 6%-дан астам төмендеп, бір баррель үшін 66,8 долларға дейін құлдырады. Америкалық West Texas Intermediate (WTI) маркасы да шамамен осындай деңгейде – 64 долларға дейін арзандады. Бұл қатарынан екінші сессиядағы құлдырау: дүйсенбіде де екі марка 8%-ға жуық төмендеген еді. Бұған Иран мен Израиль арасындағы қақтығысты тоқтатуға қатысты үміт себеп болды. Енді CNBC атап өткендей, мұнай бағасы Израиль 13 маусымда Иранды бомбалауға кіріспей тұрған кездегі деңгейіне қайта түсті.
Сейсенбі күні мұнай бағасының күрт төмендеуіне АҚШ президенті Дональд Трамптың: «Қытай Ираннан мұнай сатып алуды жалғастыра алады» деген мәлімдемесі себеп болды. Ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында: «Олар АҚШ-тан да белсенді түрде сатып алады деп үміттенемін. Бұл нәтижеге қол жеткізу мен үшін үлкен абырой!» – деп жазды.
Мамыр айында Трамп Иран мұнайын сатып алатын елдерді АҚШ-пен бизнес жүргізуден шеттетемін деп ескерткен еді. CNBC жазуынша, оның жаңа мәлімдемесін трейдерлер Вашингтонның Израильмен арадағы атысты тоқтатқаннан кейін Тегеранға қатысты қысым стратегиясын жұмсарта бастауы ретінде қабылдады.
«Трамп бұрыннан Иран мұнайын нарықтан алып тастауға құлықсыз еді, себебі бұл бағаны шарықтататынын жақсы түсінді, – деді CNBC-ге Kpler мұнай нарығының жетекші сарапшысы Мэтт Смит. – Қазір ол Иранға қатысты ешқандай талап қойып отырған жоқ, өйткені елдің ядролық әлеуеті әлсіреген. Трамптың назар аударған басты мәселесі – мұнай бағасын түсіру».
Бұл неге қор нарығы үшін жаман болуы мүмкін?
MarketWatch шолушысы Марк Халберттің пікірінше, мұнай бағасының құлдырауы – акция нарығының да төмендеуі мүмкін екенін білдіреді. Бұрын бұл байланыс кері болатын: 2000 жылға дейін мұнай қымбаттаса, келесі айда қор нарығы төмендейтін және керісінше. Алайда соңғы 25 жылда жағдай өзгерді. Халберттің жазуынша, қазір мұнай бағасы өскенде, S&P 500 индексі де орта есеппен оң нәтиже көрсетеді.
MarketWatch авторы бұл өзгерісті АҚШ-тағы мұнай өндірудің соңғы екі онжылдықтағы қарқынды өсуімен түсіндіреді. Бұл ел экономикасын сыртқы мұнай нарығындағы күйзелістерге төзімдірек етті. Тағы бір ықтимал фактор – 2008–2009 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысы. Сол кезде Уолл-стрит дефляциядан қорқып, мұнай бағасының өсуін экономиканың нығаю сигналы ретінде қабылдаған еді, деп толықтырды автор.








