Apple акциясының биылғы алғашқы рекорды. iPhone сұранысының әлеуеті жоғары

Apple акциясы дүйсенбі күні тарихи максимумды жаңартып, 2024 жылдың желтоқсанындағы алдыңғы рекордтан асып түсті. Loop Capital сарапшысы компания қағазын сатып алуды ұсынды және олардың таргетін Уолл-стриттегі ең жоғары деңгейге көтерді. Ол жаңа Apple смартфондарының желісі алдағы екі жылда сұраныстың артуына түрткі болады деп күтеді. iPhone 17 сатылымы АҚШ пен Қытайда алғашқы он күннің ішінде алдыңғы нұсқадан айтарлықтай асып түскен.
Егжей-тегжейлі
Apple котировкасы 2025 жылы алғаш рет рекордтық деңгейге жетті. 20 қазан, дүйсенбі күні акциясы сауда барысында 4,8% қымбаттады. Бұған дейін Bloomberg жазғандай, Apple ұзақ уақыт бойы S&P 500 индексіндегі аутсайдерлердің бірі болған, тіпті сәуір айында оның төмендеуі жыл басынан бері 31%-ға жеткен еді. Алайда, содан бері құны 50%-дан астам өсті.
Компания қағазының өсуіне Loop Capital компаниясының рейтингісін бейтараптан сатып алуға кеңес деңгейіне көтеруі себеп болды. Сондай-ақ, аға сарапшы Ананда Баруа Apple акциясының мақсатты бағасын $226-дан $315-ға көтерді — бұл Уолл-стриттегі ең жоғары таргет. Ол бағаның жұма күнгі жабылудан шамамен 25%-ға өсуін болжайды.
Инвесторлар сонымен қатар жаңа iPhone сериясына күткеннен жоғары сұраныс байқалғанына оң реакция білдірді. Бұл нарықта құрылғыларды жаңарту циклының басталғанына үміт арттырды. Counterpoint Research дерегінше, iPhone 17 сатылымы АҚШ пен Қытайда алғашқы 10 күнде алдыңғы модельден 14% жоғары болған.
Loop Capital неге бағалауды қайта қарады?
Біздің жеткізу тізбегіне жүргізген талдауымыз көрсеткендей, қазір біз құрылғыларды жаппай жаңарту циклінің басында тұрмыз, бұл үрдіс iPhone жеткізілімінің 2027 жылдың соңына дейін тұрақты өсуін білдіреді, — деп жазды Баруа CNBC-ге берген түсіндірмесінде. Оның айтуынша, Уолл-стрит iPhone 17 сатылымындағы оң динамиканың бір бөлігін акция бағасына алдын ала енгізгенімен, 2027 жылға дейін бұл болжамдардан асып түсу мүмкіндігі әлі де жоғары.
Loop Capital бағалауынша, Apple-дың жеңіл әрі бүктелетін құрылғыларды қамтитын жаңа дизайндағы iPhone шығаруға арналған жоспарлары компанияның флагмандық өнімдеріне сұранысты арттырады және бұл өз кезегінде котировкасына оң әсер етуі мүмкін.
Басқа да сарапшылар пікірі
Инвесторлар iPhone 16 шыққаннан кейін дәл осындай импульс болады деп күтті, алайда нәтижесінен көңілдері қалды: жарияланған жасанды интеллект функцияларының көбі кейінге қалдырылды немесе мүлде іске аспады, деп жазды Bloomberg. Дегенмен, iPhone 17 шыққаннан кейін көптеген сарапшылардың Apple-ға көзқарасы өзгеріп жатыр.
Evercore ISI компаниясы Apple акциясын нарықтан озық өсім көрсететін тактикалық тізімге (tactical outperform list) қосты. CNBC-ге сілтеме жасаған жазбада былай делінген: «Біз Apple-дың ағымдағы үшінші тоқсандағы консенсус-болжамдардан асып түсетініне және желтоқсан тоқсанына оптимистік болжам бере алатынына сенеміз. Біздің оң көзқарасымыз iPhone сатылымдарына байланысты: базалық iPhone 17 моделін жеткізу мерзімі өткен жылдың қазан айындағы деңгейден асып түсті».
Melius Research сарапшысы Бен Райтзес Bloomberg-ке берген пікірінде Apple қайта серпін алып, скептиктерге өзінің күшін дәлелдеуге тырысып жатыр деп жазды. Ол Қытайдағы оң үрдістерді, сондай-ақ жаңа модельдердің жалпы динамикасын атап өтіп, алдағы өнімдер компанияның өсуіне қосымша катализатор бола алатынын айтты.
Алайда, Apple әлі де «Керемет жетілік» құрамындағы басқа технологиялық алыптар сияқты сарапшылардың жоғары сеніміне ие емес. Loop Capital рейтингін жақсартқаннан кейін де, Bloomberg қадағалайтын сарапшылардың тек 58%-ы ғана компания акциясын сатып алуға кеңес берді — бұл «Керемет жетілік» ішіндегі ең төменгі көрсеткіш, Tesla-ны қоспағанда.
Jefferies сарапшысы Эдисон Ли, Apple қағазын сатуға кеңес берген төрт сарапшының бірі, демалыс күндері iPhone 17 сатылымының серпіні әлсіреп бара жатқанын ескертті, деп жазады Bloomberg. Қазан айының басында ол акцияның рейтингін «нарықтан төмен» (underperform) деңгейіне түсіріп, жақында шығуы мүмкін бүктелетін iPhone төңірегіндегі ажиотаж тым асыра бағаланғанын айтты. Оның пікірінше, мұндай құрылғының бағасы жоғары болады, ал өзі Pro Max моделінің сатылымын «жеп қоюы» мүмкін.








