Apple жаңа Siri үшін Google-дың жасанды интеллектісін жылына $1 млрд-қа пайдаланбақ

Өнімдерін дамытуда әрқашан өз технологиясына арқа сүйеп келген Apple компаниясы дауыстық көмекші Siri-ді жаңарту үшін Google-дың аса қуатты жасанды интеллект моделіне жүгінбек. Bloomberg дереккөздеріне сүйенсек, Apple бұл технологияға қол жеткізу үшін жыл сайын шамамен $1 млрд төлейді. Бұл келісім Apple-ға өз ІІ-жүйелерін әзірлеуге уақыт ұтып алуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, қазір Google Apple-ға оның құрылғыларында іздеу жүйесін пайдалану үшін жылына шамамен $20 млрд төлейді.
Егжей-тегжейлі
Bloomberg дереккөздерінің айтуынша жылына $1 млрд төлеу арқылы Apple Google-дың 1,2 трлн параметрлі ІІ-моделіне қол жеткізеді. TechCrunch мәліметіне қарағанда, бұл — қазіргі iPhone және басқа да Apple құрылғыларында қолданылып жатқан модельден сегіз есе күрделі жүйе. Мұндай қуатты арттыру Siri-дің күрделі деректерді өңдеу және контексті түсіну қабілетін айтарлықтай кеңейтеді. Екі технологиялық алпауыт арасындағы келісімшартқа дайындық соңғы кезеңде, дегенмен жоспарлар әлі өзгеруі мүмкін, дейді Bloomberg дереккөздері.
Apple Google моделін өз ІІ-сі жеткілікті қуатқа ие болғанға дейін Siri-ді жаңарту үшін уақытша шешім ретінде пайдалануды көздеп отыр. Bloomberg-тің хабарлауынша Google-дың нейрожелісі Siri-ге жоспарлау және ақпаратты жинақтап, қорытындылау сияқты жаңа мүмкіндіктер береді. 2025 жылдың наурызында Apple Siri-дің Google ІІ-сі негізіндегі бірқатар жаңартулары 2026 жылға шегерілгенін мәлімдеген еді. Дегенмен, Bloomberg мәліметінше, жаңартылған дауыстық көмекші келесі көктемде таныстырылуы жоспарланған.
Контекст
Reuters атап өткендей, функционалдық тұрғыда Siri ұзақ уақыт бойы Google Assistant-тен қалып келген, әсіресе күрделі, көпқадамды сұрауларды орындау және үшінші тарап қосымшаларымен бірігу мәселелерінде. Bloomberg жазады: бастапқыда Siri-ге ІІ-технология ұсыну жарысында Google фаворит болмаған — көшбасшы ретінде Anthropic қарастырылған. Алайда агенттік деректеріне сүйенсек, Anthropic өз технологиясын пайдалану үшін жылына $1,5 млрд-тан астам қаржы сұраған, нәтижесінде Apple таңдауын Google пайдасына жасаған.
Жасанды интеллект сервистерін іске қосудың кешеуілдеуіне байланысты Apple басшылық құрамында өзгерістер енгізді: Bloomberg-тің мәліметі бойынша компания басшысы Тим Кук Siri-дің дамуына жауапты Джон Джаннандреаға деген сенімін жоғалтып, жобаны Майк Роквеллге тапсырған.
Уолл-стриттің Apple туралы пікірі
Соңғы үш айда Apple акциялары үштен біріне қымбаттап, қазан айының соңында тарихи максимумға жетті — бұл iPhone-ға деген қызығушылықтың қайта артуымен байланысты. FactSet деректеріне сәйкес сарапшылардың консенсус-болжамы бойынша Apple қағаздарына «нарықтан жоғары» (Overweight, яғни сатып алуға ұсынылатын) баға берілген. Орташа мақсатты баға — акциясына $280,2, бұл алдағы 12 айда 3,7%-дық өсім әлеуетін білдіреді.








