Apple жасанды интеллектке арналған жаңа M5 чипімен жабдықталған iPad пен Mac шығарды

Apple сәрсенбі күні MacBook Pro, iPad Pro және Vision Pro құрылғыларының жаңа нұсқаларын таныстырды. Олардың барлығы компанияның ең жаңа M5 процессорымен жұмыс істейді. Apple мәліметінше, бұл чип алдыңғы нұсқаларға қарағанда өнімдірек және жасанды интеллект қолданбаларын іске қосуға бейімделген. Осылайша, компания мерекелік маусым қарсаңында өз өнім желісін толық жаңартты.
Егжей-тегжейі
АҚШ-та жаңа MacBook Pro бағасы 1599 доллардан басталады, ал 11 дюймдік iPad Pro — 999 доллардан сатылады. Қосымша шындық шлемі Vision Pro 3499 доллар тұрады. CNBC атап өткендей, бағалар алдыңғы модельдер деңгейінде қалды. Жаңа құрылғыларға алдын ала тапсырыс қабылдау басталды, ал сату 22 қазанда ашылады.
Барлық жаңа құрылғылар M5 чипімен жұмыс істейді. Компанияның айтуынша, ол бұрынғы нұсқадан төрт есе жоғары есептеу қуатын береді. Apple аппараттық технологиялар жөніндегі аға вице-президенті Джони Сруджи: «M5 чипі жасанды интеллектке байланысты міндеттерде үлкен өнімділік өсімін қамтамасыз етеді», — деді.
Apple акциялары 15 қазандағы саудада бір сәтте 1,6%-ға өсіп, 251,8 долларға жетті, бірақ кейін өсім шамамен 0,4%-ға дейін баяулады. 2025 жылдың басымен салыстырғанда iPhone өндірушісінің акциялары әлі де 0,5%-ға төмен, ал негізгі америкалық S&P 500 индексі 14%-дан астам өсті.
Контекст
2025 жылдың басында Apple ең көп сатылатын MacBook Air-ды жаңартқан болатын. Қыркүйекте компания жаңа iPhone және Apple Watch үлгілерін таныстырды. Қазаннан желтоқсанға дейінгі төртінші тоқсан Apple үшін ең табысты кезең саналады. Себебі бұл уақытта Рождество алдындағы сатылымдар жүреді. Биыл осы тоқсанға iPhone 17 сатылымы да кіреді.
CNBC жазуынша, Уолл-стрит сарапшылары Apple-дің жаңа өнімдеріне мұқият қарап отыр. Олар компания бағаларды көтере ме, әлде президент Дональд Трамп енгізген кедендік алымдар шығынын өз мойнына ала ма, соны бақылап отыр.
iPhone сатылымы Apple табысының негізгі бөлігі болғанымен, iPad пен Mac бағыттары да маңызды. 2025 қаржы жылының үшінші тоқсанында (маусымда аяқталған) iPad сатылымынан түскен табыс 6,58 миллиард доллар болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға аз. Компания мұны алдыңғы жылдың жоғары базасымен түсіндірді. Ал Mac сатылымы 8,05 миллиард долларға жетіп, жылдық есеппен 15%-ға артқан. Салыстыру үшін: iPhone сатылымы сол тоқсанда шамамен 45 миллиард долларды құрады. Бұл Apple-дің жалпы табысының 47%-дан астамын береді.
Apple Vision Pro гарнитурасының нақты сатылым көлемін ешқашан бөлек жариялаған емес. Ол Apple Watch пен AirPods сияқты «тағылатын құрылғылар және басқа өнімдер» санатына кіреді. CNBC жазуынша, сарапшылар Vision Pro сатылымы әзірге айтарлықтай үлес қоспайтынын айтады.








