JPMorgan мен BofA жаңа iPhone-ға сұраныстың артқанын хабарлады

Apple компаниясының жаңа буын смартфондарына алдын ала тапсырыстың қарқыны былтырғы iPhone 16 сериясымен салыстырғанда біршама жоғары. Ең үлкен қызығушылық базалық модель мен жұқа Air нұсқасына тіркеліп отыр. Дегенмен кей сарапшылар толық баға беру үшін уақыт қажет екенін айтады. Компания акциялары сұраныс жайлы алғашқы мәліметтер шыққаннан кейін сәл өсті, бірақ әлі де жаңа құрылғылардың таныстырылымына дейінгі деңгейден төмен.
Егжей-тегжейі
JPMorgan мәліметінше, жаңа iPhone модельдеріне алдын ала тапсырыстар былтырғыға қарағанда жылдамырақ қабылданып жатыр. «Уақыт көп өте қоймады, бірақ жеткізу мерзіміне қарап, 9 қыркүйекте таныстырылған барлық жаңа модельдерге сұраныс iPhone 16 сериясынан сәл жоғары» — дейді банктің сарапшысы Самик Чаттерджи. Ол бұл тұжырымды АҚШ, Қытай, Германия және Ұлыбритания нарығындағы тапсырыс мерзімдерін зерттеп жасаған. Бұл пікірді Barron’s жариялады.
Сарапшының айтуынша, ең үлкен қызығушылық iPhone 17 базалық нұсқасы мен жұқа Air моделіне бағытталған.
Чаттерджи Apple акцияларын сатып алуға кеңес беріп, оған «артық салмақ» (Overweight) рейтингісін растады.
BofA Securities те өз зерттеуін жүргізіп, iPhone 17-ге жеткізу мерзімі iPhone 11-ден бері ең ұзақ екенін анықтады. Қытай мен Жапонияда бұл мерзім басқа елдермен салыстырғанда бір аптаға ұзағырақ. Бұл, сарапшылардың айтуынша, «салауатты сұраныстың» көрсеткіші. Олар сондай-ақ iPhone 17 Pro және Pro Max модельдеріне де жеткізу уақытының артқанын атап өтті.
Сонымен қатар TF International Securities сарапшысы Мин-Чи Куо iPhone Air моделінің әлі де қоймада қолжетімді екенін айтты. Оның пікірінше, бұл былтырғы iPhone 16 Plus-қа қарағанда сұраныстың әлсіз екенін білдіруі мүмкін. Бірақ ол Apple компаниясы Air моделін көп мөлшерде шығарған болуы мүмкін екенін айтып, нақты баға беру үшін уақыт керектігін қосты.
«iPhone 17-ге алдын ала тапсырыстың артуы Apple-дің үшінші тоқсандағы нәтижесіне оң әсер етуі мүмкін. Алайда жеткізушілердің акциялары айтарлықтай өспеуі мүмкін, өйткені инвесторлар келесі жылы болатын жаңа өнім циклын күтіп отыр» — деп жазды Куо X әлеуметтік желісінде.
Apple акцияларының жағдайы
15 қыркүйектегі сауда ашылған кезде Apple акциялары 1,5%-дан жоғары өсті. Бірақ күннің екінші жартысында бұл өсім азайып, шамамен 0,8% деңгейінде қалды. Жарияланған сәтте компания акциялары $236 бағасынан жоғары саудаланып, iPhone 17 таныстырылымынан кейінгі құлдыраудың бір бөлігін өтеді. Дегенмен әлі де таныстырылымға дейінгі деңгейден төмен.
Компания акцияларын бақылайтын 48 сарапшының 29-ы оны сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight рейтингтері). 15-і бейтарап көзқараста (Hold), ал төртеуі акция үлесін азайтуды ұсынады (Underweight және Sell).
Контекст
Биылғы iPhone желісінің басты жаңалығы – $999 тұратын ультражұқа Air моделі. Бұл құрылғы орта деңгейлі Plus моделін алмастырды. Алайда Қытайда iPhone Air-дің іске қосылуы eSIM мәселелері мен реттеушілердің рұқсатын күтуге байланысты кейінге шегерілді.
Келесі жылы Apple компаниясы бүктелетін құрылғыны таныстырып, iPhone-ға жасанды интеллекттің кеңейтілген мүмкіндіктерін енгізуі мүмкін деп болжайды Barron's.








