Apple акциялары мәз емес: iPhone 17 мен ЖИ жаңа серпін бере ала ма?

Apple компаниясының тоқсандық есебі 31 шілдеде негізгі сауда сессиясы аяқталғаннан кейін жарияланады. Инвесторлар бұл деректерді үлкен сақтықпен күтіп отыр. Нарық қатысушыларының назары iPhone 17 болашағына, жасанды интеллект өнімдерінің дамуына, Қытайдағы сату көрсеткіштеріне және АҚШ-тың кедендік алымдарынан туындайтын қауіптерге аударылған.
Bloomberg Intelligence жинаған консенсус-болжамға сәйкес, Apple-дің үшінші тоқсандағы кірісі 2,4 пайызға, ал табысы 4,1 пайызға өседі деп күтілуде. Бұл көрсеткіштер Уолл-стриттің бүкіл технологиялық сектор бойынша күткен орташа өсімінен едәуір төмен. Салыстырмалы түрде айтсақ, сектор бойынша кіріс 16,8 пайызға, ал табыс 13 пайызға өсуі тиіс. Егер Apple бұл болжамнан асып түспесе, оның нәтижелері Meta, Microsoft және Alphabet секілді «Керемет жетілік» қатарындағы компаниялардың сәтті тоқсандарына қарама-қайшы болады.
Сарапшылар не дейді?
Goldman Sachs: Apple-дің қызмет көрсету секторындағы табысы тұрақты күйде қалмақ. Messages және FaceTime қосымшаларындағы тікелей аударма секілді жаңа ЖИ-функциялар iPhone жаңартуға деген сұранысты күшейтуі мүмкін. Банк Apple акцияларын сатып алуға кеңес береді. Мақсатты баға — 251 доллар. Бұл 20 пайыздық өсім әлеуетін білдіреді.
Wedbush: Компания да Apple акцияларын сатып алуға кеңес береді. Мақсатты баға — 270 доллар. Сарапшылар iPhone-ға деген сұраныстың тұрақты екенін, Қытайдағы сатылымның қалпына келе бастағанын және қызмет көрсету секторының күштілігін атап өтеді. Сарапшы Дэн Айвз бұл тоқсанды iPhone 17 шығарылымына дейінгі «жылыту кезеңі» деп бағалайды. Оның айтуынша, әлем бойынша құрылғылардың 20 пайызы төрт жылдан бері жаңартылмаған.
Morgan Stanley: Apple бірқатар қауіптерді еңсеруі қажет. Олардың қатарында — АҚШ-тың енгізуі мүмкін баж салығы, бұл компанияның операциялық моделіне қауіп төндіреді. Соған қарамастан, банк сарапшылары акцияларды сатып алуға кеңес береді. Мақсатты баға — 235 доллар.
Bank of America: Apple акцияларының бағасы жоғары және өсім қарқыны баяулаған. Бұл нарықтағы көңіл күйді нашарлатады. Оның үстіне, АҚШ Әділет министрлігінің Google төлемдеріне қатысты тергеуі, App Store мәселелері және ЖИ бағытындағы баяу ілгерілеу де қысым жасап отыр. Банк сарапшылары инвесторлар назарын Apple болжаған 46 пайыздық валдық маржаға аударады. Олар бұл тоқсанды компания үшін маржа тұрғысынан ең төменгі кезең деп санайды. Дегенмен, жаңа үлгілердің арқасында iPhone, Mac және iPad сатылымы артады деп күтеді. Акцияны сатып алуға ұсыныс сақталады. Мақсатты баға — 235 доллар.
Barclays: Компания акцияларына сақтықпен қарайды. Бірақ өткен тоқсанмен салыстырғанда нәтижелері сәл жақсы болуы мүмкін. Бұған валюталық айырмашылық, Mac пен iPhone сатылымының өсуі және кедендік алымдарға қатысты күтулер әсер етуі ықтимал. Қызмет көрсету табысы жылдық есеппен 11 пайызға өсуі мүмкін. Алайда екінші жартыжылдықта кері кету қаупі бар. Сондықтан банк акцияға «нарықтан төмен» рейтингін береді, яғни сатқан жөн деп санайды. Barclays Apple-дің ЖИ саласында ілгері жылжуын байқамайды.
Питер Андерсен (Andersen Capital): Apple-дің ЖИ саласындағы әлсіз көрсеткіштері сарапшыны алаңдатып отыр. Bloomberg хабарлауынша, ол Apple Intelligence жүйесін «ұятты» деп атады. Оның пікірінше, компания инновациялық серпінін жоғалтқан. «Apple — өсім көрсететін компания ретінде бағаланып келеді. Бірақ мен оның өсу қарқынында түбегейлі бетбұрыс болатынына сенбеймін. Ақырында бұл премиум бағалауынан айырылады», — дейді Андерсен.
Apple акцияларының жағдайы
Жыл басынан бері Apple акциялары 13 пайызға арзандады. Бұл көрсеткіш S&P 500 индексінен де, «Керемет жетілік» компанияларының көбісінен де әлдеқайда төмен. Тек Tesla-ның нәтижесі нашар.
Компания акциялары 200 күндік орташа көрсеткіштен төмен бағамен қатарынан 98 сессия бойы саудаланып келеді. Бұл 2023 жылдан бергі ең ұзақ кезең, деп хабарлайды Bloomberg.
31 шілдедегі есеп қарсаңында Apple акциялары шамамен 0,1 пайызға арзандады. Бұның алдында, алдыңғы күні олар 1 пайызға құлдырап, 209 доллардан сәл жоғары бағада жабылған. Бір аптада компания акциялары 2,3 пайызға арзандады. Бұл жаңа құлдырау толқынының немесе күшті есеп жағдайында 250 долларға дейін көтерілу мүмкіндігінің белгісі болуы мүмкін, деп жазады TradersUnion.
Компаниядағы жағдай
Apple жалпы нарықтан да, технология секторының өзінен де артта қалып келеді. Бұған техникалық әлсіздіктен бөлек, іргелі қауіптер қосылған.
Дональд Трамп әкімшілігінің шетелде өндірілген iPhone-дарға 25 пайыздық баж салығын енгізу ұсынысы және АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс компанияны өндірісінің бір бөлігін Үндістанға көшіруге мәжбүр етті. Сарапшылар бұл шараның ықтимал шығынын 900 млн доллардан аз деп бағалайды. Бірақ жеткізу тізбегінің бұзылу қаупі және реттеуші қысымның артуы инвесторларды алаңдатып отыр.
Компанияға қосымша қысым болып отырған тағы бір фактор — ИИ саласындағы кешеуілдеу. Азиядағы бәсекелестерінің агрессивті әрекеттері бұл кемшілікті одан сайын айқындай түсті. Apple Intelligence платформасы мен жаңартылған Siri жүйесінің кешігіп іске қосылуы — компания акцияларына деген қызығушылықты азайтады. Бұл әсіресе жасанды интеллект қор нарығының негізгі қозғаушы күшіне айналған 2025 жылы айқын байқалады.
Apple компаниясы қызмет көрсету табысы 10,7 пайызға, құрылғылар сатылымы 2,2 пайызға өседі деп болжайды. Бірақ TradersUnion жазуынша, бұл көрсеткіштер сыртқы сын-қатерлердің орнын толтыру үшін жеткіліксіз болуы мүмкін.








