БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Apple бір айда төртінші ЖИ-маманды жоғалтты — ол Meta-ға кетіп қалды

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Apple бір айда төртінші ЖИ-маманды жоғалтты — ол Meta-ға кетіп қалды

Apple жасанды интеллект саласындағы кезекті маңызды маманынан айырылды — бұл бір ай ішіндегі төртінші жағдай. Ол Meta-ға ауысты. Meta қазір нейрожелілермен жұмыс істейтін жаңа команданы белсенді жинап жатыр, әрі жоғары жалақы ұсынып, инженерлерді өз жағына тартуда.

Егжей-тегжейлі

Жұманы күні Apple-ден Чжан Бовэнь кетіп қалды — ол компаниядағы мультимодальды ЖИ бағытындағы жетекші зерттеушілердің бірі болатын. Bloomberg дерегі бойынша, ол Meta-ның жаңадан құрылған Superintelligence бөлімшесіне қосылады. Бұған дейін Чжан Apple-дің негізгі ЖИ технологияларын жасайтын AFM тобында жұмыс істеген. Бұл топ ондаған инженер мен зерттеушілерден тұрады.

Meta бұған дейін осы AFM тобының жетекшісі Пан Жоминді өз жағына тартып алған еді — оған $200 млн-нан асатын өтемақы пакеті ұсынылған. Кейіннен оның командасындағы Том Гюнтер мен Марк Ли де Meta-ға кетті. Дереккөздердің айтуынша Apple AFM қызметкерлеріне — тіпті кетуге ниет білдірмегендерге де — жалақыларын біртіндеп арттыра бастаған. Алайда бұл өзгерістер Meta секілді бәсекелестер ұсынған табыс деңгейімен салыстырғанда әлі де жеткіліксіз.

Apple акциялары 29 шілдеде Нью-Йорк биржасында 1,3%-ға төмендеп, $211,27 деңгейінде жабылды. Жыл басынан бері iPhone өндірушісінің қағаздары шамамен 16%-ға арзандады.

Apple-дің ЖИ командасында не болып жатыр

Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, басқа компаниялармен әңгімелесіп жатқан Apple инженерлері әлі де бар. Жуырда ИИ командасынан тағы бір маман — Флорис Вирс кетіп, стартапқа ауысқан. Агенттікке сұхбат берген кейбір топ-менеджерлердің пікірінше, Apple-дің өз ішінде ИИ шешімдерін жасап шығару бәсекелестерден қалуға себеп болып отыр. Ал «біз ИИ-ды өзіміз жасаймыз ба, әлде аутсорсингке береміз бе» деген белгісіздік команданың мотивациясын әлсіретіп, кадрлардың кетуін үдетіп отыр.

Компания басшылығы инженерлерді сабырға шақырып, олардың жұмысының маңыздылығын үнемі атап өтуде. Дегенмен Apple-дің ішкі саясаты компанияны бәсекеге қабілетсіз етіп отыр. Құпиялықты сақтау мақсатында Apple деректерді бұлтта емес, iPhone құрылғысының өзінде өңдеуді жөн көреді. Бұл — құрылғылардың қуаты деректер орталығымен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін ескерсек — ИИ мүмкіндіктерін айтарлықтай шектейді. Мысалы, Apple Intelligence негізінен 3 млрд параметрлі локалды модельде жұмыс істейді, ал бәсекелестерінің бұлтты шешімдері параметрлер саны триллионнан асады, деп жазады Bloomberg.

Сарапшылар не дейді

Apple үшінші қаржылық тоқсанның есебін 31 шілде күні Нью-Йорк қор биржасы жабылғаннан кейін жариялайды. Wall Street болжамы бойынша, компанияның жылдық табысы 4,2%-ға өсіп, $89,34 млрд болады — бұл өткен жылғы өсіммен салыстырғанда (4,9%) сәл төмен. StockStory мәліметінше түзетілген табыс бір акцияға шаққанда $1,43 болады деген консенсус-болжам бар.

Morgan Stanley-ден Эрик Вудринг Apple акцияларына деген нарықтық оптимизм тек бірнеше фактор бойынша айқындық орнаған соң ғана пайда болады деп есептейді. Бұл тек ЖИ стратегиясы ғана емес, сонымен қатар кедендік тарифтер мен Apple мен Google арасындағы іздеу келісімі бойынша антимонополиялық істің нәтижесі. Вудринг Apple акцияларын сатып алуға кеңес береді — оның рейтингі Overweight, мақсатты бағасы — $235, деп жазады Investor’s Business Daily.

Needham компаниясынан Лора Мартин өткен аптада клиенттерін Apple акцияларына қатысты сақтыққа шақырды. Оның айтуынша, Apple-дің жасанды интеллект саласында нақты стратегиясы жоқ, ал бұл оны басқа Big Tech компанияларынан 1–2 жылға артта қалдырып отыр. Сондықтан болашақта қандай да бір ЖИ жоспары компания үшін қымбатқа түседі: ол шығындардың, капиталық салымдардың өсуіне және мүмкін жаңа сатып алуларға алып келеді, деп ескертті Мартин.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары