Apple дағдарысқа ұшырай ма? Сарапшылар Тим Кукты ауыстыруды ұсынуда

Apple-ге қазіргі CEO Тим Куктың орнына басқа типтегі басшы қажет, логистикаға емес, өнімдерге басымдық беретін тұлға. Осындай пікірді LightShed Partners зерттеу компаниясының сарапшылары білдірді. Олар iPhone өндірушісінің жасанды интеллект саласындағы бір жылдан астам уақыттан бері шешілмей келе жатқан артта қалуын атап өтіп, түбегейлі өзгерістер қажет екенін айтты. Бұл жарияланым Тим Куктың ең жақын серіктерінің бірі — операциялық директор Джефф Уильямс компаниядан кететіні туралы жаңалық шыққан соң бірден пайда болды.
Егжей-тегжейлі
LightShed Partners сарапшылары Уолтер Пейсик пен Джо Галоненің пікірінше iPhone өндірушісінің жасанды интеллектпен байланысты проблемалары Apple үшін елеулі тәуекелдер тудырып отыр, сондықтан компанияға Тим Куктың орнына жаңа басшы жайлы ойланатын кез келді. Бұл туралы LightShed Partners сайтында жарияланған жазбада айтылған (тек тіркелгендерге қолжетімді).
«Apple-ге логистика емес, өнімге көңіл бөлетін CEO қажет. Компания тым көп өнім бағытын іске қосты, алайда олардың көбі не кеңейе алмады, не мүлде жүзеге аспады. Бірақ жасанды интеллект — жай ғана «жіптен тартып» іске қосуға болатын сала емес. Бұл бағыттағы қателік Apple-дің ұзақмерзімді даму бағытын және өсу әлеуетін түбегейлі өзгертуі мүмкін», — дейді сарапшылар. Тим Кук 2011 жылы Apple-дің CEO-сы атанғанға дейін жеткізу тізбектеріне жауап берген болатын.
Сарапшылардың айтуынша компания 2024 жылы WWDC әзірлеушілер конференциясында жасанды интеллект саласында серпіліс уәде еткен, бірақ уәделер толық орындалмаған және содан бері көп өзгеріс болмаған. Қазір бүкіл әлемде ІІ саласы өндірістерді қайта қалыптастырып жатқанда, Apple осы қысымға шыдай алмайтын компаниялардың қатарында қалу қаупі бар, деп ескертеді олар.
«Apple-дің айналасындағы «қорғаны» (яғни бәсекелестік артықшылықтары) тым мықты болғандықтан, оны ешкім алмастыра алмайды деген пікір кең таралған. Алайда біз технологиялық революциялар кезінде мұндай қорғандардың қалай құлағанын бұрын да көрдік», — дейді LightShed сарапшылары.
Apple-дің мәселелері
LightShed жазбасында Apple табысының негізгі қозғаушысы — сервистер екені айтылып, олар да осал деп көрсетілген:
— Компания жылына $20 млрд-тан астам табысты Safari браузеріндегі әдепкі іздеу жүйесі ретінде Google-дан алады — бұл табысты болашақта реттеуші органдар бұғаттауы мүмкін.
— App Store-дағы транзакциялардан ұстап қалатын комиссия да реттеушілер тарапынан өсіп келе жатқан қысымға тап болып отыр.
— Apple-дің стримингтік сервистері мен түпнұсқа фильмдері жалпы табыстың өте аз бөлігін ғана береді. Олар ең жақсы жағдайда маркетинг құралы ретінде ғана жұмыс істейді, ал нақты өсім драйверлері бола алмайды, дейді Пейсик пен Галоне.
Кук — нашар CEO ма?
«Тим Кук өз уақыты үшін дұрыс таңдау болды және, сөзсіз, орасан жұмыс атқарды, — дейді Пейсик пен Галоне. — Оның басшылығымен Apple $2 трлн-нан астам сомаға iPhone сатты. Ағымдағы тоқсанда iPhone сатылымы сәл жанданып қалуы мүмкін, бұл — кедендік баждар төңірегіндегі алаңдаушылық пен жаңарту циклдарының тұрақтануымен байланысты. Бірақ «жаңа суперцикл» туралы шексіз әңгіменің өзі күлкілі көрінеді».
Bloomberg атап өткендей, Кук CEO болған сәттен бастап Apple акциялары 1400%-дан астам өсті. Салыстырмалы түрде алғанда, сол кезеңде S&P 500 индексі шамамен 430%-ға ғана көтерілді. Алайда биыл Apple акциялары негізгі бәсекелестерінен айтарлықтай қалып қойды: олар 16%-ға төмендесе, Meta Platforms акциялары 25%-ға, ал Microsoft — 19%-ға өскен.
Контекст
9 шілдеде Apple компаниясы операциялық директор Джефф Уильямс жылдың соңына дейін қызметінен кететінін хабарлады. Ол көп жылдар бойы компаниядағы екінші адам және Куктың ықтимал мұрагері ретінде қарастырылып келген. Бұл — Apple үшін күрделі кезеңдегі маңызды кадрлық өзгеріс, компания баж салықтары салдарынан шығындардың өсуі, iPhone сатылымының төмендеуі және жасанды интеллект саласындағы артта қалумен бетпе-бет келіп отыр.
Уильямстың орнын шілде айында Сабих Хан басады — ол да Apple-де 30 жыл еңбек еткен ардагер. 2019 жылдан бері ол өндіріс пен жеткізу тізбегіне жауапты аға вице-президент ретінде топ-менеджмент құрамына енген. Енді ол тікелей Тим Кукқа бағынады және Bloomberg атап өткендей, қосымша жауапкершіліктер алуы мүмкін.
«Уолл-стрит Уильямстың қызметінен кетуі Apple-де елеулі өзгерістерге әкелмейтін оқиға ретінде қабылдады, — деп жазды Пейсик пен Галоне. — Бірақ дәл қазір Apple-ге өзгерістер қажет емес пе?».








