БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Apple-дың аса білікті басшысы қиын кезеңде қызметінен кетпек

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Apple-дың аса білікті басшысы қиын кезеңде қызметінен кетпек

Apple компаниясының операциялық директоры Джефф Уильямс қызметінен кететін болды. Ол ұзақ жылдар компаниядағы екінші адам және Тим Куктың ықтимал мұрагері саналған тұлға. Бұл – Apple үшін күрделі кезеңде болған маңызды кадрлық өзгеріс. Компанияның қазіргі ахуалы көңіл көншітпейді. Себебі кедендік алым салдарынан шығындардың өсуі, iPhone сатылымының төмендеуі және жасанды интеллект саласында бәсекелестерден қалып қою мәселелері әлі де өзекті. Осындай сәтте мұндай «ардагердің» кетуі инвесторлар үшін нені білдіреді?

Егжей-тегжейі

Apple мәлімдегендей, әзірге операциялық директор Джефф Уильямс шілде айында қазіргі қызметінен босатылады, ал жыл соңына дейін компаниядан толықтай кетеді. Сол уақытқа дейін ол дизайнерлік топ пен денсаулық сақтау жобаларына, яғни Apple Watch пен Health экожүйесіне жетекшілік етуді жалғастырады.

Уильямс Apple-ға 1998 жылы келген, ал 2015 жылы операциялық директор болып тағайындалған. Ол Apple Watch құрылғысының инженерлік жобасына жауапты болды және дизайнерлік бағытты басқарды. Сондай-ақ ол жыл сайын жүздеген миллион құрылғы шығаруға мүмкіндік беретін ауқымды жаһандық жеткізу тізбегін құрған. Он жылдан астам уақыт бойы Уильямс Apple бас директоры Тим Куктың сенімді серігі болды, әрі оның ықтимал мұрагері ретінде қарастырылды. Ол компаниядағы негізгі стратегтердің бірі саналады. MarketWatch атап өткендей, бұл оқиға – Apple тарихындағы ең елеулі кадрлық өзгерістердің бірі.

«Джеффтің Apple-ға қосқан үлесі зор, бірақ ол әрдайым көпшілік көзіне түсе бермейтін. Бұл жағдайдан соң менің акционер ретінде көңілім қалды. Уақыт өз дегенін алады, команданың ыдырап жатқандай әсері бар. Джеффтің орны қатты білінетін болады», – деді Bloomberg агенттігіне Уильямстың 2022 жылдың соңына дейін тікелей бағынысында жұмыс істеген Apple-дың бұрынғы вице-президенті Тони Блевинс.

Бұдан кейін не болады?

Шілде айынан бастап Уильямстың орнын тағы бір «ардагер» Сабих Хан басады. Ол Apple-да 30 жыл жұмыс істеп келеді. 2019 жылдан бастап операциялар жөніндегі аға вице-президент ретінде компанияның өндіріс пен жеткізу тізбегіне жауапты болды. Енді ол тікелей Тим Кукқа бағынып, қосымша міндеттер алуы мүмкін, олардың қатарында AppleCare қызметі де бар, деп хабарлайды Bloomberg.

MarketWatch атап өткендей, мұндай маңызды кадрлық өзгерістер Apple-дің күрделі кезеңінде болып отыр. Сондықтан жаңа қызметінде Хан бірнеше сын-қатермен бетпе-бет келеді. Apple Дональд Трамп енгізген кедендік алымдарға байланысты қысымды азайту үшін iPhone өндірісін Қытайдан Үндістанға көшіруді жеделдетіп жатыр. Алдағы жылдары компания өндірісті Қытайдан басқа елдерге шығарып, автоматтандыруды күшейтуі ықтимал. Сонымен қатар, реттеуші органдар тарапынан қысым артуда: Еуроодақта компания App Store жұмыс ережелерін қайта қарауға мәжбүр, ал АҚШ-та Google-мен жасалған көпмиллиардтық келісімді бұзуы мүмкін антимонополиялық іс қозғалды. Жаңа қызметінде Сабих Хан жасанды интеллект саласындағы мәселелерге де тереңірек араласатын болады. Осы аптада Apple-дың ЖИ модельдеріне жауапты маманы Meta компаниясына ауысты, ал Apple өз технологияларын күшейту үшін сыртқы әзірлеушілермен серіктестік орнату мүмкіндігін қарастыруда.

Инвесторлар үшін не маңызды?

Сабих Хан – Apple компаниясында үлкен тәжірибесі бар маман. Ол алты жыл бойы жеткізу тізбегін басқарды, жоспарлау, сатып алу, логистика және басқа да маңызды үдерістерге жетекшілік етті. Бұл – әсіресе Дональд Трамп әкімшілігінің болжап болмайтын сауда саясаты аясында аса маңызды. Осы тәжірибесін ескерсек, Wall Street сарапшылары Apple стратегиясында күрт өзгерістер болады деп күтпейді. Себебі, Тим Куктың өзі де Apple бас директоры қызметіне операциялық блоктан келген. 2011 жылға дейін ол операциялық директор қызметін атқарып, жеткізу тізбегін оңтайландыру шебері ретінде танылған. Сондықтан MarketWatch болжауынша, Кук алдағы уақытта да негізгі операциялық шешімдерге тікелей араласуын жалғастырады.

Bloomberg агенттігіне пікір білдірген Apple-дың бұрынғы инженері Мэтью Мурдың айтуынша, Хан қазірдің өзінде Apple-дың операциялық тобын басқаруда. Сондықтан команда «бағытынан адаспайды». Алайда негізгі алаңдаушылық Уильямс бақылауында болған басқа бағыттарға — Apple Watch пен денсаулық сақтау технологияларының дамуына қатысты болуы мүмкін.

MarketWatch жазғандай, инвесторлар үшін жетекші құрамның сабақтастығы Apple сияқты табысты тарихы бар компанияларға маңызды. Алайда сарапшылардың көбі Apple-ға серпіліс қажет екенін айта бастады. Себебі жылдың басынан бері оның акциялары 16 пайызға төмендеп, «Керемет жетілік» деп аталатын ірі технологиялық компаниялар арасындағы ең нашар көрсеткіштердің бірін көрсетті. Жасанды интеллект технологияларының күрт дамып жатқан кезеңінде инвесторлар Apple-дың жаңа дәуірде бәсекеге қабілетті бола алатынына күмәндана бастады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары