Apple мен Nvidia қызықтырмайды: ірі қорлар қай компанияларға ауысты?

Apple, Nvidia және «Керемет жетілікке» кіретін өзге компаниялар әлі де S&P 500 индексіндегі капиталдандырудың елеулі бөлігін құрағанымен, активтерді басқарушылар инвестиция үшін бұдан тыс компанияларды тартымдырақ деп санайды. Goldman Sachs инвестициялық қорлардың жаңа фавориттерін атады: олар қаржы және медицина саласының акциялары.
Егжей-тегжейлі
Бірінші тоқсанда активтерді басқарушылардың портфелінде ірі технологиялық компаниялардың үлесі эталондық индекстермен салыстырғанда төмен болған, деп түсіндірді Goldman Sachs. Бұл туралы Barron's жазады. Банк капитализациясы жоғары және акциялары $3,5 трлн болатын 541 қордың инвестициялық құрылымын талдады. Тоқсан бойынша Apple мен Nvidia антилидер атанды: iPhone өндірушісінің үлесі небәрі 3,3% болса, эталон индексінде бұл көрсеткіш 6,3% құраған. ЖИ өсімнің басты бенефициары Nvidia-ның үлесі қорларда 3,6% ғана, ал эталонда — 5%.
Қорлар тарапынан «бағаланбай қалған» топ он акцияның қатарына «Керемет жетілікке» кіретін тағы үш компания — Microsoft, Tesla және Alphabet енді: олар тиісінше төртінші, бесінші және сегізінші орындарды иеленді.
Мұндай қайта бөлініс дер кезінде жасалған шешім болды: 2025 жылы Apple акциялары 20%-дан астамға, ал Tesla шамамен 13%-ға төмендеді Технологиялық компаниялардағы үлесті қысқарту — биыл ірі қорлардың 50%-ына эталондық индекстерден озып шығуға мүмкіндік берген негізгі факторлардың бірі. Бұл көрсеткіш тарихи орташа деңгейден (37%) жоғары, деп есептейді Goldman Sachs.
Goldman Sachs есептеуінше, үшінші орынды Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway компаниясы иеленді. Ал Berkshire портфеліндегі ең ірі үлес — Apple-ге тиесілі. Бұл «Омаханың ораколы» басқаратын инвесткомпания акцияларының биыл 11%-дан астам өсуіне кедергі бола алмады. Алтыншы орынға чип пен микросхема өндіруші Broadcom акциялары жайғасты.
Кім фаворит болды?
Портфельдерде үлесі жоғары болған акциялардың қатарында Баффет ұнататын құндық акциялар (value stocks) бар — негізінен бұл банктер мен қаржы компаниялары. Goldman Sachs дерегінше, қорлар ең көп үлесті Wells Fargo (бұрынғы Berkshire инвестициясы) мен Bank of America-ға (қазіргі портфельдегі ең ірі активтердің бірі) арттырған. Сондай-ақ үздік ондыққа Visa мен Mastercard кірген — бұл төлем жүйелерінің акциялары да Berkshire қоржынында бар, делінген мақалада.
Қаржы секторы қазір нығайып келеді: өсімге ФРЖ тарапынан мөлшерлемені төмендету күтілімі, бірігу мен жұтылу мәмілелерінің артуы және Трамп әкімшілігі кезіндегі реттеуді азайтуға деген үміт түрткі болудаі, деп жазады Barron's. S&P 500 индексіндегі қаржы секторының қозғалысын бақылайтын Financial Select Sector SPDR биржалық қоры қаңтардан бері шамамен 4% өсім көрсетті.
Фондтарды басқарушылар денсаулық сақтау саласына да басымдық беріп отыр — әсіресе Medtronic медициналық жабдық өндірушісі мен Cigna сақтандыру компаниясының акцияларына. Бұл инвестициялар оң нәтиже көрсетіп отыр: жыл басынан бері Medtronic 2%-ға өсті, ал Cigna шамамен 15%-ға қымбаттады.
Кім жеңілді?
Бірақ медициналық сектордағы барлық инвестициялар өзін ақтамады. UnitedHealth Group сақтандыру компаниясының акциялары 2025 жылы инвестқорлар белсенді сатып алғанына қарамастан, әлсіз есеп басшылықтағы өзгерістер әсерінен күрт құлдырады.
2025 жылы UnitedHealth акцияларының 41%-ға дейін құлдырауы мен рентабельділік мәселелері орынды алаңдаушылық тудырып отыр. Дегенмен, табыстың тұрақты өсуі, күшті қаржылық балансы мен бұрыннан бері тұрақты жұмыс істеуі – бұл акциялардың жаппай сатылуы тым асыра әрекет болуы мүмкін, деп жазады Forbes.








