Google ма, әлде Nvidia ма: миллиардер Стив Коэн қай акцияларды сатып, қайсысын алды

Әлемдегі ең бай 100 адамның қатарына кіретін миллиардер-инвестор Стив Коэн жасанды интеллект (AI) саласындағы екі ірі ойыншының бірін таңдады. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында ол Nvidia-дағы ірі үлесін сатып, Google-дің бас компаниясы — Alphabet-тің акцияларын сатып алды. Бұл шешім миллиардердің басымдықтарының өзгергенін көрсетеді: қызып тұрған чип өндірушілерінен тұрақтырақ саналатын жарнама мен бұлтты технологияларға көшкен. Дегенмен, бұл сала да AI дамуына байланысты жаңа сын-қатерлерге тап болуда.
Nvidia
Қаңтар-наурыз айларында Коэн Nvidia-дағы үлесін екі еседен астам қысқартып, 2 миллионнан астам акцияны сатқанын TipRanks хабарлады. Компания табысының өсуі жалғасып жатса да, Коэн AI өркендеуінен ең көп пайда көрген осы компанияның өсу қарқыны бәсеңдеуі мүмкін деген белгілерге назар аударған сыңайлы.
Бұл сақтықты D.A. Davidson-ның сарапшысы Гил Лурия қолдайды. Ол геосаяси ахуал өзгеріп жатқанда Nvidia-ның болашағын қайта бағалауға шақырады: «Microsoft, Amazon, Alphabet және Meta Platforms-тың ауқымды капиталдық шығындарын біртұтас сұраныс көрсеткіші ретінде қарау қазіргі шынайылықты толық қамтымайды. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қарым-қатынастарындағы ілгерілеу мен шектеулерді жою – оң үрдістер. Бірақ жаңа ережелер қабылданбайынша Қытайға қатысты шектеулер – теріс фактор».
Лурияның айтуынша Nvidia Қытайға жеткізуге тыйым салынған H20 чипінің орнына баяу нұсқасын ұсынуы мүмкін. Алайда уақыт өте келе бұл чиптерді өнімділігі тез артып келе жатқан қытайлық баламалар алмастыруы ықтимал.
Ол Nvidia акцияларына бейтарап (Hold) рейтинг беріп, бір жылдық мақсатты бағаны $120 деп белгілеген — бұл қазіргі бағадан 9% төмен. Жалпы сарапшылардың көпшілігі Nvidia-ны әлі де сатып алуға кеңес береді: TipRanks дерегі бойынша, 34 сарапшы «сатып ал» десе, 3-еуі — «ұстап тұру», 1-еуі — «сату» дейді. Орташа мақсатты баға — $164,51, бұл қазіргі бағадан 25% жоғары.
Alphabet
Коэн сонымен қатар AI саласындағы тағы бір ірі ойыншы — Alphabet-ке сенім артты. Ол бірінші тоқсанда Google-дің бас компаниясының акцияларына жаңадан $68 млн инвестиция құйды. Бұл шешім Уолл-стрит аңызының ChatGPT сияқты AI технологиялары интернет іздеу мен жарнамаға негізделген Alphabet бизнес-моделіне қауіп төндіріп тұрғанына қарамастан, компанияның бейімделу қабілетіне сенетінін көрсетеді.
Tigress Financial сарапшысы Айван Файнсет — Уолл-стриттегі үздік сарапшылардың бірі (TipRanks дерегі бойынша) — Alphabet-тің инвестициялық әлеуеті айқын деп есептейді. Оның пікірінше компанияның өз AI шешімдеріне (мысалы, Gemini чат-боты) бағытталған агрессивті инвестициялары және негізгі өнімдерге жаңа функцияларды сәтті енгізуі Alphabet-тің өсуіне берік негіз қалайды.
Файнсет Alphabet бойынша Уолл-стриттегі ең жоғары мақсатты баға — $240 белгілеген, бұл ағымдағы деңгейден 42% жоғары. Басқа сарапшылар да бұл пікірді қолдайды: TipRanks мәліметінше 28 сарапшы акцияны сатып алуға кеңес берсе, 9-еуі — ұстап тұруды жөн көреді. Alphabet акцияларының орташа мақсатты бағасы — $197,7, бұл 12 ай ішінде 17% өсімді білдіреді.
Контекст
Стив Коэн Forbes Real-Time деректері бойынша $21,3 млрд байлығымен әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 98-орында. Оның Point72 Asset Management хедж-қоры $35 млрд активті басқарады. Бұған дейін Коэн тарихтағы ең табысты хедж-қорлардың бірі — SAC Capital-ды басқарған. Алайда бұл қор 2013 жылы инсайдерлік сауда бойынша кінәсін мойындағаннан кейін жабылған болатын.








