БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Nvidia жаңа ЖИ-өнімдерін және ашық платформаны таныстырды. Инвестор үшін маңыздысы

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Nvidia жаңа ЖИ-өнімдерін және ашық платформаны таныстырды. Инвестор үшін маңыздысы

Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг Азиядағы электрониканың басты көрмесі — Computex-ті айтулы жаңалықтармен ашты: компания жасанды интеллектке арналған жаңа чиптер мен серверлік жүйелерді таныстырды. Жаңалықтар ЖИ-есептеуге сұраныстың қарқынды өсуін қолдап, бәсекелестік күшейгеніне қарамастан технологиялық көшбасшылықты сақтауды көздейді. Дәл осы бәсеке Nvidia-ны ЖИ-серверлерге арналған платформасын монополиялық форматта ұстаудан бас тартуға мәжбүр етті.

Мәліметтер

Nvidia басшысы GB300 серверлік жүйелерінің сатылымы үшінші тоқсанда басталатынын мәлімдеді. GB300 — қазірдің өзінде бұлт провайдерлеріне орнатылып жатқан Grace Blackwell флагманының жетілдірілген нұсқасы, деп жазады Bloomberg.

Тағы бір маңыздысы, чипмейкер өнімдер ассортименті мен нарығын белсенді кеңейтіп жатыр. Қытайдың DeepSeek нейрожелісімен жұмыс істеген жаңа RTX Pro сервері алдыңғы H100 флагманынан төрт есе жылдам болып шықты, ал корпоративтік сегментке арналған ықшам Spark және Station жұмыс станцияларын енді Acer мен Gigabyte да (Dell және HP-мен қатар) сатады, деп хабарлайды агенттік.

Сонымен бірге Nvidia күтпеген қадамға барды — NVLink нейрожелілік серверлер платформасын бәсекелес чиптер үшін ашты. NVLink — компанияның графикалық және орталық процессорларын жоғары жылдамдықпен біріктіріп, дерек алмастыруға арналған шешімі. Бұған дейін ол тек Nvidia чиптері үшін қолжетімді еді. Енді клиенттер өзге өндірушілердің процессорларымен біріктіріп, «жартылай кастомды ЖИ-инфрақұрылым» құра алады, деді Хуанг.

Мұндай ымыра компанияға дата-орталықтарға серверлік шешімдерін көбірек енгізіп, табысын арттыруға мүмкіндік береді, деп жазады Barron’s. Бастаманы бірнеше ірі өндіруші қолдады: Qualcomm мен Fujitsu сервер сөрелеріне арналған орталық процессорлар әзірлейді, MediaTek пен Marvell ЖИ-чип шығаруға кіріседі.

CNBC атап өткендей, Broadcom, AMD және Intel сынды қарсыластар әзірге NVLink экожүйесіне қосылған жоқ.

Сарапшылар не дейді

Bloomberg сарапшысы Стивен Ценг инвесторлар TSMC және басқа серіктестердің 2025 жылдың екінші жартысында GB300 серверлерінің өндірісін ЖИ-есептеуге өсіп жатқан сұранысты қанағаттандыратындай деңгейге жеткізе алар-алмайтынын қатаң бақылайды деп атап өтті. Сондай-ақ, жалпы ЖИ-серверлерге сұраныс перспективасы экономикалық және геосаяси тұрақсыздық аясында мұқият қайта бағалануы мүмкін, деп ескертті ол.

CNBC келтірген жартылай өткізгіштер мен технологиялар бойынша сарапшы Рэй Ван ашық NVLink платформасының артықшылықтарына назар аударады. Оның пікірінше бұл технология «Nvidia-ның келесі ұрпақ ЖИ-фабрикаларының орталығындағы орнын күшейтеді», өйткені тек өз чиптеріне ғана сүйенбейтін клиенттерге де икемді жүйелер құруға жол ашады. Егер NVLink кеңінен таралса, Nvidia-ның саладағы ықпалын едәуір ұлғайта алады, дейді Ван.

New Street Research аналитигі Рольф Балк тәуекелдерге тоқталды: енді клиенттер бәсекелес шешімдерді қолдана алатындықтан, Nvidia процессорларына сұраныс азаюы мүмкін. Дегенмен ол «қосымша икемділік GPU-ге негізделген Nvidia шешімдерінің жаңадан пайда болған баламалы архитектураларға қарағанда бәсекелестік қабілетін күшейтеді, бұл компанияға ЖИ-есептеулер экожүйесінде көшбасшылығын сақтауға көмектеседі» деп мойындайды.

Акциялардың жағдайы

Nvidia басшысының серверлік платформаны бәсекелес шешімдерге ашу уәдесінен кейін компания акциялары Нью-Йорк премаркетінде 3 %-дан астам төмендеді. Investor’s Business Daily есептеуінше нарық соңғы бес айға жуық Nvidia акцияларының бұдан әрі қай бағытта жылжитынын шеше алмай келеді — баға кедендік баж салықтары мен Қытайға экспортқа қойылған жаңа шектеулер, сондай-ақ Microsoft-тың кейбір дата-орталықтар қуатын жалға алудан бас тартқаны туралы хабарламаларға қатысты белгісіздік аясында тар дәлізде құбылып тұр.

Егер Nvidia акциялары $153,13 деңгейінен жоғары көтерілуге және сол деңгейде қалуға қабілетті болса, бұл жаңа өрлеу тренді басталғанын көрсететін техникалық белгі әрі сатып алуға сигнал болады, деп жазады Investor’s Business Daily. $153,13 деңгейі — 7 қаңтарда тіркелген тарихи максимум.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары