Huawei жаңа жасанды интеллект чипін жасады, ол Nvidia өнімдерімен бәсекелесе алады

Huawei өз тарихындағы ең қуатты жасанды интеллект процессорын сынақтан өткізуге дайындалуда. Ол Nvidia-ның Қытай нарығындағы чиптерімен бәсекелесе алады, деп хабарлады The Wall Street Journal дереккөздері. Бұл жаңалықтан кейін Nvidia акциялары арзандап кетті — инвесторлар Huawei-дің технологиялық серпілісі компанияның Қытай нарығындағы үлесін тарылтуы мүмкін деп қауіптенеді.
Толығырақ
Пекинге тәуелді технологиялық алпауыт Huawei нейрожелілер үшін жаңа қуатты процессор — Ascend 910D жасап шығарды, деп жазды WSJ. Дереккөздердің айтуынша Huawei мамыр айының соңында чиптердің сынақтық партиясын шығарып, бірнеше қытайлық клиенттерге өнімділікті тексеруге ұсынды. Компанияның мақсаты — жаңа Ascend 910 нұсқасы (бұған дейінгілері 910B және 910C деп аталған) 2022 жылы шыққан Nvidia H100 чипінен озық болу.
28 сәуір күні Nvidia акциялары алдымен Robinhood платформасының тәулік бойы саудасында 1,7%-ға, кейін Nasdaq премаркетінде де төмендеді.
Контекст
2022 жылы АҚШ үкіметі Nvidia H100 процессорларын Қытайға жеткізуге тыйым салған еді. 2025 жылдың көктемінде Ақ үй жаңа шектеулер енгізді — Қытай нарығына арнайы «шектелген» H20 чиптерін сату үшін экспорттық лицензия талап етіле бастады. Сәуір айында Nvidia бұл шектеулер салдарынан $5,5 млрд жоғалтуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Huawei-дің «импортты алмастырған» Ascend 910B чипі 2022 жылы серверлерде алғаш байқалған. Ascend 910C екі 910B чипінен құралған және Nvidia H100 өнімділігінің шамамен 60%-ын береді. Өткен аптада Reuters Huawei мамырда 910C чиптерін жаппай жеткізе бастайтынын хабарлады. Осы жаңалықтан кейін Nvidia акциялары 4,5%-ға құлдырады.
Huawei сапалық артта қалушылықты санмен өтейді — 2025 жылдың сәуірінде ұсынылған CloudMatrix сервер жүйесінде 384 Ascend 910C чипі орнатылған, бұл кейбір міндеттерде 72 Blackwell чипімен жабдықталған Nvidia жүйесінен асып түседі, дегенмен энергия тұтынуы жоғары, деп атап өтті WSJ. SemiAnalysis зерттеу компаниясы Қытайда энергияны көп тұтыну айтарлықтай проблема емес екенін айтады.
Cарапшылардың ұстанымы
Өткен аптада Morgan Stanley Nvidia акцияларының мақсатты бағасын $162-ден $160-қа, Rosenblatt — $200-ден $178-ге, Barclays — $175-тен $155-ке, Deutsche Bank — $135-тен $125-ке төмендетті. Инвестициялық рейтингтер өзгеріссіз қалды: Rosenblatt — «сатып алу» (Buy), Morgan Stanley және Barclays — «нарықтан жоғары» (Overweight), Deutsche Bank — «ұстау» (Hold). UBS Nvidia акцияларына оң көзқарасын сақтап, мақсатты бағаны $180 деңгейінде қалдырды. Bernstein де акцияларды сатып алуға кеңес берді және мақсатты бағаны $185 деп растады.








