«Siri туралы үнсіздік бәрін айтып тұр»: Apple конференциясынан кейінгі сарапшылар ойы

Apple компаниясы өткен жылғы Apple Intelligence бастамасындағы сәтсіздіктен кейін сақтық танытып, барлық жоспарын бірден жарияламауға тырысып отыр. Бұл туралы Wedbush компаниясының сарапшысы Дэн Айвз пікір білдірді.
9 маусым күні өткен әзірлеушілерге арналған конференцияда Apple жасанды интеллект саласында бәсекелестерінен озуына мүмкіндік беретіндей ештеңе көрсетпеді. Уолл-стрит сарапшыларының айтуынша, компания үшін жаңа технологиялар сатып алу арқылы ғана жағдайды түзеу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта iPhone өндірушісі үшін бұл саладағы мүмкіндіктер тарылып барады. Жарқын жаңалықтардың болмауы Apple акцияларының 1 пайызға төмендеуіне әкелді, ал жыл басынан бері құлдырау 20 пайызға жуықтады.
Егжей-тегжейі
Forrester Research сарапшысы Дипанджан Чаттерджи Associated Press агенттігіне берген сұхбатында Siri туралы ештеңе айтылмағанын маңызды белгі деп есептейді. Оның айтуынша, мәтінді түзету немесе күлкілі эмодзилер қанша жерден қосылса да, олар интуитивті, ақылды көмекші жүйесінің орнын баса алмайды. Siri болашақта қандай болуы мүмкін екенін білмейміз, бірақ оған берілген уақыт азайып барады, ал Apple нақты әрекетке көшуі керек.
IDC сарапшысы Франсиско Жеронимоның айтуынша, бұл конференция үлкен технологиялық серпілістер туралы емес, платформа мүмкіндіктерін жетілдіру, әзірлеушілерге жаңа құралдар беру және болашаққа негіз қалау мақсатында өткен. Оның пікірінше, Apple өзінің жасанды интеллект стратегиясынан бас тартпағанымен, оны жүзеге асыру бұрын ойлағаннан ұзаққа созылуы мүмкін.
Melius Research сарапшылары да компанияның осы жолғы іс-шарасы бәсекелестерінен қалып қойғаны туралы пікірді өзгертпегенін атап өтті. Олар Apple-дің жағдайын өзгерту үшін жаңа серіктестіктер мен қызметтер қажет екенін айтады. Компания әдетте стартаптар сатып ала бермесе де, дәл қазір бұл қадам орынды болуы мүмкін. Мәселен, құны 14 миллиард долларға бағаланған Perplexity стартапын сатып алу Apple үшін үлкен шығын болмас еді.
Wedbush сарапшысы Дэн Айвзтың пікірінше, Apple осы жолы сақтық танытып отыр. Бірақ ендігі жылы компания үшін шешуші кезең болмақ. Жасанды интеллектті табыс көзіне айналдыру үшін Тим Кук пен оның командасына осы салада ірі сатып алулар жасау қажет болуы мүмкін. Сарапшы Apple-дің бұл қиындықтан шығатынына сенімді екенін айтады, бірақ инвесторлар алдағы жылы нәтижені күтеді.
Акция ахуалы
Конференция инвесторлардың көңілінен шықпады. 9 маусымда Apple акциялары 1,2 пайызға төмендеп, 201,5 доллар болды. Жыл басынан бері құлдырау 19 пайыздан асты. MarketWatch дерегінше, Apple компаниясын бақылайтын 50 сарапшының 31-і ғана акцияны сатып алуға кеңес беріп отыр. Бұл — өткен аймен салыстырғанда бір адамға аз.
Apple неге артта қалды?
Barron’s басылымының жазуынша, 2022 жылы OpenAI-дың ChatGPT чатботының жарыққа шығуы жасанды интеллекттің қазіргі дамуын бастаған. Apple бұл жағдайға дайын болмаған. Компания өз өнімдерінде жасанды интеллект элементтерін бұрыннан қолданса да, Siri-ді толыққанды көмекшіге айналдыруға қол жеткізе алмады.
2024 жылы компания Apple Intelligence деп аталатын жаңа функциялар жиынтығын таныстырды. Алайда олардың бір бөлігі кейінге қалдырылып, қалғандары аралас пікірлер тудырды. WWDC кезінде Apple-дің аға вице-президенті Крейг Федериги компанияның Siri-ді жекелендіріп жетілдіру бағытында жұмысын жалғастырып жатқанын айтты және келесі жылы толығырақ ақпарат беруге уәде етті.
Apple жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізудегі кешеуілдеуін қауіпсіздік пен құпиялық мәселелерімен түсіндіреді. Қазір компанияның 2 миллиардтан астам белсенді құрылғысы бар, сондықтан кез келген жаңарту ауқымды әсер етеді. Apple алғашқы нұсқаларға әлсіз жауап алғаннан кейін сақтықпен әрекет ете бастады. Қолданушылар деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін компания жеке бұлтты инфрақұрылым — Private Cloud Compute жүйесін пайдаланады. Алайда бұл шешім Nvidia технологияларын қолданатын бәсекелестерге қарағанда Apple-ді біраз шектейді.








