iOS жүйесінің жаңа дизайны мен жедел аударма: Apple-дың айтары бар ма?

9 маусым күні Apple компаниясының дәстүрлі әзірлеушілерге арналған WWDC конференциясы басталады. Инсайдерлердің айтуынша, биыл компания соңғы 12 жылда болмаған ең ауқымды операциялық жүйе жаңартуын таныстырады және жасанды интеллектке (ЖИ) негізделген жаңа функцияларды ұсынады.
Apple алғаш рет өз ЖИ жүйесін бір жыл бұрын таныстырған еді, алайда ол бұл салада бәсекелестерінен әлі де артта қалып отыр және өзі уәде еткен кей мүмкіндіктерді де толық іске асыра алмады. Сарапшылардың кейбірі бұл жолы да қандай да бір технологиялық серпіліс болады деп күтудің қажеті жоқ деп есептейді. Жаңа iPhone модельдерінің тұсаукесеріне үш ай қалғанда Apple не көрсете алар екен. Соны шолып өтейік.
Apple-ден не күтеміз?
— Операциялық жүйелердің ауқымды жаңартуы.
Yahoo Finance мәліметінше, Apple iOS, iPadOS және macOS операциялық жүйелерінің дизайнын Vision Pro гарнитурасында қолданылатын visionOS стиліне жақындатады. Жаңа дизайн иконкалардан бастап мәзірлер мен қосымшаларға дейін интерфейстің барлық негізгі элементтерін қамтиды. Бұл — iOS жүйесі үшін 2013 жылдан бергі ең ірі, ал macOS үшін 2020 жылдан бергі ең ауқымды өзгеріс болмақ. Жаңа буындағы құрылғылардың дизайны мен бағдарламалық жасақтамасының жаңаруы Apple өнімдерін бұрынғыдан да тартымды ете алады. Айта кетейік, iPhone 17 үлгілері 2025 жылдың күзіне жоспарланған.
— ЖИ негізіндегі жаңашылдықтар.
Yahoo Finance дерегінше, Apple жасанды интеллектке негізделген бірнеше жаңа функцияны жариялайды. Алайда бұл конференцияда ЖИ басты тақырып болмай қалуы мүмкін.
Бірінші кезекте, компания iPhone-ның қуат көзін басқаруға арналған ЖИ жүйесін көрсетпек. Бұл функция құрылғыны пайдалану тәсіліне қарай энергия тұтынуды автоматты түрде реттейді.
Тағы бір жаңалық — AirPods құлаққаптарына арналған нақты уақыттағы аударма функциясы. Бұл мүмкіндік әртүрлі тілде сөйлейтін адамдарға AirPods арқылы бір-бірімен бірден түсінісуге жағдай жасайды. Айта кетсек, бұған дейін Apple AirPods Pro модельдеріне есту аппараттарына тән функциялар енгізген болатын.
Сондай-ақ, Apple өзінің үлкен тілдік модельдерін (LLM), яғни қазіргі ЖИ технологиясының негізін құрайтын бағдарламалық жүйелерді сыртқы әзірлеушілерге қолжетімді етуді жоспарлап отыр. Бұл Apple ЖИ-на негізделген қосымшаларды тікелей iPhone құрылғыларында (бұлтсыз) жасауға жол ашады.
— Ойынға арналған жаңа қосымша.
Компания барлық ойын тәжірибесін бір жүйеге біріктіретін жаңа ойын платформасын әзірлеуде. Ол қазіргі Game Center-дің орнына келмек. Yahoo Finance бұл арқылы Apple өз құрылғыларының ойын ойнауға арналған консольдер мен компьютерлерден кем түспейтінін көрсеткісі келетінін айтады.
Дегенмен, Apple классикалық ойындардың кең таңдауын ұсынбайтындықтан, бұл бағытта әлі толық жетістікке жеткен жоқ. Соған қарамастан, App Store дүкенінің арқасында компания мобильді ойын нарығындағы ірі ойыншылардың бірі болып қала береді. Ойындарды бір ортаға шоғырландыру — әрі пайдаланушыға, әрі компанияға тиімді қадам болмақ.
Бұл инвесторлар үшін нені білдіреді?
Bloomberg-тің хабарлауынша, алдағы іс-шара инвесторлардың назарын Apple-дің кедендік баж салығына қатысты мәселелерден гөрі, компанияның ЖИ саласындағы артта қалуы сияқты маңызды проблемаларға аударуы мүмкін. Уолл-стрит сарапшыларының көбі Apple 2025 жылғы WWDC-де ЖИ бойынша ірі жаңалықтар ұсынбайды деп болжап отыр. Бұл болжам компания акцияларына қысым түсіруі ықтимал.
«Apple-дің ЖИ саласындағы нақты жетістіктерге жете алмағанын жоққа шығару қиын. Егер WWDC-де компания ЖИ-ды өнімдеріне қалай тиімді кіріктіретінін және оны жаппай пайдаланушыға қолжетімді ете алатынын нақты көрсетсе — бұл жақсы әсер қалдыруы мүмкін. Ал егер ондай болмаса, онда адамдарды жаңа iPhone үшін көбірек төлеуге не итермелейді?», — дейді Bloomberg келтірген пікірінде Parnassus Investments қор компаниясының портфельдік басқарушысы Эндрю Чой.
Чой Apple-дің баяу өсіп келе жатқанын, табыстылықты арттыру мүмкіндігі шектеулі екенін, АҚШ-Қытай қатынасы мен баж салығына тәуелділіктің де тәуекел тудыратынын атап өтті. Сонымен қатар, оның сөзінше, бәсекелестер өз ЖИ шешімдерін қарқынды дамытып жатыр.
«Мұндай жағдайда Apple акциялары әлі де қымбат болып отыр. Жалпы алғанда, жағдай аса тартымды көрінбейді», — деп түйіндеді сарапшы.
Дегенмен, Rye Consulting Group бас инвестициялық стратегы Марк Бронзоның пікірінше, Apple ЖИ саласында әлсіздік танытып жатса да, компания акциялары инвестиция үшін әлі де тартымды. Оның айтуынша, Apple-дің басты артықшылықтары — ауқымды пайдаланушы базасы, жоғары маржалы қызмет көрсету секторы және тұрақты табыс. Бұл компанияға акцияларды кері сатып алу және дивиденд төлеу арқылы инвесторларға капитал қайтаруға мүмкіндік береді.
«Apple-дің ЖИ функциялары – практикалық, бірақ «уау-эффектісіз» болмақ. Қазір компанияда Nvidia, Microsoft немесе Amazon секілді ЖИ арқылы өсуге негіз болатын жарқын жаңалықтар жоқ. Алайда тұрақты ақша ағымы мен қызмет көрсету экожүйесі оған жоғары P/E көрсеткішін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Нарық құбылғанда кейде «көңілсіз» акциялар әлдеқайда сенімді болады», — дейді Бронзо.
Apple акцияларымен не болып жатыр?
9 маусымдағы сауда кезінде Apple акциялары шамамен 1%-ға өсті. Алайда 2025 жылдың басынан бері бұл қағаздар 18%-ға арзандап, технологиялық Nasdaq 100 индексіндегі ең әлсіз компанияға айналды (индекстің өзі сол аралықта 3%-ға өскен).
Apple бағасының төмендеуіне АҚШ-тың баж салығы мен геосаяси тұрақсыздық әсер етті. Бірақ ЖИ саласындағы артта қалу да бағамға кері әсер еткен маңызды фактор болды, деп жазады Bloomberg.
Bloomberg бақылауындағы сарапшылардың 60%-дан азы Apple акцияларын сатып алуға кеңес береді. Бұл — Microsoft, Nvidia, Amazon, Alphabet, Meta және Broadcom сынды АҚШ-тың алпауыт техкомпанияларымен салыстырғанда ең төмен көрсеткіш.








