Apple конференциясы мен инфляция бойынша деректер: осы аптада инвесторларды не күтеді

9–15 маусым аралығындағы апта АҚШ-тың қор нарығына инвестиция салатындар үшін жаңа драйверлерге толы болмақ, деп жазады Quartz. Апта дүйсенбіде басталады — Apple компаниясының екі күндік конференциясы өтеді. Нарық бұл шарада жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы ықтимал жаңалықтарға назар аударады, өйткені олар компанияның өсуіне жаңа серпін беруі мүмкін. Аптаның ортасында инфляцияның негізгі көрсеткішіне қатысты жаңа деректер жарияланады — бұл АҚШ-тың Федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлеме бойынша келесі шешіміне ықпал етуі мүмкін. Сондай-ақ корпоративтік технологиялар саласында жұмыс істейтін Adobe және Oracle компанияларының тоқсандық есептері күтіледі. Бұл есептер бизнес үнемдеу режимін жалғастыра ма, әлде жұмсартуға дайын ба екенін түсінуге көмектеседі.
Дүйсенбі, 9 маусымда, Apple компаниясының WWDC әзірлеушілерге арналған конференциясы басталады. Бұл шараға тұтынушылық электрониканың даму барысын қадағалайтындардың барлығы назар аударып отыр. CNN мәліметінше биыл бұл конференция бұрынғыдан да маңыздырақ. Дәл бір жыл бұрын дәл осы конференцияда Apple өздерінің Apple Intelligence жасанды интеллект жүйесін таныстырған болатын. Алайда оны ендіруде әлі де қиындықтар бар және компания өзінің бұл саладағы орнын нақтылауы тиіс — Google мен Microsoft сияқты бәсекелестердің табыстары аясында. Apple акциялары биыл нарықтан едәуір қалып қойды, сондықтан Quartz пікірінше WWDC конференциясы инвесторлардың көңіл-күйі үшін бетбұрыс нүктесі болуы мүмкін.
Yahoo Finance жазуынша технологиялық алып компания өз операциялық жүйелеріне жаңартулар ұсынып, көптен күткен ЖИ-функцияларды кеңейту туралы жариялауы мүмкін. Мысалы, Apple Intelligence жүйесі үшінші тарап әзірлеушілерге қолжетімді болуы мүмкін немесе Google Gemini-мен бірігуі мүмкін, деп болжайды Inc.com. Алайда басылым айтарлықтай серпіліс күтпейді: компания тарапынан бәсекеге қабілетті генеративті ЖИ немесе Siri жүйесінің елеулі жаңартуы болмайтын сияқты.
Осы күні Лондонда АҚШ пен Қытай өкілдерінің сауда мәселелері жөніндегі кездесуі өтуі тиіс. Bloomberg-тің хабарлауынша басты тақырып — сирек кездесетін металлдар мен озық технологиялардың экспорты. Бұған дейінгі келіссөздер раунды күтпеген жерден уақытша бітіммен және жоғары баж салығының басым бөлігін тоқтатумен аяқталған еді, бұл нарықтағы оң көңіл-күйді қолдады.
Дүйсенбі күні тоқсандық есептерін Casey's General Stores (жанармай құю станциялары мен дүкендер желісі), Calavo Growers (агроөнеркәсіптік компаниясы) және Lakeland Industries (қорғаныш киімдерін өндіруші компания) жариялайды.
Сейсенбі, 10 маусымда, GameStop видеойын дүкендер желісі өткен тоқсанға қатысты қаржылық нәтижелерін жариялайды. Компанияның негізгі бизнесі қиындықтарға тап болып отыр, ал инвесторлар оның криптовалюта стратегиясын жүзеге асыру барысына жіті назар аударуда. Мамыр айында GameStop алғаш рет $500 млн көлемінде биткойн сатып алған еді.
Сол күні Dave & Buster’s ойын-сауық мейрамханалар желісі де есеп береді, аналитиктер әсіресе жастар мен отбасылық клиенттер арасындағы тұтыну шығындарының жай-күйіне қатысты сигналдарды іздейді.
Сондай-ақ GitLab (бірлескен бағдарламалық жасақтама әзірлеу платформасы), J. M. Smucker (азық-түлік өндірушісі), United Natural Foods (табиғи өнімдерді таратушы), Academy Sports and Outdoors (спорт және туризм тауарлары дүкендері), Stitch Fix (онлайн киім таңдау сервисі) компаниялары есептерін жариялайды.
Ұлттық тәуелсіз бизнес федерациясы (NFIB) мамыр айындағы шағын бизнес иелерінің оптимизм индексінің мәліметтерін жариялайды. Бұл көрсеткіш Уолл-стритке олардың сенімділік деңгейі мен кадрларды жалдау ниеттері туралы түсінік береді. Yahoo Finance-тың жазуынша индекс 95,8-ден 95,9 тармаққа дейін көтеріледі деп күтілуде.
Сәрсенбі, 11 маусымда, аптаның басты оқиғасы — тұтыну бағалары индексінің (CPI) мамыр айына арналған көрсеткішінің жариялануы болады. Бұл дерек — Федералды резерв жүйесі негізгі пайыздық мөлшерлеме бойынша жаңа шешім қабылдардан бір апта бұрын шығарылады. Yahoo Finance-тың болжауынша Трамп енгізген баж салығына байланысты белгісіздік аясында соңғы уақытта байқалған жағымды жарияланымдарға қарамастан, индекс өсуін жалғастырады. Уолл-стриттің консенсус бағалауы бойынша CPI жылдық есептеуде 2,5%-ға өседі — сәуірдегі 2,3%-бен салыстырғанда. Сәуір есебінде ақпан 2021 жылдан бергі ең баяу баға өсімі тіркелген еді. Азық-түлік пен энергия бағаларын есепке алмайтын базалық индекс (core CPI) сәуірдегі 2,8%-дан кейін 2,9%-ға көтеріледі деп күтілуде. Core CPI айлық өсімі 0,2%-дан 0,3%-ға дейін үдейді.
Bank of America экономисі Стивен Жюно өз клиенттеріне жолдаған жазбасында: «Мамыр айында баж салығы тауарларға көбірек ықпал етеді, бірақ автосаладағы маусымдық факторлар мен қызмет көрсету секторының баға өсімінің баяулығы базалық инфляцияны шектейді», — деп жазды.
Сәрсенбі күні инвесторлар Oracle бұлттық технологиялар компаниясының тоқсандық есебін де күтуде. Бұл компанияның капиталық шығындарын аналитиктер жасанды интеллект инфрақұрылымына инвестициялар мен жалпы ЖИ нарығының болашағының маркері ретінде қарастырады. Өткен тоқсанда Oracle-дың кірісі мен пайдасы Уолл-стрит күткен деңгейден төмен болды, ал болашаққа болжам тіпті көңіл көншітпеді.
Осы күні есеп беретін өзге де елеулі компаниялар қатарына Victoria's Secret (әйел іш киімі мен косметика өндірушісі), Chewy (үй жануарларына арналған онлайн-дүкен), SailPoint (киберқауіпсіздік компаниясы) және Vera Bradley (жарқын түсті аксессуарлар өндірушісі) кіреді.
Бейсенбі, 12 маусымда, әлемге танымал бағдарламалық жасақтама өндірушілерінің бірі — Adobe компаниясының есебі жарияланады. Бұл есеп корпоративтік технологияларға деген сұраныс пен ЖИ-ге қатысты шығындардың жай-күйін түсінуге мүмкіндік береді. Quartz-тың жазуынша Уолл-стрит сарапшылары компанияның табысы $5,8 млрд деңгейіне жетеді деп болжап отыр. Бұл — сандық медиа-бизнес пен ЖИ негізіндегі өнімдердің тұрақты өсімімен байланысты.
Сондай-ақ Lovesac (модульді жұмсақ жиһаз өндірушісі) және RH (премиум үй тауарлары бренді) компанияларының тоқсандық нәтижелері белгілі болады.
Еңбек статистикасы бюросы мамыр айындағы өндірушілер бағасы индексінің (PPI) деректерін жариялайды — бұл көтерме деңгейдегі инфляция жайлы түсінік береді. Yahoo Finance мәліметінше, индекстің айлық өсімі 0,3% болады деп күтілуде (сәуірде -0,5% болған), ал жылдық көрсеткіш бойынша ол 2,4%-ға өседі.
Сонымен қатар 7 маусыммен аяқталған аптадағы алғашқы жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға өтініштер саны туралы есеп те жарық көреді. Өткен аптада бұл көрсеткіш 247 мыңды құрады — Quartz бұл деректі дабыл сигналы ретінде сипаттайды.
Жұма, 13 маусымда ірі тоқсандық есептер жоспарланбаған. Алайда нарықтар Мичиган университетінің маусым айына арналған тұтынушылық көңіл-күй индексінің алдын ала есебіне мұқият назар аударады. Бұл көрсеткіш әдетте екінші дәрежелі болып саналса да, экономикалық құлдырау кезеңдерінде қауіптің алғашқы белгісі іспетті ерте ескерту сигналы бола алады. Сондықтан бұл жолы оның маңызы ерекше болуы мүмкін, деп есептейді Quartz. Yahoo Finance болжамы бойынша индекс мамырдағы 52,2 тармағынан 52 тармаққа дейін төмендеуі мүмкін.








