Таңғы жаңалықтар: Meta-ның ірі ЖИ-келісімі, Корея бондтары, Үнді нарығы

Оңтүстік Кореяда саяси тұрақтылық пен жаһандық индекстерге енуге қатысты үміттерге байланысты шетелдіктер облигацияларды жаппай сатып алуда. Индияның қор нарығы жаңа тарихи биіктерге жақындап келеді: Julius Baer компаниясының пікірінше төмен және орта таптағы тұтыну белсенділігінің қайта жандануы, салықтар мен инфляцияның төмендеуі бұл өсімнің негізгі қозғаушы күші болады. Meta Scale AI деп аталатын генеративті жасанды интеллект экожүйесінің маңызды ойыншысына айналған стартапқа $10 млрд-тан астам инвестиция құю жөнінде келіссөз жүргізуде. Осы және өзге де тақырыптар туралы 9 маусымға арналған басты оқиғалар шолуында.
Шетелдіктер оңтүстіккореялық облигацияларды жаппай сатып алуда
Шетелдік инвесторлар 2023 жылдың сәуірінен бері оңтүстіккореялық облигацияларға ең жоғары қызығушылық танытуда: жаңа үкіметтің қалыптасуы аясында жергілікті активтерге сұраныс артып жатыр, деп жазады Bloomberg. Қаржы қадағалау қызметінің деректері бойынша бейсенбі, 5 маусымда, шетелдік инвесторлар $652 млн сомасында облигациялар сатып алған — бұл қатарынан 29-шы сауда күні таза сатып алу тіркеліп отыр. Жұма күні елдегі нарықтар мерекеге байланысты жабық болды.
Агенттік жазуынша Оңтүстік Кореяда билік вакуумынан кейінгі саяси айқындық жергілікті активтердің тартымдылығын арттырып отыр. Жаңа президент Ли Чжэ Мённің фискалдық жоспарларын қаржыландыру үшін қосымша мемлекеттік қарыз шығару қажет болуы мүмкін деген қауіп сақталып отыр, дегенмен пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі мен Оңтүстік Кореяның FTSE Russell World Government Bond Index индексіне қосылу ықтималдығы сұранысты қолдайды.
Басқа нарықтарда да оптимизм байқалады. Активтерді басқарушылар оңтүстіккореялық акцияларға салымдарды арттырып немесе оларға қатысты болжамдарын жоғарылатып отыр, ал Goldman Sachs стратегтері вона валютасының ревальвациясын күтуде.
Kospi индексі дүйсенбі күні 1,6%-ға өсіп, Азия нарықтарындағы өсімге жетекшілік етті. Алдыңғы екі апта бойы индекс әр аптада 4%-дан астам өсім көрсетті — бұл шетелдік инвестициялар ағыны мен президенттің акционерлер мүддесіне бағытталған саясатты ілгерілетуіне қатысты үміттермен байланысты.
Julius Baer Үндістан қор нарығынан рекорд күтеді
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша Julius Baer банкі ағымдағы қаржы жылының екінші жартысында Үндістан акциялары жаңа биіктерге жетеді, деп болжап отыр. Julius Baer India акциялар қорларын басқару бөлімінің басшысы Нитин Рахеджаның айтуынша «алдағы уақыттың негізгі тақырыбы – Үндістандағы тұтынудың жандануы» болмақ. Оның пікірінше шығындардың өсуіне төменгі және орта тап өкілдері себеп болады, бұған инфляцияның баяулауы, мол муссон жаңбырлары және табыс салығының төмендеуі ықпал етеді.
Акциялар бағасының жоғары болуы алдағы айларда нарықтың «бүйірлік трендте» болуына әсер етуі мүмкін, дегенмен Рахеджаның пікірінше қазан айынан кейін тұтынушылық сұраныстың артуы корпоративтік табыстың өсуіне әкеліп, NSE Nifty 50 индексі жаңа рекордтарға жетуі мүмкін. Қазір индекс өткен жылдың қыркүйегінде тіркелген рекордтан небәрі 4,6%-ға төмен тұр, ал орталық банктің соңғы пайыздық мөлшерлемені айтарлықтай төмендетуі жаңа раллиге үміт тудырып отыр.
Сэм Альтманның радужка сканері жобасы Ұлыбританияда іске қосылады
OpenAI компаниясының бас директоры Сэм Альтманның қатысуымен құрылған World биометриялық сәйкестендіру жобасы осы аптада Ұлыбританияда іске қосылады. Жоба аясында адам көзінің радужкасын (түрлі түсті қабығын) сканерлейтін Orb құрылғылары орнатылады. Алдағы айларда Манчестер, Бирмингем, Кардифф, Белфаст және Глазго қалаларында да құрылғылар орнатылады.
Жобаның мақсаты — дипфейк сияқты технологияларды қолдана отырып жасалатын алаяқтықты болдырмау. Жүйе адамның беті мен көздің радужкасын сканерлеп, сол арқылы адамды растайтын бірегей код жасайды. Содан кейін пайдаланушы біраз мөлшерде WLD криптовалютасын алып, World ID атты аноним идентификаторды Minecraft, Reddit, Discord сияқты қосымшаларда қолдана алады.
CNBC арнасына берген сұхбатында World жобасының негізгі әзірлеушілерінің бірі — Tools for Humanity компаниясының бас сәулетшісі Эдриан Людвиг аталған жүйеге қызығушылықтың артуы жасанды интеллектке қатысты алаяқтық қатерінің күшеюімен байланысты екенін атап өтті: бұл тәуекелдер онлайн-банкингтен бастап видеойындарға дейінгі салаларға әсер етуде. «Бұл енді жай теория емес. Бұл — күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды», — деді ол. Оның айтуынша, World жобасы ғылыми әзірлеме кезеңінен толыққанды желілік платформаға өтіп жатыр.
Жоба 2021 жылы іске қосылғаннан бері құпиялылыққа қатысты сынға жиі ұшырады. Алайда компания биометриялық мәліметтер шифрланатынын және бастапқы деректер жойылатынын мәлімдейді. Қазіргі таңда жоба 13 млн расталған пайдаланушыға ие және ауқымды түрде кеңеюде.
Meta Scale AI-ға $10 млрд-тан астам инвестиция құюы мүмкін — бұл компания тарихындағы ең ірі ЖИ-салым болмақ
Meta Platforms компаниясы жасанды интеллект саласындағы Scale AI стартапына көп миллиардтық инвестиция салу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Bloomberg дереккөздері. Инвестиция көлемі $10 млрд-тан асуы мүмкін — бұл жеке венчурлық қаржыландыру тарихындағы ең ірі келісімдердің бірі болады. Сонымен қатар, бұл Meta үшін ең ауқымды сыртқы ЖИ-инвестиция болмақ, өйткені компания бұған дейін негізінен ішкі зерттеулерге және ашық даму стратегиясына сүйеніп келген еді.
Келісімнің шарттары әлі нақты бекітілмеген және өзгеруі мүмкін. Meta мен Scale AI өкілдері Bloomberg сұрауына түсініктеме беруден бас тартты.
Scale AI стартапы Microsoft пен OpenAI сияқты клиенттерге машиналық оқыту модельдерін дамыту үшін қажетті мәліметтерді белгілеумен айналысады. Бұл стартап генеративті жасанды интеллекттің дамуы барысында негізгі бенефициарлардың біріне айналды. 2024 жылы компания Meta және Microsoft қатысқан қаржыландыру раунды аясында шамамен $14 млрд көлемінде бағаланған. Биылғы жылы компания $25 млрд бағалауы бойынша тендерлік ұсыныстарды талқылап жатқанын хабарлаған болатын.
Нарықтағы жағдай
9 маусым, дүйсенбі күні Азия нарықтары Вашингтон мен Пекин арасындағы сауда келіссөздеріне қатысты үміт пен Қытайдың инфляция және сыртқы сауда деректерінің жариялануынан кейін өсті, деп хабарлайды CNBC.
— Қытайдың құрлықтық CSI 300 индексі 0,18%-ға өсті, Гонконгтың Hang Seng индексі — 1,01%-ға.
— Жапонияның Nikkei 225 индексі — 1,05%-ға, кеңірек қамтитын Topix — 0,66%-ға көтерілді.
— Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 1,6%-ға, шағын компаниялар индексі Kosdaq — шамамен 1%-ға өсті.
— Үндістанның Nifty 50 және BSE Sensex индекстері сауда сессиясының басында шамамен 0,4%-ға көтерілді.
— Австралия нарықтары мемлекеттік мерекеге байланысты жабық.
— Бұл мәтін жарияланған сәтте АҚШ индекс фьючерстері аздаған теріс аймақта болды.








