«Нарықтар жеңіл тыныс алды»: АҚШ акциялары аптаны ақпаннан бергі максимумда аяқтады

АҚШ-тың негізгі акция индекстері 6 маусымдағы сауданы ақпаннан бергі ең жоғары деңгейде аяқтады. S&P 500 индексі қайтадан 6000 пунктке оралды. Акцияларға күткеннен жақсы шыққан жұмыспен қамту деректері әсер етті. Бұл АҚШ экономикасының баяулау қаупіне қатысты инвесторлардың алаңдаушылығын сәл де болса бәсеңдетті. Бұдан бөлек, нарық алдағы аптада Лондонда жалғасатын АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөздерін күтуде.
Егжей-тегжейлі
— Кең ауқымды нарық индексі S&P 500 жұмада 1% өсіп, ақпанның соңынан алғаш рет психологиялық шек болып саналатын 6000 пункттен асты. Дегенмен, сессия қорытындысы бойынша S&P 500 ақпандағы максимумнан әлі де 2%-дан астам төмен тұр.
— Dow Jones Industrial Average «көгілдір фишкалар» индексі де 6 маусымда 1% көтеріліп, күнді 42 763 пунктте аяқтады.
— Технологиялық сектордағы Nasdaq Composite индексі 1,2% нығайды, 19 530 пунктке дейін. Индекске Tesla акциялары қолдау көрсетті — олар бір күн бұрынғы құлдыраудан кейін 3,7% қымбаттады. Microsoft акциялары қатарынан екінші күн рекорд жаңарты, $470,4-ға дейін.
— Шағын капиталды компаниялар индексі Russell 2000 — 1,7% күрт өсті, 2132 пунктке дейін, бұл өсім қарқыны өзге индекстерден озды.
— Қазынашылық облигациялар кірістілігі төмендеді, ал доллар нығайды, дейді Bloomberg.
— Уолл-стриттің «қорқыныш индексі» деп аталатын Cboe құбылмалы индексі 16,77-ге дейін төмендеп, ақпаннан бергі ең төменгі жабылу деңгейін көрсетті, деп атап өтеді WSJ.
Акцияларға не әсер етті?
АҚШ Еңбек статистикасы бюросының дерегінше, мамыр айында ауыл шаруашылығынан тыс секторда 139 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл көрсеткіш Dow Jones болжамынан (125 мың) жоғары болғанымен, сәуір айындағы қайта қаралған және төмендетілген көрсеткіштен (147 мың) аз. Жұмыссыздық деңгейі 4,2% болып қалды, деп жазады CNBC.
Жұмысбастылыққа қатысты деректер инвесторлардың еңбек нарығына деген сұраныстың тез төмендеуі мүмкін деген алаңдаушылығын сейілтуге көмектесті. Себебі компаниялар баж салығының артуы және экономикалық белсенділіктің баяулауы секілді жоғары шығындармен бетпе-бет келіп отыр, деп атап өтеді Bloomberg.
Статистика жарияланғаннан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Федералдық резерв жүйесін негізгі мөлшерлемені толық пайыздық пунктке дереу төмендетуге шақырып, реттеуші басшысы Джером Пауэллге қысымды күшейтті.
«Еуропада мөлшерлеме 10 рет төмендеді, ал бізде бір ретте болмады. Пауэллге қарамастан, еліміз тамаша нәтиже көрсетіп жатыр. Толық 1 пайызға түсіріңдер! Бұл [экономика үшін] зымыран отыны секілді әсер береді!» — деп жазды Трамп жұмада әлеуметтік желіде.
Акциялар сондай-ақ АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің бәсеңдеуі мүмкін деген үмітпен де өсті: Трамп бұл елдер арасындағы келіссөздер дүйсенбіде жалғасатынын мәлімдеді.
Басқа да сарапшылар пікірі
«Ауыл шаруашылығынан тыс сектордағы жұмысбастылық есебі күткеннен жақсы шықты», — деді CNBC-ге берген сұхбатында Ameriprise компаниясының бас нарықтық стратегi Энтони Саглимбене. — «Еңбек нарығының кейбір баяулау белгілеріне қарамастан, әлі де тұрақты екенін көрсетеді».
Сарапшы баж салығының инфляцияға әсеріне қатысты белгісіздік әлі де сақталып тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, тарифтердің көтерілуінің салдары жазда экономикалық статистикада көрініс беруі мүмкін.
«Нарықтар алдағы тоқсандарда бұл жағдай компаниялардың өсімі мен пайдасына қалай әсер ететінін түбегейлі бағалауға асығар емес, сондықтан біз ақпандағы жағдайға қайта оралғандаймыз», — деді Саглимбене.
«Жұмыспен қамту жөніндегі күшті есеп экономикадағы «баяу бәсеңдеу» тезисін растайды. Бүгінгі деректер оң, бірақ баж салығына қатысты белгісіздік сақталып отырғандықтан, жаздағы қатаң экономикалық көрсеткіштер жағдайды анық түсіну үшін аса маңызды болмақ», — деп атап өтті Janus Henderson Investors компаниясынан Адам Хеттс.
«Экономика толық қуатымен жұмыс істемесе де, айтарлықтай ақау белгілерін де байқатып отырған жоқ. Жұмыс нарығындағы жақсы есеп ФРЖ-ға аздаған уақыт ұттырып отыр, бірақ егер инфляция төмендей берсе, төраға Джером Пауэлл үшін қатаң ақша-несие саясатын қорғау қиынға соғады», — деді Bloomberg-ке eToro компаниясынан Брет Кенвелл.
«ФРЖ үшін мөлшерлемені төмендетуге қатысты шұғыл қажеттілік жоқ. Саудаға қатысты белгісіздік сейілгенше күту — саясаттағы қателік қаупін азайтады. Біз бірінші рет төмендетуді 2025 жылдың соңынан ерте күтпейміз», — деді Bloomberg-ке Principal Asset Management компаниясынан Сима Шах.
«Еңбек нарығындағы баяулау әзірге өте жұмсақ өтіп жатыр, тосын өзгеріссіз. Егер жұмыс орындарының өсім қарқыны осы деңгейде сақталса, ФРЖ «күтіп қарау» стратегиясын жалғастырады. Бүгінгі жұмыспен қамту есебінен кейін нарықтар жеңіл тыныс алды», — деп жазды LPL Financial компаниясының бас экономисі Джеффри Роуч.








