БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Tesla акционерлері шайқас алаңында қалды»: бұған қалай қараған жөн?

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
«Tesla акционерлері шайқас алаңында қалды»: бұған қалай қараған жөн?

Илон Маск пен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы жария жанжалға қатысты Уолл-стриттегі пікірлер екіге жарылды: бір тарап инвесторларға бұл «балаша айтысты» елемеуге және іргелі қаржылық көрсеткіштерге зейін қоюды ұсынады. Ал екінші тарап бұл жағдайдың компанияға теріс әсер етуі мүмкін екенін ескертеді, тіпті Tesla директорлар кеңесі Маскты бас директор қызметінен босату мәселесін қарастыруы мүмкін дейді.

Егжей-тегжейлі

— «Біз жағымсыздан сигналдан қарағанда, жағымды сигналдарды көбірек көріп отырмыз. Бұл конфликт  Маск пен Трамп арасындағы ма, әлде екі ел арасындағы ма — түбі ақылға қонымды шешім үстем болады», — деді CNBC эфирінде Strategy Asset Managers компаниясының бас директоры Том Хьюлик. Ол компания Tesla акцияларына иелік етеді. Оның айтуынша, бұл шиеленіс уақытша ғана, сондықтан инвесторларға бұл «балаша айтысты» елемеуге кеңес берді. Оның орнына Хьюлик инвесторларға АҚШ пен басқа елдердегі энергетикалық инфрақұрылымды дамыту секілді маңызды көрсеткіштерге, сондай-ақ Tesla компаниясының қаржылық нәтижелеріне зейін қоюға кеңес берді.

Медианың Маскқа көрсетіп отырған қысымына қарамастан, «Tesla-ның көптеген жағынан саланың көшбасшысы екенін жоққа шығара алмаймыз», — деп қосты топ-менеджер. «Tesla-ның болашағы компанияның алдағы табысына байланысты. Менің ойымша, ұзақ мерзімді перспективада электромобильдер секторының, әсіресе Tesla-ның әлеуеті өте жоғары. Біз қазіргі күйзеліс жағдайына байланып қалмаймыз», — деп түйіндеді Strategy Asset Managers компаниясының бас директоры.

— Tesla бойынша басты «бұқа» саналатын Wedbush сарапшысы Дэн Айвз те Маск пен Трамп арасындағы шиеленістің күшеюін «мектептегі достардың ұрысына» теңеді. «Маск пен Трамп бұл жағдайды шұғыл реттеуі керек, өйткені ол екі тарап үшін де тиімді емес, — деді ол CNBC нұсқасы бойынша. — Бұл текетірес Tesla мен автономды жүргізу технологияларының болашағына қатысты біздің оң бағамызды өзгертпейді, дегенмен ол реттеудің қалай жүретінін түсінуге айқын белгісіздік пен хаос әкеліп отыр. Өзімізді басқа бір шынайылыққа тап болғандай сезінеміз».

— «Компания АҚШ-ты қоса алғанда, үш негізгі өңірде де қиындықтарға тап болып отыр, — дейді автокөлік өнеркәсібіне маманданған ING Research аға экономисі Рико Луман. — Tesla өсімге қатысты өз амбициясын жүзеге асыру үшін ішкі, әрі басты нарығы саналатын АҚШ-та регуляторлық қолдау алуы қажет. Ал әкімшілікпен қарым-қатынастың ушығуы осыған кері әсер етуі мүмкін». Экономистің айтуынша, Масктың саяси белсенділігі Tesla-ға еш пайда әкелмеген, ал Трамппен арадағы қақтығыс жағдайды одан әрі ушықтырды. «Tesla-ның нарықтық құны болашақ өсімге деген үмітке негізделген (сатылым көлемін арттыру, автономды жүргізуді дамыту, роботтандыру секілді бағыттарды кеңейту)», — деп түсіндірді ол. Сонымен қатар, Луман компания акциялары бұған дейін-ақ өндіріс пен жеткізілім көрсеткіштерінің көңіл көншітпейтін нәтижелеріне байланысты қысымда болғанын атап өтті.

— Өткен жылы Tesla акциялары Маск пен Трамп арасындағы қарым-қатынастың нығаюы аясында өскенін AJ Bell инвестициялық директоры Расс Моулд еске салды. Оның айтуынша, сол кезде инвесторлар Tesla ерекше қолдауға ие болады деп үміттенген. Алайда қазір Трамп кәсіпкердің өмірін қиындатқысы келетін секілді. «Tesla акционерлері шайқас оратсында қалды, өйткені Маскқа қатысты кез келген жағдай автоконцерн акцияларына әсер етеді», — деді Моулд. Ол Масктың өткір мәлімдемелер жасауға бейімділігін Tesla акционерлері үшін «жүк» деп атап, оның компания басшысы ретіндегі қызметі қайта қаралуы мүмкін екенін айтты. «Маск жақында бес жыл бойы бас директор болып қала беремін деп уәде берді, бірақ егер ол жария арандатудан бас тарта алмаса, Tesla директорлар кеңесі оның болашағы жайлы шындап ойлана бастауы мүмкін», — деп түйіндеді Расс Моулд.

— Трамп пен Маск арасындағы конфликт Tesla акцияларына қосымша қысым түсіреді, деп санайды Future Fund басқарушы директоры Гэри Блэк. Ол жақында X платформасында өз қоры электромобиль өндірушісінің барлық қағаздарын сатқанын мәлімдеп, 5 маусымда Tesla-ны қолдайтын «бұқаларды» сынға алды. «Дәл осы бұқалар бірнеше ай бойы Маск пен Трамп альянсы федералды рәсімдерді жеңілдетіп, Tesla-ға бүкіл ел аумағында қадағалаусыз автономды жүргізу лицензиясын алуға жол ашады деп келді. Енді бұл сценарий өте күмәнді болып тұр», — деп жазды ол.

— Трамп пен Маск арасындағы конфликттің жалғасуы АҚШ пен Масктың компаниясы SpaceX арасындағы ынтымақтастыққа қауіп төндіруі мүмкін, дейді Rosenberg Research президенті әрі негізін қалаушы Дэвид Розенберг. Оның айтуынша, республикашылдар арасында бұл жағдайға скептицизммен қарайтын бір топ заң шығарушылар бар, және олардың көпшілігі Трамптың мемлекеттік шығындар туралы заңына қарсы Масктың ұстанымын қолдамау себебі ретінде ашық айтып жүр. «Ақыр соңында, Масктың әрекеттеріне қатысты туындаған саяси резонанс осы оқиғаның ең күрделі салдарына айналуы мүмкін», — деді Розенберг CNBC арнасындағы Squawk Box бағдарламасында.

Tesla акцияларының жай-күйі

6 маусымдағы саудада Tesla котировкалары 5%-дан аса күрт өсті, $299-ға дейін. Трейдерлер Трамп пен Маск арасындағы татуласу әңгімесін күтіп еді, бірақ президент CNN арнасына бұл әзірге болмайтынын айтты. Ал Ақ үй өкілі NBC арнасына президенттің қоңырауға «қызығушылығы жоқ» екенін хабарлады. Дегенмен басқа бір өкіл: «Кез келген нәрсе болуы мүмкін — бұл өте жағымсыз жағдайдың шешілгенін қалаймын», — деп мәлімдеді.

5 маусымдағы сауда сессиясының қорытындысы бойынша, Tesla котировкалары жария жанжал аясында 14%-дан астамға құлдырады. Компания нарықтық капитализациядан $150 млрд-тан астам жоғалтты — бұл Tesla акциялары тарихындағы ең нашар күн болды, деп жазады MarketWatch. Қақтығыс күшейе түскен сайын, опционмен сауда жасайтын трейдерлер «аю» позицияларын жаппай аша бастады. Бейсенбіде олар мұндай келісімшарттардың рекордтық санын — шамамен 4,01 млн жасаған, деп хабарлайды басылым Dow Jones Market Data деректеріне сілтеме жасап.

2025 жылдың басынан Tesla-ның нарықтық құны 26% минуста — бұл «Керемет жетілік» компаниялары ішіндегі ең нашар нәтиже.

Контекст

Миллиардер мен президент арасындағы конфликт 5 маусым, бейсенбі күні ушығып кетті. Осы аптада Маск электромобиль сатып алуға берілетін салықтық жеңілдіктерді алып тастауды көздейтін заң жобасын қатты сынға алды. 5 маусымда Трамп алғаш рет бұл сынға жария түрде жауап беріп, «Илонға қатты көңілім қалды» деп мәлімдеді. Бұл жағдай жария текетіреске ұласты: Tesla бас директоры әлеуметтік желіде өзі болмаса, «Трамп сайлауда жеңілер еді» деп жазды. Бұған жауап ретінде Трамп АҚШ бюджетінен миллиардтаған доллар үнемдеудің ең оңай жолы — «Илонға берілетін мемлекеттік субсидиялар мен келісімшарттарды тоқтату» болар еді деді. Дегенмен, президентті сынаған бірнеше жазбадан кейін Маск Трамппен татуласуға дайын екенін мәлімдеп, АҚШ-ты өзінің Dragon-ынан айырмайтынын айтты. Бұл — Халықаралық ғарыш станциясына астронавттарды жеткізу және жерге қайтару үшін АҚШ-та қолданылып жүрген жалғыз құрал.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары