Assassin’s Creed әзірлеушісі есепті кейінге шегеріп, сауданы тоқтатуды сұрады

Бейнеойын әзірлеуші Ubisoft студиясы жылдың бірінші жартысына арналған қаржылық нәтижелерін жариялауды кейінге қалдырып, өзінің акциясын 14 қарашадан бастап сауданы тоқтатуды сұрады. Компания қағазы 2025 жылы 49% арзандады. Assassin’s Creed, Star Wars Outlaws және Prince of Persia сияқты ойындарымен танылған Ubisoft соңғы уақытта бірқатар қиындықтарға тап болып отыр.
Егжей-тегжейлі
Ubisoft 2025–26 қаржы жылының алғашқы жартысына арналған нәтижелерді жариялау кешігетінін өз сайты арқылы хабарлады. Компания мәлімдемесінде мұндай шешімнің себебі көрсетілмеген. Онда Ubisoft Euronext биржасынан өзінің акциясы мен облигациясын 14 қараша, жұма күні нарық ашылған сәттен бастап және «алдағы күндері» жариялануы тиіс қаржылық нәтижелер шыққанға дейін сауданы тоқтатуды сұрағаны айтылған. Нақты мерзімдер компания тарапынан жарияланбады.
«Ubisoft сауданың қашан басталатыны жөнінде нарыққа қосымша хабарлайды», — делінген бейнеойын әзірлеушінің мәлімдемесінде.
Компания жасаған хабарлама Париждегі сауда жабылғаннан кейін пайда болды. Ubisoft акциясы сол күні 0,9% арзандап, €6,77-ға дейін түсті. Қағаз қазір 13 жыл ішіндегі ең төменгі деңгейге өте жақын тұр — бұл деңгейге олар 10 қарашада жеткен болатын.
Бейсенбі күні Ubisoft қаржы директоры Фредерик Дуге телефон арқылы өткізетін брифинг күтілген еді. Ол Париждегі сауда жабылар алдында, яғни қаржылық нәтижелер жарияланбай тұрып басталуы тиіс болатын. Алайда, қоңырау алдымен түсіндірмесіз кейінге шегеріліп, кейін мүлдем тоқтатылған, деп жазды Bloomberg.
Компанияның және оның акциясының ахуалы
Ubisoft акциясы 2025 жылдың басынан бері 48,5% арзандады. FactSet дерегінше, қағазға 11 аналитикалық рейтинг берілген, және жалпы көзқарас теріс: «Ұстау» (Hold) — 6, «сату» (Sell) — 2, ал сатып алуға (Buy және Overweight) — 4 кеңес берілді. Бірақ соған қарамастан, орташа мақсатты баға ағымдағы бағадан 51% жоғары.
Компания соңғы айларда бірқатар қиындықтарға тап болды, деп жазды Bloomberg. Мәселен, мамырда Ubisoft ең танымал ойын серияларын әзірлеуге көбірек уақыт қажет екенін мәлімдеп, ағымдағы қаржы жылында табыс өсімін күтпейтінін хабарлады. Ал өткен жылы студия Star Wars Outlaws ойынының салқын қабылдануынан кейін жаңа Assassin’s Creed Shadows ойынын шығару мерзімін кейінге шегерген еді.
2024 жылдың қазанында Ubisoft акциясы бір күнде үштен біріне шарықтап, 1996 жылғы IPO-дан бергі ең үлкен өсімді көрсетті. Бұған Bloomberg дереккөздерінің хабарлауынша, француз бейнеойын әзірлеушісінің миноритар акционерлері — қытайлық Tencent конгломераты және Ubisoft-тың негізін қалаған Гиймо әулеті студияның болашағына қатысты түрлі нұсқаларды, соның ішінде оны жеке компанияға айналдырып, толықтай сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқаны себеп болған. 2025 жылдың наурызында Ubisoft Assassin’s Creed, Far Cry және Tom Clancy’s Rainbow Six брендтері өтетін жаңа бөлімше құратынын жариялады. Осыдан кейін Tencent миноритар үлес алу үшін оған €1,16 млрд инвестиция салатынын мәлімдеді. Жаңа бөлімшенің (Enterprise Value) бағалауы сол кезде шамамен €4 млрд болған.








