AT&T АҚШ телеком нарығын «сілкіндіруі мүмкін» мәміле жасады. Акциялар не болды?

Америкалық мобильді оператор және интернет-провайдер AT&T EchoStar компаниясынан радиожиілік спектрі лицензияларын 23 млрд долларға сатып алуға келісімге келді. Бұл мәміле AT&T-ке 5G мен талшықты технологияларда позициясын күшейтуге, ал EchoStar-ға қаржылық жағдайын жақсартып, реттеушілермен мәселелерді шешуге көмектеспек. Дегенмен инвесторлардың реакциясы әртүрлі болды: Нью-Йорктегі сауда басында өскен AT&T акциялары кейін құлдырап кетті, ал EchoStar қағаздары 80%-дан артық қымбаттап, рекорд орнатты.
Егжей-тегжейі
AT&T 26 тамызда EchoStar-дан спутниктік байланыс саласындағы лицензияларды 23 млрд долларға сатып алу жоспарын жариялады. Мәміле барлық рұқсаттар алынғаннан кейін, 2026 жылдың ортасына дейін жабылады деп күтілуде.
Жаңалық шыққан күні AT&T акциялары сауда басында 0,8% көтерілсе де, кейін шамамен 1%-ға төмендеді. Керісінше, EchoStar қағаздары 84%-ға өсіп, биржадағы ең жоғарғы бағасына жетті. Инвесторлар бұл келісім компанияның қаржылық жағдайын едәуір жақсартады деп күтеді.
Barron’s пікірінше, AT&T мен EchoStar арасындағы мәміле АҚШ телекоммуникация секторын «сілкіндіруі мүмкін». Reuters атап өткендей, AT&T өсіп келе жатқан бәсекелестік аясында желісін нығайтуға ұмтылуда. Ол 400-ден астам нарықта лицензияларды пайдалану бойынша эксклюзивті құқық алады. Компания мұның арқасында «5G-ден талшықты шешімдерге дейінгі байланыс саласында көшбасшылығын сақтайды» деп отыр.
Тараптар желілік қызмет бойынша ынтымақтастықты да кеңейтті: EchoStar Boost Mobile брендімен қызметін жалғастырады, ал AT&T негізгі серіктесі болады.
Сонымен қатар, AT&T 2025 жылға арналған қаржылық болжамын растады. Келісімді қолма-қол қаражат және жаңа қарыздар есебінен қаржыландырады.
Сарапшылардың пікірі
Citi сарапшысы Майкл Роллинстың айтуынша, мәміле EchoStar-ға өз спектрін тиімдірек пайдаланып, табысқа айналдыруға мүмкіндік береді, ал AT&T үшін желілік жоспарларына плюс болады.
New Street Research сарапшысы Филип Бернетт EchoStar бұл спектр үшін өзі төлеген сомадан 9 млрд долларға, ал бағалау кезіндегі құнынан 5 млрд долларға қымбатқа сатқанын атап өтті. Оның бағалауы бойынша мәміле құны 1,5 млрд долларға төмен болғанымен, бәрібір жақсы көрсеткіш.
Simply Wall Street дерегінше, AT&T акциялары бағалау үлгілеріне сәйкес айтарлықтай төмен бағаланған. Инвесторлар тәуекелі жоғары активтерден кетіп, тұрақты дивиденд төлейтін қағаздарға көбірек көңіл бөлуде. AT&T табысы тек мобильді байланыс пен стримингтен емес, сонымен бірге реттеу аясындағы оң өзгерістерден де қолдау тауып отыр.
2025 жылы AT&T акциялары 25%-ға, ал EchoStar қағаздары сейсенбі күнгі өсімнен кейін жыл басымен салыстырғанда 134%-ға қымбаттады. MarketWatch дерегіне сүйенсек, AT&T бойынша 30 сарапшының 16-сы «сатып алуды», 10-ы «ұстап тұруды», 2-еуі «сатуды» ұсынады. EchoStar қағаздарын тоғыз сарапшы бағалаған: жетеуі «ұстау», екеуі «сатып алу» деп отыр.
Контекст
Мамыр айында АҚШ-тың Федералды байланыс комиссиясы (FCC) EchoStar-дың 5G жобаларына қатысты тексеріс бастаған. Маусымда компания облигациялар бойынша төлемдерді өткізіп алып, банкроттыққа өтініш беру мүмкіндігін қарастырды. Себеп ретінде FCC тергеуі салдарынан шешім қабылдау мүмкіндігінің шектелгенін атады.
Маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп EchoStar мен FCC басшысы Брендан Каррға лицензиялар бойынша ымыра табуды ұсынды.
EchoStar мәлімдемесінде AT&T-пен мәміле FCC-пен мәселелерді шешуге бағытталғанын айтты. Компания басшысы Хамид Ахаван: «Бұл келісім біздің қаржылық жағдайымызды нығайтады, ұзақ мерзімді табысқа жол ашады және инновация мен бәсекелестік қабілетімізді арттырады», — деді.








