БастыЖаңалықтар
Бөлісу

AT&T жылдық табыс болжамы төмен болды, бірақ акциялары неге қымбаттап жатыр?

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
AT&T жылдық табыс болжамы төмен болды, бірақ акциялары неге қымбаттап жатыр?

Ұялы байланыс операторы AT&T 2025 жылдың екінші тоқсаны бойынша есеп берді. Компания бір жылға арналған табыс болжамын өзгеріссіз қалдырды. Бірақ ол сарапшылар күткен деңгейден төмен болып шықты. Соған қарамастан, Нью-Йорк биржасындағы сауда кезінде AT&T акциялары сәл көтерілді. Инвесторлар жаңа абоненттер санының өсуі, табыстың артуы және бос ақша ағынына байланысты оң реакция танытты.

Егжей-тегжейі

AT&T компаниясы түзетілген пайда бір акцияға шаққанда 1,97–2,07 доллар аралығында болады деген бұрынғы болжамын растады. Алайда Bloomberg жазғандай, бұл көрсеткіш сарапшылардың ортақ болжамынан төмен. Олар бір акцияға 2,09 доллар табыс күткен.

Болжамның әлсіз болуына байланысты AT&T акциялары Нью-Йорк биржасындағы сауданың ашылуында 4 пайыздан астам арзандады. Бірақ инвесторлар оны дереу қайта сатып ала бастады. Күн ортасында акциялар 0,5 пайызға қымбаттап, 27,57 долларға жетті. Жыл басынан бері компания акциялары 21 пайызға өсті. Бұл – S&P 500 индексі мен телекоммуникациялық саланың басқа компанияларынан жоғары көрсеткіш.

Күткен деңгейден төмен болған болжам компанияның ұялы байланыс абоненттерінің едәуір өсуін көлеңкеде қалдырды. Есепке сәйкес, AT&T екінші тоқсанда 401 мың жаңа абонент қосқан. Бұл сарапшылар болжаған 301 мың көрсеткіштен жоғары. Сонымен қатар, осы тоқсанда клиенттерінің саны азайған негізгі бәсекелесі Verizon-мен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық бар.

Компания тағы не айтты?

Екінші тоқсан бойынша түзетілген таза табыс бір акцияға 0,54 долларға жетті. Бұл Уолл-стрит болжаған 0,52 доллардан жоғары. Жалпы табыс 3,4 пайызға өсіп, 30,8 миллиард доллар болды. Сарапшылар 30,4 миллиард доллар болады деп күткен. Еркін ақша ағыны – 4,4 миллиард доллар.

AT&T мобильді қызметтерден түсетін табыс пен пайда бойынша жылдық болжамын, сондай-ақ инвестициялық шығындар бойынша болжамын көтерді. Бірақ талшықты-оптикалық сегменттегі табыс өсімі бойынша болжамды қысқартты. 2025 жылы компания өз акцияларын 4 миллиард долларға дейін кері сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 1,3 миллиарды қазірдің өзінде жүзеге асқан.

Компания абоненттерді қалай тартып отыр?

АҚШ-тағы үш ірі ұялы байланыс операторларының ішіндегі ең кішісі болғанына қарамастан, AT&T қаңтарда іске қосқан «клиентке кепілдік» атты жаңа бағдарламасы арқылы Verizon-мен арадағы алшақтықты қысқартты. Бұл бағдарлама сенімді байланысқа, сапалы қызметке және смартфондарға тиімді ұсыныстарға кепілдік береді. Bloomberg жазғандай, бұл әсіресе инфляция жағдайында тұтынушылар үшін өзекті.

Компания үйге арналған интернет бағытын да дамытуда. Оның 5G желісі арқылы жұмыс істейтін Internet Air атты сымсыз байланыс қызметі 203 мың жаңа қолданушыны тартты. Бұл – нарық күткен 169 мың көрсеткіштен жоғары. Сонымен қатар, талшықты-оптикалық интернетке қосылған 243 мың жаңа абонент тіркелді.

Бұдан бөлек, AT&T Lumen Technologies компаниясының тұтынушыларға арналған бөлімін сатып алу арқылы кабельдік инфрақұрылымын кеңейтіп жатыр. Бұл бөлім оптикалық байланыс қызметін ұсынуға маманданған.

Сарапшылар не дейді?

AT&T акцияларын талдап отырған 29 сарапшының 18-і бұл қағаздарды сатып алуға кеңес береді (Buy немесе Overweight рейтингі). 10 сарапшы бейтарап көзқараста (Hold), ал біреуі ғана сатуға кеңес береді (Sell). Орташа мақсатты баға 22 шілдедегі жабылу бағасынан 9,5 пайызға жоғары.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары