Barclays Nvidia акцияларының бағасын 20%-ға көтерді

Жасанды интеллектке арналған процессорлардың әлемдегі жетекші өндірушісі Nvidia бұл саладағы көшбасшылығын одан әрі күшейте алады, ал оның акциялары тағы 35%-ға қымбаттауы мүмкін, деп есептейді Barclays. Банк компания қағаздарының бағасын көтеріп, Nvidia-ны ЖИ саласындағы белсенді келісімдер арқасында «ең тартымды» ойыншы деп атады.
Егжей-тегжейі
Barclays сарапшыларының пікірінше, ЖИ-дегі жарыс күшейіп жатқан тұста Nvidia басты бенефициарға айнала алады, деп жазады CNBC. Инвестбанк акциялардың мақсатты бағасын $200-ден $240-қа дейін көтерді. Бұл 24 қыркүйектегі жабылу бағасынан 35% жоғары.
«Алдағы бес жылда жасалған келісімдер Nvidia-ның қаржылық нәтижелеріне елеулі әсер етеді. Бұл негізгі көрсеткіштерді жақсартып, компанияны секторда тартымды ете түседі», — деді Barclays сарапшысы Том О’Мэлли.
25 қыркүйектегі саудада Nvidia акциялары бір сәтте 1,9%-ға өсті, кейін өсім 0,5%-ға дейін баяулады. 2025 жылдың басымен салыстырғанда олардың бағасы 32%-ға қымбат. Nvidia қазір әлемдегі ең қымбат жария компания, капитализациясы $4,3 трлн-нан асады.
Неге Barclays бағасын 20%-ға көтерді
Соңғы аптада Nvidia бірқатар ірі келісім жасады. Оның ішінде ChatGPT жасаушысы OpenAI-мен стратегиялық серіктестік бар, ол $100 млрд-қа дейін инвестицияны қамтиды. Сондай-ақ компания Alibaba-мен ЖИ шешімдерін әзірлеу үшін келісім жасасты. Қыркүйектің ортасында Nvidia Intel-ге 5 млрд $ инвестиция салуға келісті. Бұл келісімге сәйкес, Intel процессорлары Nvidia-ның ЖИ платформаларына біріктірілмек.
Наурыз айында Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг ЖИ инфрақұрылымын дамыту онжылдық соңына дейін 1 трлн $ көлемінде дата-орталық салуға әкелуі мүмкін дегенде Barclays сарапшылары күмәнмен қараған еді. Бірақ қазір олар бұл бағалау тым төмен болғанын мойындап отыр, деп жазады MarketWatch.
Barclays сарапшылары ЖИ инфрақұрылымына жоспарланған инвестициялар 2 трлн доллардан асады деп есептейді. Бұл шамамен 40 ГВт қуатқа тең. Оның 65–70%-ы есептеу ресурстары мен желілік жабдыққа жұмсалады. Сарапшылар «әзірленіп жатқан жаңа келісімдерді ескерсек, Хуангтың тамыздағы 3–4 трлн долларға дейін шығындар өседі деген болжамы әлдеқайда шынайы көрінеді» дейді.
Басқа сарапшылар не дейді?
LSEG дерегінше, Nvidia акцияларын 66 сарапшы бағалаған, олардың 60-ы сатып алуды ұсынады (Buy және Overweight).
Алайда OpenAI-мен 100 млрд $ келісім Уолл-стриттегі кейбір сарапшыларды алаңдатты. Олар мұны «көпіршік» белгісі және Nvidia үшін теріс нышан деп бағалады. Өйткені компания OpenAI-ға ақша береді, ал ол қаражатты қайтадан Nvidia-ның жабдығына жұмсайды. Бұл жағдай сарапшыларға «доткомдар көпіршігінің» дәуірін еске салды және келісімнің антимонополиялық талаптарға сәйкестігіне күмән тудырды.








