БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Соңғы үміт инвесторы»: Nvidia мен OpenAI мәмілесінде «көпіршік» қаупі бар ма

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
«Соңғы үміт инвесторы»: Nvidia мен OpenAI мәмілесінде «көпіршік» қаупі бар ма

Әлемдік ЖЖ-чиптер нарығының көшбасшысы Nvidia мен ChatGPT әзірлеушісі OpenAI арасындағы $100 млрд көлеміндегі мәміле Уолл-стриттегі аналитиктерді алаңдатты. Олар бұл мәміледе ықтимал «көпіршік» белгілерін және Nvidia үшін жағымсыз нышандарды көрді, себебі компания OpenAI-ға қаржы бөліп, ол қаржыны қайтадан Nvidia-ның өзінен құрал-жабдық сатып алуға жұмсамақ. Бұл жағдай аналитиктерге дотком дәуіріндегі тәжірибелерді еске салды және бұл мәміленің монополияға қарсы реттеуге қаншалықты сай келетініне қатысты күмән тудырды.

Егжей- тегжейлі

CNBC-дің жазуынша Nvidia чипмейкерінің OpenAI-ға дейін $100 млрд көлемінде инвестиция салуы кейбір инвесторлар үшін нарықта мүмкін болатын «көпіршіктің» белгісі ретінде қабылданды. Компания бұл қаржыны OpenAI-ға береді, ал ол өз кезегінде Nvidia чиптеріне негізделген дата-орталықтар салуды көздейді.

Бастапқыда нарық бұл мәмілені жасанды жады саласындағы раллидің жалғасуы ретінде қабылдап, индекстерді жаңа рекордтарға итермеледі, алайда CNBC телеарнасы мәміле енді өткендегі «қызу» циклдардың алаңдатарлық жаңғырығы ретінде көріне бастағанын атап өтті.

23 қыркүйектегі сауда барысында Nvidia акциялары бір сәтте 3,5%-ға дейін төмендеді және күнді 2,8% минуста аяқтады, дегенмен алдыңғы күні олар шамамен 4%-ға өскен еді. CNBC-дің жазуынша, инвесторлар арасында мәміленің салдары жайлы ойланушылар саны артып келеді.

Бұл неге «көпіршікке» ұқсайды?

CNBC-дің аналитиктерге сілтеме жасап жазуынша бұл әріптестік vendor financing (жеткізуші қаржыландыруы) ұғымына толық сай келеді — яғни, Nvidia OpenAI-ға қаржы береді, ал OpenAI сол қаржыға қайтадан Nvidia чиптерін сатып алады. Бұл – инвесторларды алаңдататын жайт.

«OpenAI енді өз жеткізушісіне үлесін сата отырып, инвестицияны қамтамасыз етпек. Басқаша айтқанда, Nvidia өз клиентінен үлес сатып алып, болашақ кірісті өзіне кепілдендіріп отыр. Жасанды жады технологияларына қатысты скептик болудың қажеті жоқ, бұл мәлімдеме бүкіл саланың қаншалықты өз-өзіне тәуелді болып кеткенінің дабылы. Егер Nvidia-ның өсуін сақтау үшін өз ақшасын өз кірісіне айналдыру қажет болса, онда бүкіл экожүйе өміршең болмауы мүмкін», — делінген CNBC келтірген Bespoke Investment Group клиенттерге арналған жазбасында.

CNBC атап өткендей, 1990-жылдардың соңында және 2000-жылдардың басында vendor financing тәжірибесі нарықтағы көпіршікті үрлеп, кейіннен оны құлатқан. Мысалы, телекоммуникациялық жабдық өндіруші Lucent Technologies сатылымды сақтау үшін Winstar Communications секілді шағын операторларға миллиардтаған доллар несие берген, олар сол ақшаға Lucent-тің өз өнімдерін сатып алған.

Антимонополиялық реттеу мәселесі

Reuters-тің мәліметінше Nvidia-ның бұл жаңа міндеттемесінің ауқымы антимонополиялық органдардың назарын аударуы мүмкін. АҚШ Әділет министрлігі мен Федералды сауда комиссиясы 2024 жылдың ортасында Microsoft, OpenAI және Nvidia-ның ЖЖ индустриясындағы рөлін тергеуге жол ашатын келісімге қол қойған болатын.

«Бұл мәміле Nvidia мен OpenAI-дың экономикалық мүдделерін өзгертіп жіберуі мүмкін, себебі ол Nvidia-ның чиптердегі монополиясын және OpenAI-дың бағдарламалық қамтудағы көшбасшылығын бекітеді. Бұл AMD секілді бәсекелестерге, сондай-ақ OpenAI-ға қарсы модельдерге масштабтау мүмкіндігін қиындатады», — деді Doyle, Barlow & Mazard компаниясының антимонополиялық заңгері Андре Барлоу.

Алайда, Reuters атап өткендей, қазіргі кезде Дональд Трамптың әкімшілігі Джо Байден үкіметімен салыстырғанда бәсекелестікке қатысты жұмсақ ұстанымда.

Басқа аналитиктердің пікірі қандай?

Bernstein компаниясының аналитиктері мәміле Nvidia үшін оң нәтижелер әкелуі мүмкін екенін айтқанымен, инвестицияның бір бөлігі қайтадан өз чиптерін сатып алуға кетуі мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді, деп жазады Reuters.

«Бір жағынан, бұл OpenAI-ға өзінің өте амбициялы есептеу инфрақұрылымы жоспарларын жүзеге асыруға көмектеседі және Nvidia-ға бұл қуаттардың шынымен салынатынына кепілдік береді. Екінші жағынан, бұған дейін де «шеңберлі қарым-қатынас» туралы сұрақтар көтерілген еді, енді бұл сұрақтар қайта жанданады», — деді Bernstein аналитигі Стейси Расгон.

Carnegie Investment Counsel зерттеу директоры Грег Халтер (Yahoo Finance келтірген): «Кейбіреулер жасанды интеллект саласында көпіршік болуы мүмкін деп алаңдаса да, Nvidia-ның инвестициясы ЖЖ-инфрақұрылымға сұраныс шынайы әрі өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр», — деді.

DA Davidson аналитигі Джил Лурия: «Бұл жаңалық OpenAI-дың масштабын кеңейту мүмкіндігін арттырады, бірақ бізді Nvidia-ның «соңғы үміт инвесторы» рөліне өтіп, OpenAI-ды шамадан тыс міндеттемелерден құтқаруға мәжбүр болуы алаңдатады», — деп жазды. Ол сондай-ақ: «OpenAI өз мүмкіндігінен әлдеқайда артық міндеттеме алып отыр», — деп толықтырды.

Freedom Finance сарапшылары Nvidia-ның тағы бір ірі мәмілесін еске салады: компания Intel-ге $5 млрд инвестиция салып, екі компания дата-орталықтар мен ДК-лерге арналған чиптер мен басқа компоненттерді бірлесіп әзірлемек. Бұл Nvidia-ның жеткізу тізбегіндегі вертикалды интеграцияны күшейтіп, AMD мен басқа бәсекелестерге қарсы клиенттерге анағұрлым бәсекеге қабілетті шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді, делінген Oninvest-тің иелігіндегі жазбада.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары