Басты жаңалықтар: Иран мен Израиль соғысындағы үзіліс, ЖИ-акцияларының болашағы

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль арасындағы атыстығ тоқтайтыны туралы жариялады. JPMorgan-ның бағалауынша Азиядағы технологиялық акциялар, әсіресе жартылай өткізгіштер секторында, 2025 жылы тағы 15–20%-ға өсуі мүмкін. Meta Scale AI-мен мәміле жасамас бұрын тағы бір жасанды интеллект стартапын сатып алуға қызығушылық танытты. Supermicro акциялары $2 млрд-қа айырбасталатын облигацияларды орналастыру туралы жаңалықтардан кейін 10%-ға төмендеді. Осы және басқа да жаңалықтар туралы — 24 маусым таңындағы басты оқиғалар шолуымызда.
Трамп Иран мен Израиль арасындағы атысты тоқтату туралы жариялады
Иран мен Израиль 12 күндік соғысты тоқтатуға жақын тұр, деп жазады Bloomberg. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың күтпеген жерден атысты тоқтату туралы мәлімдеме жасауы себеп болды. «Иран РЕСМИ ТҮРДЕ АТЫСТЫ ТОҚТАТУДЫ БАСТАЙДЫ, 12 сағаттан кейін Израиль де осылай етеді, ал 24 сағат ішінде бүкіл әлем 12 КҮНДІК СОҒЫСТЫҢ РЕСМИ АЯҚТАЛУЫНА КУӘ БОЛАДЫ», — деп жазды Трамп әлеуметтік желіде.
Израиль тарапы Трамптың мәлімдемесіне нақты жауап бермеді және атысты тоқтатудың нақты уақыты белгісіз. Дегенмен, жағдайдың бәсеңдеп келе жатқаны байқалады. Иран таңертеңгі шабуылдардан кейін Израильге қарсы әрекеттерді жалғастырмайтынын хабарлады. Израиль билігі түнде үнсіз қалса да, Ақ үйдің жоғары лауазымды өкілі Трамптың Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен атысты тоқтату туралы келіскенін растады. Израиль бұл келісімге тек Иран жаңа соққы жасамаса ғана келісетінін білдірді, ал Иран бұл шартты орындайтынын білдірді.
«Менің ойымша, бұл бітім ұзақмерзімді болады және соғыс расымен аяқталады, — деді бұрынғы АҚШ президенті Билл Клинтонның Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі болған, қазіргі уақытта Вашингтондағы Таяу Шығыс саясаты институтында жұмыс істейтін Деннис Росс. — Иранның жақын арада соғысты қайта бастауға мүддесі жоқ».
Meta Scale AI-мен мәміледен бұрын Runway стартапын сатып алғысы келді
Meta Scale AI-ге миллиардтаған инвестиция құюдан бұрын Runway деп аталатын жасанды интеллект стартапын сатып алу туралы келіссөздер жүргізген, деп хабарлады CNBC дереккөзі. Алайда келіссөздер алға жылжымаған. Meta түсініктеме беруден бас тартты.
Runway — видео генерациялауға арналған ЖИ құралдарымен танымал. Осы айда CNBC-дің Disruptor 50 тізіміне енді.
Meta-ның бас директоры Марк Цукерберг соңғы айларда ЖИ саласындағы өршіл жоспарларын белсенді түрде ілгерілетуде. Маусым айында компания Scale AI-ге $14,3 млрд инвестиция салды, сондай-ақ Safe Superintelligence және Perplexity AI стартаптарын сатып алу туралы келіссөздер жүргізді. Superintelligence стартапын сатып алу сәтсіз болғанымен, оның бас директоры Дэниел Гросс пен GitHub-тың бұрынғы басшысы Нат Фридман Meta командасына қосылып, Scale AI негізін қалаушы Александр Ванның жетекшілігімен ЖИ өнімдерімен айналысады.
Supermicro акциялары облигация жоспарынан кейін құлдырады
Super Micro Computer акциялары дүйсенбі күні 10%-ға жуық арзандады. Бұған сервер өндірушісінің 2030 жылы өтелетін $2 млрд айырбасталатын облигацияларды орналастыру жоспары себеп болды, деп жазады CNBC.
Жасанды интеллектке арналған Nvidia процессорларына сұраныстың артуымен Supermicro бизнесі айтарлықтай өсті. Компания тартылатын қаражатты «айналым қаражатын қаржыландыруды қоса алғанда, жалпы корпоративтік мақсаттарға» жұмсамақ. Сондай-ақ $200 млн-ды өз акцияларын қайтарып алуға бағыттамақ.
Дүйсенбідегі төмендеуге қарамастан, Supermicro акциялары 2025 жылдың басынан бері 40%-ға қымбат. Компания жаңа Nvidia, AMD және Intel чиптеріне бейімделе алатын серверлік жүйелерді тез өндіру қабілетімен ерекшеленеді. Мамыр айында Трамптың Таяу Шығысқа сапары кезінде Supermicro Сауд Арабиясындағы дата-орталыққа жабдық жеткізу бойынша ірі келісімшарт жасасты.
Raymond James сарапшылары мамыр айындағы есебінде: «Supermicro ЖИ-ге бейімделген инфрақұрылым нарығының көшбасшысына айналды», — деп жазды. Компания табысының 70%-ы ЖИ-мен байланысты бағыттардан түседі. Олар бұл акцияларды сатып алуға кеңес береді.
Наурыз-сәуір айларында сауда соғысы аясында инвесторлардың қызығушылығы төмендеді. Мамыр айында компания 2025 қаржы жылына арналған кіріс болжамын төмендетті және 2026 жылға арналған $40 млрд кіріс мақсатын растаудан бас тартты. Бұған кедендік баждар мен ЖИ чиптеріне қатысты белгісіздік себеп болды.
JPMorgan Азиядағы ЖИ-акцияларының өсуін болжайды
JPMorgan болжамына сәйкес Азиядағы технологиялық акциялар 2025 жылы тағы 15–20%-ға өсуі мүмкін. Бұл өсімге жасанды интеллектке деген жоғары қызығушылық түрткі болады, деп хабарлайды Bloomberg.
«2025 жылы дата-орталықтарға капиталдық шығындардың артуы және 2026 жылға деген сенімділіктің күшеюі ЖИ-дің өсімді басқаруын жалғастыратынына себеп, — деп жазды сарапшылар. — Алдағы үш айда ЖИ-акцияларынан капиталды қайта бөлуді ұсынбаймыз және нарық көшбасшыларымен бірге қалуды жөн көреміз».
ЖИ-компаниялары аймақтық нарықтың негізгі қозғаушы күштеріне айналуда. Бұған автоматтандыру мен генеративті технологияларға ішкі сұраныстың артуы ықпал етуде. Bloomberg-тің жартылай өткізгіштер индексі жыл басынан бері 12%-дан астам өсіп, Азия қор индексінен озып отыр. Ірі технологиялық компаниялардың ЖИ-жадқа деген тұрақты сұранысы одан әрі өсуге мүмкіндік береді.
JPMorgan-ның басты фавориттерінің қатарында өңірдің ірі чип өндірушілері — Taiwan Semiconductor Manufacturing Co., SK Hynix, Advantest және Delta Electronics бар. Сарапшылардың пікірінше бұл акциялар алдағы 12 айда қымбаттай береді, себебі сұраныс тұрақты, ал кіріс болжамдары үнемі жоғарылап отыр.
Нарықтағы ахуал
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль атысты тоқтату туралы келісімге келгенін мәлімдегеннен кейін Азия-Тынық мұхиты нарықтары сейсенбіде өсті.
— Жапонияның Nikkei 225 индексі 1,2%-ға, ал кең ауқымды Topix индексі 0,8%-ға өсті.
— Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 2,6%-ға, Kosdaq 2%-ға көтерілді.
— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,9%-ға өсті.
— Гонконгтағы Hang Seng индексі шамамен 2%-ға, Қытайдың CSI 300 индексі шамамен 1%-ға өсті.
— Трамптың мәлімдемесінен кейін америкалық акциялар фьючерстері де көтерілді: Dow Jones — 0,5%, S&P 500 — 0,6%, Nasdaq 100 — 0,8%.
Бұған дейін АҚШ-тың Иранға соққыларына Тегеранның жұмсақ жауап бергеніне байланысты инвесторлар тынышталған еді. Нәтижесінде, дүйсенбіде үш негізгі америкалық индекс те оң нәтижемен жабылды. Dow Jones 0,9%-ға өсіп, 42 581,78 деңгейінде жабылды. S&P 500 1%-ға жуық өсіп, 6025,17-ге жетті, ал Nasdaq Composite 0,9%-ға өсіп, 19 630,97-ні құрады.








