БастыReview
Бөлісу

Қорқыныш бағасы: Израиль мен Иран арасындағы соғыс мұнай бағасына қалай әсер етеді

Екатерина  Смирнова

Екатерина Смирнова

Қорқыныш бағасы: Израиль мен Иран арасындағы соғыс мұнай бағасына қалай әсер етеді

13 маусым күні таңсәріде Израиль әскери-әуе күштерінің жойғыш ұшақтары Иранға шабуыл жасады. Бұл әрекетке себеп болғаны — Тегеранның ядролық қару жасауға жақындағаны жөніндегі ақпараттар. Қазір қос тарап арасындағы шиеленістің күшейгеніне алтыншы күн. Таяу Шығыста басталған кез келген соғыс әрекеті мұнай бағасына дереу әсер етеді — бұл жолы да дәстүр бұзылған жоқ: шабуыл туралы жаңалық тараған соң Brent маркалы мұнайдың бағасы 13%-ға күрт өсіп, бір сәтте $78-ден асып түсті.

Сәрсенбі күні Brent баррелінің бағасы шамамен $75,6 болды. Сол күні бұл марканың Таяу Шығыстың негізгі эталоны болып саналатын Dubai crude мұнайымен салыстырғандағы үстеме бағасы $3-тен асты деп хабарлады Reuters нарық дереккөздеріне сілтеме жасап. Бұл — 2023 жылдың қыркүйек айының соңынан бергі ең жоғарғы деңгей. Сонымен қатар, осы аптадағы дүйсенбі күні алдағы айда жеткізілетін Brent фьючерсінің бағасы алты айдан кейінгі жеткізілімге арналған келісімшартпен салыстырғанда соңғы екі жыл ішіндегі ең биік көрсеткішке жеткен. Бұл жағдай нарықтағы ұсыныстың шектеулі болуына байланысты алаңдаушылықтың күшейгенін білдіреді. Fitch сарапшыларының айтуынша, геосаяси тәуекелдің мұнай бағасына қосылатын үстеме ақысы қазіргі таңда $5–10 аралығында.

«Қазір, өкінішке қарай, мұнай бағасын болжау мүлде мәнсіз — белгісіздік өте жоғары», — дейді New Energy Advancement Hub негізін қалаушысы және директоры Татьяна Митрова.

«Израиль мен Иран арасындағы соғысқа дейін мұнай бағасы төмендеп жатқан. Ол кезде негізгі интрига Сауд Арабиясының мұнай бағасын төмендетуге ниетті болуы, бұл арқылы АҚШ-тағы тақтатас мұнай өндірушілеріне қысым жасау еді. Енді, егер мұндай жоспарлар болса, олар, бәлкім, кейінге шегеріледі», — дейді Oninvest-тің сарапшысы, Arbat Capital компаниясының басқарушы директоры Алексей Голубович.

Оның айтуынша, қазіргі ең қызу талқыланып жатқан тақырып — Иранның Ормуз бұғазын жауып тастау мүмкіндігі.

«Осы алаңдаушылықтың салдарынан біз жұма күні мұнайдың бағасы $70-дан $78-ге дейін көтерілгенін көрдік, кейін ол $71-ге дейін түсті. Қазір бағасы $74-75 аралығында сақталып тұр, себебі алдағы бірнеше күнде бұғаздың жабылу ықтималдығы төмен. Қатысушы тараптар үшін Иран инфрақұрылымын жою тиімді емес. Сондықтан егер соғыс қазіргі қарқында жалғаса берсе, мұнай бағасы $70 пен $80 аралығында сақталуы ықтимал», — деді Голубович.

Astero Falcon портфельдік басқарушысы Алена Николаеваның айтуынша мұнай бағасы тұрақталды, себебі нарық ең басты нәрсені көрді: физикалық жеткізілімдерге әсер еткен жоқ. Ормуз бұғазы жұмыс істеп тұр, танкерлердің қозғалысы қалыпты деңгейге жақын. Оның айтуынша 15 маусым күні бұғаз арқылы 111 кеме өткен, ал қақтығысқа дейін бұл көрсеткіш 116 болған.

«Dubai crude маркалы мұнай Brent фьючерстерімен салыстырғанда азырақ қымбаттады. Бұл физикалық нарықтың үрейленбей жұмыс істеп тұрғанын білдіреді. Иә, Парсы шығанағында GPS сигналдары тұмандатылып жатыр, бірақ жеткізілімдер тоқтаған жоқ. Кемелер басқа бағыттарға бұрылмай жатыр, төтенше жағдай байқалмайды. Нарық қорқынышты бағалап, геосаяси эскалация үшін премия қойды, бірақ оны жылдам «жабуды» да ұмытқан жоқ», — дейді ол.

Оның айтуынша инвесторлар үшін маңызды тағы бір жайт — егер АҚШ бұл қақтығысқа тікелей араласпаса Иран ядролық келіссөздер үстеліне қайта отыруға дайын екені туралы ақпараттар пайда болды. Бұл да белгісіздікті азайтады. Қазіргі уақытта ғаламдық нарық үшін қақтығыс аяқталғандай: ең жаман сценарий — жеткізілімнің бұзылуы — болмады. Демек, бұл жаңа соғыс емес, ескі жанжалдың әдеттегі көрінісіне айналуы, дейді ол.

«Инвесторлар әлі нақты тапшылықты байқап отырған жоқ, бұл — тек шу мен жаңалық тақырыптары. Нарық болашаққа прагматикалық көзбен қарайды. Танкерлерге шабуыл немесе Ормуз бұғазының жабылуы болмағанша $80–$85 сценарийі кейінге қалады. Иә, $100 мұнай опциондары бар, бірақ бұл — негізгі сценарий емес. Негізгі сауда қазір $70–75 диапазонында жүріп жатыр. Егер нақты шок болса, нарық жедел жауап береді. Бірақ әзірге басты назар — қорлар, ОПЕК+ әрекеттері мен макростатистикада. Тіпті Дональд Трамптың G7 саммитінен кенет кетуі мен Тегераннан жедел эвакуация шақыруы шоу және «қарияның көрсеткен хайпы» ретінде қабылдануда. Логистикаға ауыр соққылар болмаған жағдайда, баға шогы кейінге қалдырылады», — деді Алена Николаева.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары