Saxo Bank Иран дағдарысы туралы: нарықтарға арналған үш сценарий

Таяу Шығыстағы жаңа шиеленіс толқыны жаһандық нарықтардың тепе-теңдігін бұзды. Saxo Bank-тің инвестициялық стратегиялар жөніндегі жетекшісі Якоб Фелькенкрон қазіргі геосаяси дағдарысқа нарықтың қалай әрекет етуі мүмкін екенін үш түрлі сценарий арқылы сипаттап, мұнай бағасы $100-ден асып, нарықтар ұзақ уақыт қысымда қалса да, инвесторлар өз портфелін қалай тұрақты сақтап қала алатынын түсіндіріп берді.
Мұнай тағы да қысым орталығында
Saxo Bank бағалауынша алдағы апталарда нарықтарға әсер ететін негізгі фактор — мұнай бағасының динамикасы болмақ. Қақтығыстың ушығуы аясында Brent бағасы 13 маусымдағы сауда барысында 14%-ға бір-ақ көтерілді — бұл Украинадағы соғыс басталғалы бері тіркелген ең ірі біркүндік өсім. Өсім Ормуз бұғазы арқылы өтетін жеткізілімдердің үзілу қаупінен туындады — бұл мұнайдың әлемдік жеткізілімінің шамамен 20%-ы өтетін аса маңызды логистикалық торап.
«Иран бұл маршрутты, тіпті уақытша болса да, жауып тастаса — баға күрт көтеріледі», — дейді Фелькенкрон. Оның айтуынша Тегерандағы мұнай инфрақұрылымына және «Оңтүстік Парс» кен орнына жасалған шабуылдар нарықтағы алаңдаушылықты күшейтті. Қақтығыс одан әрі ушығатын болса, мұнай бағасы барреліне $100-ден асып кетуі мүмкін.
Азия мен Еуропа ең осал аймақтар болып отыр. Азия елдерінің экономикалары Таяу Шығыстан импортталатын мұнайға қатты тәуелді, ал кез келген іркіліс жаһандық экономикалық өсімге әсер етуі мүмкін. Энергетикалық дағдарыстан толық айыға қоймаған Еуропа қайтадан қысым астында қалды. Энергетикалық тәуелсіздігі салыстырмалы түрде жоғары АҚШ та жаһандық инфляциялық ағымдар мен өзара байланысты нарықтар арқылы бұл жағдайды сезінеді.
Фелькенкрон атап өткендей, ұзақ уақыт жоғары деңгейде сақталатын мұнай бағасы ақша-кредит саясатын жұмсартуға арналған жоспарларды бұзуы мүмкін, бұл пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болып қалуына әкеледі, ал ол өз кезегінде, әсіресе өсуге бағытталған технологиялық секторлардағы акциялар бағасына кері әсер етеді.
Үш сценарий: қалыпқа келуден инфляциялық қысымға дейін
Saxo Bank стратегінің айтуынша алдағы апталардағы нарықтардың бағыты мұнай бағасының қозғалысына және орталық банктердің реакциясына байланысты болмақ. Saxo Bank үш ықтимал сценарийді бөліп көрсетеді — жұмсақ қалпына келуден ұзақ дағдарысқа дейін:
— Базалық сценарийде қақтығыс оқшауланады, ал құбылмалылық қысқа мерзімді сипатта болады. Нарықтар тұрақсыздықтың толқынын еңсеріп, біртіндеп тұрақтана бастайды. Энергия тасымалдаушылардың бағасы орташа деңгейде сақталып, қорғаныс активтері тұрақтылық көрсетеді, ал инвесторлардың жалпы көңіл күйі біртіндеп жақсарады.
— Негативті сценарийде аймақтық соғыс ушығып, мұнай бағасы барреліне $100-ден асады. Бұл жағдайда инфляция қаупі қайта пайда болады, ал орталық банктер пайыздық мөлшерлемелерді төмендету жоспарын қайта қарастырады. Жаһандық стагфляция қаупі күшейіп, бұл нарықтарға ұзақ мерзімді белгісіздік пен қысым әкеледі.
— Позитивті сценарийде тез дипломатиялық реттеу шиеленісті бәсеңдетеді. Бұл ең көп зардап шеккен салалардың қалпына келуін қолдап, инфляциялық қысымды азайтады және инвесторлардың оптимизмін күшейтеді. Осы жағдай аясында қор нарықтары мен тәуекел активтеріне сұраныс қайта жанданады.
Инвестор портфелін қалай тұрақты ұстауға болады: Saxo стратегиясы
Қай сценарий жүзеге асса да — шектеулі қақтығыс па, әлде толыққанды эскалация ма — Saxo Bank инвесторларды байыппен әрекет етуге және төмендегі негізгі қауіптерді бақылауға шақырады:
— Ормуз бұғазындағы жағдай: бұл бағыттағы жеткізілімдердің үзілуі мұнай бағасының күрт өсуіне, инфляцияның күшеюіне және экономиканың дестабилизациясына себеп болуы мүмкін;
— Аймақтық қақтығыстың дамуы: жаңа шабуылдар экономикалық салдарды күшейтеді;
— Киберсоғыс қаупі: Иран тарапынан кибершабуылдар жаһандық дүрбелең тудыруы мүмкін.
Фелькенкрон инвесторларға нарықтық күйзелістерге төзімді болуға көмектесетін бірнеше шараны ұсынады:
Сабыр сақтау және дүрлігуден туған жаппай сатылымдарға қатыспау.
Портфель құрылымын қайта қарап, қорғаныс бағытқа көшу — атап айтқанда, алтын, тұтыну секторы және денсаулық сақтау саласындағы компаниялардың акцияларына басымдық беру.
Dollar-Cost Averaging стратегиясын пайдалана отырып, жүйелі түрде инвестиция салу. Бұл — инвестордың нақты активке (мысалы, акция, криптовалюта, ETF) белгілі бір соманы тұрақты уақыт аралығында инвестициялау әдісі. Осылайша, орташа сатып алу бағасы теңгерімді болады, ал нарыққа сәтсіз кіру қаупі азаяды.








